Ағартушы Алма Оразбаева жайлы
Ағартушы Алма Оразбаева жайлы
Қазақ тарихына есімдері алтын әріптермен жазылған қайраткер ару қыздарымыз Сара Есова, Алма Оразбаева, Нағима Арықова, Шолпан Иманбаева, Нәзипа Құлжанова, Рәзия Меңдешова, Әмина Мәметова (Мәншүк Мәметованың анасы), Мүбина Ниязова сияқты ұлт тұлғаларын қазіргі өсіп келе жатқан жас толқынның бірі білсе, бірі білмейді. «Неге бұл есімдерді білмейсіңдер?» деп оларды кінәлауға да болмас. Уақыт өткен сайын бұл есімдердің естен шығып бара жатқаны заңдылық та шығар. Өйткені, қазіргі беймаза, дүрбелеңге толы уақыт басқаша, өмір құйыны жүйтки соғып, бір орында тұрмайды. Ал жыл өткен сайын біраз құндылықтар ұмытылуы да ықтимал. Жастардың санасында сол елеулі, қадірлі есімдер сақталуы үшін біз, алдыңғы толқын-лекте келе жатқан азаматтар, олардың есімдерін мезгіл-мезгіл жаңғыртып, еске алып тұрғанымыз абзал. Бүгінгі әңгіме ХХ ғасырдың басында елімізде әйел теңдігі қозғалысының негізін салушылардың бірі, мемлекет және қоғам қайраткері, Коминтерн мүшесі болған қазақ қызы, өмірінің соңғы 17 жылын Әулиеата – Жамбыл өңірінде өткізген Алма Дінмұхамедқызы Оразбаева жайлы болмақ.
1917 жылғы Ақпан төңкерісі күллі қазақ даласына, сонымен бірге Ордаға да үлкен дүмпу әкелді. Патшаның тақтан құлауы қазақ даласына үлкен үміт әкелді. Қазақ халқы бұл жаңалықтан үлкен өзгеріс күтті. Ал халқымыздың алдыңғы қатарлы оқыған көзі ашық зиялылары күрес жолына түсті. Олардың арасында Мадина Бегалиева, тіс дәрігері Мубина Ниязова сияқты қазақ қыздары да бар еді. Олар өздері сияқты Ордадағы қазақ қыздарының құқықтарын қорғау үшін күрес жолына түседі. Олар қаладағы қыздар мен әйелдерді жиналыстар мен митингілерге тарту үшін үй аралап, оларды әңгімеге тартып, қаланың қоғамдық өміріне белсене араласады. Осы үш қазақ қызының белсенді әрекетінің арқасында, Орда қаласында қазақтың қыз-келіншектеріне арналған жиналыстар тұрақты түрде өткізіле бастайды. Әрине, ол кезде қазақ даласына большевиктік ой-пікірлер келіп жетпеген болатын. Бұл жиналыстардың барлығында мәдени-әлеуметтік ағартушылық сипатындағы лекциялар оқылып, әйелдер гигиенасы, ана мен бала денсаулығын қорғау мәселелері айтылатын. Ордадағы бұл қозғалысқа қазақ тілін жақсы білетін дәрігер Добронравова¬ Прасковья Ивановна да атсалысып, медициналық тақырыптарға лекциялар оқиды. Ал мұғалім Князева Екатерина Ивановна мен Мәдина Бегалиева халыққа білім беру мәселелері бойынша, Алма Оразбаева қалыптасқан саяси жағдай мен әйелдер құқығы туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.
