Жер сырын толғаған жаратылыстанушы

Жер сырын толғаған жаратылыстанушы

Жер сырын толғаған жаратылыстанушы
ашық дереккөзі
Табиғаттың сұлу құшағында, жер жәннаты Жетісудың дала сырлары мен көркем суреттерін, көз сүйсіндірер, көңіл тебірентер қаншама алуан түр-түстері мен сан түрлі бояуларын көкейіне мықтап тоқыған, иісі қазаққа мәлім аңыз тұлға, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Нұрмолда Алдабергенов пен әнші ақын, айтыстың ақтаңгері, Қазақ КСР-інің халық ақыны Қалқа Жапсарбаевтың өнерлі, өнегелі ауылында туып-өскен, даңқты аталарының жолын ұстанған саналы, парасатты, ұлт­жанды, қадірлі азаматтың бірегейі – екі мәрте Мемлекеттік сый­лықтың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, геог­рафия ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ұлт­тық ғылым академиясының география және су қауіпсіздігі институтының директоры Ахметқал Медеу Рахметоллаұлы туралы сыр шертпекпін. Өз басым Ахметқал мырзаны сонау 1985 жылдан бастап білемін. Көңі­лі­міз жарасқан, дәм-тұзымыз араласқан, қызық-қуанышқа ортақтасқан көрші бол­дық. Мұраттаспыз. Алтын балық үйіріндей едік-ау! Археолог Кемел Ақышев, тарихшы Ха­лел Арғынбаев, жазушы Дүкенбай Дос­жан, философ Ізбасар Ерғалиев, қоғам қай­рат­кері Асылы Османқызы, химик Отанбек Ал­мабеков, әдебиеттанушы Бақытжан Май­танов және т.с.с. ел зиялыларымен бірге ака­демияның үйінде тұрдық. Сұхбаттасу, әң­гімелесу ерекше бір дәстүр еді. Ахметқал өзінің еңбек жолында көптеген қиындықтар мен жетіс­тіктер­ді өткеріп, талай көкейкесті күр­делі мәселелерді шешіп, өзін білікті де білімді басшы ретінде де көрсете біліп 2001 жылдан қа­зірге уақытқа дейін «География және су қауіпсіздігі институты» АҚ Басқарма төра­ғасы қызметін атқарып отыр. Академик Ахметқал Медеу – конст­рук­тивті география, тұрақты даму теориясы, геоақпараттық картография, қауіп­ті геодинамикалық процестерді бас­қару мен қатерлерді теориясы сияқты көп са­ланы меңгерген ірі ғалым-географ. Ахметқал Рахметоллаұлының ғы­лыми қызығушылығы – қазіргі гео­мор­фогенез, сейсмотектоника, табиғи қауіп­тер, су қауіпсіздігі, атластық және та­қырыптық картографиялау, экология мә­селелері және тағы басқалар. География саласының дамуына қосқан еңбегі өте үлкен, солардың ішінде гео­­морфология саласында әртүрлі бағытты қам­титын кешенді зерттеу жасалды. Атақты та­нымал ғалым географ, геоморфолог, профес­сор Жандаев М.Ж. басшылығымен 1975 жылы әлі де геоморфологияның ше­шіл­меген мәселелерінің бірі болып отырған, өзенд­ерді ұстап қалу бойынша зерттеулер жа­салды. Медоев Г. Ц. және Сәрсенов А. С. бас­шылықтарымен бірге жұмыс істеп, Қа­зақстанның геоморфологиясы бойынша фун­даментальді еңбек жинақтау жүзеге асы­рылды. Нәтижесінде 1: 1 500 000 масш­табтағы «Геоморфологическая карта Казахстана» мен оларға түсіндірме ретінде басқа авторлармен бірге «Рельеф Казахстана» (1991 ж.) деп аталатын екі кітаптан тұратын монография шықты. 2001-2003 жылдары «Карта современных рельефообразующих процессов», «Геоморфологическая карта Джун­гарского Алатау», Қазақстан аумағын қам­тыған «Карта современной динамики рельефа Северной Евразии (в пределах России и сопредельных стран)» атты карта­лар құрастырылып, қазіргі жер бедерін қа­лыптастыратын процестерді бөлу мен кар­тографиялау принциптері жасалды. Сон­дай-ақ Іле Алатауы мен Іле-Балқаш ай­мағының жазық бөлігінің жер бедерін қа­лыптастырушы экзогенді процестердің кар­талар кешені құрастырылды. Жаңа тектоника және сейсмология облысында қауіпті процестердің жә­не де селдің қалыптасуына олардың қа­лай әсер ететіні бойынша зерттеу жүргізіп, бір­лескен авторлықпен Жоңғар Алатауы­ның жаңа тектоникасының (1982-1985 жж.) және де Солтүстік Тянь-Шань мен Жоң­ғар таулары мен тау алды аудандары­ның карталары құрастырылды. Көптеген жылдың ішінде Ахметқал Ме­деу қауіпті табиғи процестер бойын­ша да көп зерттеулер жасады. Сол­түс­тік Тянь-Шань, Жетісу