1919 жылы комсомол қатарына өтіп, сол жылдың маусымында қызыл әскердің Қазақстандағы тұңғыш саяси клубын ұйымдастырды. Сол жылы қараша айында Кирревкомның ақпараттық бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалды. 1920 жылы тамызда Орынбор губерниялық партия комитетінің жанынан құрылған қырғыз (қазақ) бөлімінің алқа мүшелігіне сайланды. 1920 жылғы қазанда Бүкілодақтың Құрылтай съезіне делегат болып сайланып, оның атқару комитетінің құрамына енді. Қазақ АКСР-ін құруға, өлкелік партия ұйымының жұмыстарына белсене кірісті. 1921 жылдың ақпанынан 1922 жылдың наурызына дейін Бөкей губкомының бөлім меңгерушілігі қызметін атқарып, облыстық, губерниялық партия конференцияларына қатысты. Бөкей ұйымынан Бүкілресейлік Шығыс әйелдерінің съезін өткізуге атсалысып, әйел теңдігі, оқу-ағарту мәселелерін шешуге, оларды қоғамдық жұмысқа тарту ісіне тікелей араласты. Қазақ облыстық және Қазақстан өлкелік комитетінің, БК(б)П Нижне-Волжск комитеті әйелдер арасындағы жұмыс жөніндегі бөлімінің меңгерушісі әрі бюро мүшесі, Қазақстан өлкелік саяси-ағарту бас басқармасының бөлім меңгерушісі болды. 1921 жылы мамырда өткен БК(б)П Бүкілодақтық жұмысшы әйелдердің Орт. ұйымы мәжілісіне қатысып, әйелдер қозғалысының атынан құттықтау сөз сөйледі. 1923 – 1925 жылы РКФСР Жоғарғы Сотының қазақ бөлімінің, РК(б)П ОК-тің жұмысшы және шаруа әйелдер арасындағы жұмыс жөніндегі комитеттің, БОАК-тің, Қазақ АКСР ОАК-тің төралқа мүшесі болып сайланды. Коммунист әйелдердің Берлинде өткен 3-халықаралық конференциясына, Коминтерннің 5-конгресіне делегат болып қатысты. 1931 жылы ауыр дертке шалдығуына байланысты зейнетке шықты. Ол «Степная правда», «Советская степь», «Еңбекші қазақ», «Жас қазақ», «Дұрыстық жолы» газеттеріне қазақ әйелдерінің қоғам ісіне араласуы, әйелдер арасындағы мәдени-ағарту жұмыстарының жүргізілу барысы, қалыңмал мәселелеріне арнап «Қазақ әйелдері даңғыл жол үстінде», «Қазақ әйелдерінің қалыңмалдан құтылған күні», «Октябрь революциясы және қырғыз әйелі», «Әйелдер бостандығы» т.б. мақалаларын жариялаған. Кейбір мақалалары «Қазақ әйелі», «Сағида» сияқты бүркеншек атпен жазылған. О. қазақ әндері мен күйлерін жинаған
А.Затаевичке өзінің орындауымен қазақтың «Жайық», «Қосай», «Танысу жыры», «Зейнешім», «Сарыжан», «Төрт пішін», «Айнамкөз», «Япыр-ай», «Қыз ұзату» («Қоштасу») сияқты барлығы 18 әннің «Қазақ халқының 1000 әні» жинағына енуіне мұрындық болды.
Алма Оразбаева және алғашқы қазақ қыздары арасынан шыққан тіс дәрігері. Мүбина Ниязова бастауыш білімді Хұсни-Жамал Нұрлыханова басқарған қазақ қыздарына арналған бастауыш училищеден алған көрінеді. Сайфулла Сүйінов бұл туралы: «Қазақ қыздарының оқуға деген қабілеті, ынта-зейіні, үлгерімі керемет болды» дейді кейіннен Орда мектептерінің оқу инспекторы болған Вознесенский. Иә, оның айтуы айна қатесіз шындық. Қазан төңкерісіне дейін жабылып қалмай жұмысын жалғастырып келген бұл мектеп түлектері арасынан шыққан қоғам қайраткерлері – Аққағаз Досжанова, Алма Оразбаева, қазақ қыздарынан тұңғыш металлургия инженері Мәдина Бегалиева, тұңғыш жоғары дәрежелі білімді адам дәрігері Мүбина Ниязова сияқты озық қазақ қыздары халқына қалтқысыз қызмет еткен» деп жазады (Сайфулла Сүйінов, «Бөкей ордасы», Алматы, «Өлке» баспасы, 2000 жыл).
Коминтерннің тапсырмасымен шет елдерде болып, саяси шараларға батыл араласқан Алма Оразбаева қазақ даласына ағартушылық іс-шараларды енгізген қайратты қыз атанды. Ол қазақ қыздарының арасынан Сара Есова, Нағима Арықова, Шолпан Иманбаева, Нәзипа Құлжанова, Рәзия Меңдешова, Аққағаз Досжанова сияқты бір топ қайраткер қыздарды тәрбиеледі. Оларды саяси өмірге араластырып, белсенділігін арттырып, әйел бостандығының туын жоғары көтеруге үйретті.
Алма Дінмұхамедқызы тек қазақ қыздарының көсемі ғана емес, бүкіл Шығыс қыздарының жарық жұлдызы бола білді. Шығыс елдерінің әйелдері арасынан жарқ етіп көкке көтерілген ол халықаралық әйелдер қозғалысына араласқан алғашқы қыз екенін осы жерде атап өткеніміз жөн. Ондай биікке, ондай дәрежеге бірде-бір Шығыс қыздары қол жеткізген емес. Ол Н.Крупская, А.Колантай, Инесса Арман сияқты саясаткер әйелдермен бірге жүріп, Лениннің сөзін естуі, партияның көрнекті қайраткері қатарына енуі – қазақ қызының басына берген зор бақыт еді.
1924 жылы 6 желтоқсанда Алма Оразбаеваның ұсынысымен Қазақстан Орталық Атқару комитетінің Президиумы қазақ әйелдерінің теңдік алған мереке күні деп жариялады. Жалынды, жігерлі жастың қабілетін таныған басшылық көп ұзамай Мәскеудегі Свердлов атындағы коммунистік университетке жолдама береді.
1928 жылы саяси көзқарасы қалыптасқан қазақ қызын партияның Орталық комитеті жоғары сенім білдіріп Саратовқа жіберіп, Повольже өлкелік компартия комитетінің бюро мүшесі әрі оның әйелдер бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалады. Отызға жетпеген қазақ қызының осындай жауапты қызметке көтерілуі, әрине, бекер емес еді. Ол теориялық жағынан әбден шыңдалған, өмір тәжірибесі мол, білімді ұйымдастырушы болғанынан осындай сенімге ие болды.
Алма апамыз 1926 жылы ОГПУ-дің комиссары болған Иван Каширин деген ұлты өзге азаматқа тұрмысқа шығады.
1929 жылы А.Оразбаева Коминтерннің тапсырмасымен Моңголияға іссапарға жіберіледі. Алыс жолға шығар алдында екі жасқа толған ұлын туған әпкесінің қызы Сақыпжамалдың қолына тапсырады. Ұлын көріп-кетіп жүрген әлгі чекист-күйеу бір күні арам ойға барып, Сақыпжамалдың басын айналдырып алады. Ұзақ сапардан отбасын сағынып, көтеріңкі көңілмен келген Алма апамыз үшін бұл теріс іс басына жай түскендей болады. Содан, ол жан күйзелісіне ұшырып, жүйке ауруына шалдығады. Дос-жарандары, қызметтес болған азаматттар жан-тәндерімен Алма Оразбаеваны кенеттен келген сырқатынан айықтырмақ болып Мәскеудің Кремль ауруханасына, Томск психиатрлық ауруханасына емдетеді. Өкінішке қарай, сол жабысқан дерт оның өмірлік қасіретіне айналады.
1931 жылы республикамыздың Әлеуметтік қамсыздандыру халық комиссариаты сырқат Алма Оразбаеваға 150 рубль көлемінде дербес зейнетақы белгілейді. Ал, 1935 жылы Қазақ АССР Орталық Атқару комитетінің төрағасы Ұ.Құлымбетовтің қаулысымен апамыздың зейнетақысы 300 рубль болып тағайындалады. Бұл зейнетақы оның сіңлісі Мәдина Омарова арқылы өмірінің соңғына дейін төленіп келген («Алматы ақшамы», 28.12.2013ж.).
Базбір мәліметтер бойынша, қазақтың аяулы қызы Алма Дінмұхамедқызы Оразбаева өмірінің 1931-1948 жылдарын біздің Жамбыл облысының Құлан аймағындағы Луговая стансасында, Октябрь көшесіндегі №150 үйде тұрған сіңілісі Мәдина Омарованың қолында өткізіп, 56 жасында, яғни 1948 жылы дүниеден өтіпті.
Айтушылар, оның ұлының бірі – 1926 жылы туған Сейітқали Оразбаев Қарағанды шахталарында көп жылдар бойы еңбек етті деген хабар бар. Ал Сақыпжамалдың бауырына басқан баласы «анасымен» бірге Мәскеуде тұрып келіпті. Ол туралы мәлімет жоқтың қасы...
Сағындық ОРДАБЕКОВ,
медицина ғылымдарының докторы, профессор