Алатауы, Алтай және Тарбағатай таулары аймақтарындағы қауіп­ті процестерге (сел, жылжыма, опырылым) экспедициялық және камеральді зерт­теулер жасап, селдің қалыптасу жағ­дайы мен Қазақстанның сел қауіпі бар ау­мақ­тарын типтеу бойынша карталар кешені жасалды. Осы карталардың негізінде бір­лескен авторлықпен 1:1 000 000 масш­таб­тағы «Карта фоновой оценки селеопасности территории Казахской ССР» еңбегі баспаға шығып 1986 жылы кандидаттық диссертациясын қорғады. Ахметқал Медеудің докторлық диссертациясы да осы селді зерттеудің жаңа бағытымен, яғни сел процестерін басқарудың ғылыми және қолданбалы негіздерін ұсынумен байланысты. Жасалған зерттеулердің нәтижесінде Қа­зақстанның оңтүстік-шығыс таулы және тауал­ды аудандары мен жекелеген сел жүре­тін өзен аңғарларының сел қауіп-қатері бар ай­мақтарының ұсақ, орта және ірі масш­табтағы карталары құрастырылып, олар «Қазақстан Республикасының Ұлттық атласы» мен «Қазақстан Республикасының та­би­ғи және техногендік қауіптер мен төтен­ше жағдайлардың қатерлері атласына» енгізілді. Ахметқал Медеудің сел құбылыс­та­рын зерттеулері ақылға қонымды қа­ғиданы ұстана отырып анықталған және ба­ғаланған сел қатерлерін басқаруды білдіретін, сел қауіпсіздігін қамтамасыз етудің жаңа парадигмасының негізінде жасалған. Қазіргі таңда бұл әртүрлі масштабтағы табиғи қауіптерді, соның ішінде бірінші кезекте сел құбылыстары бойынша зерттеу нәтижелері Қазақстанның селден қорғау шараларын ұйымдастыру тәжірибесіне кеңінен енгізілген. Ахметқал Медеу өзі басқарып отыр­ған «География және су қауіпсіздігі институты» мамандарымен бірге су ресурс­тары саласында да біраз зерттеулер жүр­гізіп, үлкен ғылыми еңбектер жасалды. Ахметқалдың басшылығымен және тікелей қатысуымен «Қазақстан-2050» Стратегиясы контекстінде Қазақстан Республикасының су қауіпсіздігін қамтамасыз ету жайлы су қауіп­терін анықтау, «ресурс» пен «сұраныс­ты» басқаруды үйлестіретін жаңа парадигманы пайдалану арқылы су тапшылығын жою­дың фундаментальді жолдарын жасау негізінде ұлттық қауіпсіздіктің компоненті ретінде ерекше концепция жасалды. Осы жұ­мыстың нәтижесінде «Водные ресурсы Казахстана: оценка, прогноз, управление» атты 30 томдық монография баспаға шық­ты. Ахметқал Медеудің басшылығымен су қауіпсіздігі саласын зерттеу бары­сында елімізді тұрақты сумен қамтамасыз ету мақсатында ірі пәнаралық ғылыми-тех­никалық бағдарламалар жасалды. 2009-2011 жылдары Қазақстанның табиғи су ресурстарын бағалау мен болжау (Оценка ресурсов и прогноз использования природных вод Казахстана в условиях антропогенно и климатически обусловленных измене­ний), 2013 жылы су ресурстарын басқару (Государственной программы управления вод­ными ресурсами) 2014-2016 жылдары және 2015-2017 жылдары су қауіпсіздігі мен тұрақ­ты сумен қамтамасыз етумен (Водная безо­пасность Республики Казахстан: геопространственная информационная система «Водные ресурсы Казахстана и их исполь­зование», Водная безопасность Рес­пуб­лики Казахстан – стратегия устойчивого водообеспечения) байланысты зерттеу жұмыстары жасалса, 2018-2020 жылдары Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасының трансшекаралық өзен­дерінің алабындағы 2050 жылға дейінгі уақытта климаттық өзгерістер мен шаруа­шылық қызметтер жағдайында халықты және экономиканы тұрақты сумен қамтама­сыз етудің ғылыми-қолданбалы негізі қа­лан­ған үлкен жоба жасалды. Бұл фундаментальді және қолданбалы зерттеулер нәтижелері су ресурстарын басқарудың Мемлекеттік бағдар­ла­ма­ларын жасауда, ҚХР мемлекетаралық су бө­лісу бойынша келісімшарт жасау процес­теріне, Қазақстан Республикасының су ресурстарын бөлудің көпжылдық сценарийлерін жоспарлауда және де Көксарай су қой­ма­сының құрылысын жобалау мен салу­да қолданылды. Тақырыптық және атластық картография саласы бойынша жасау әдіс­темесі мен нәтижелері сәйкестендіріліп, ор­тақ бір мақсатқа біріктірілген картог­ра­фиялық өнімнің жүйесі ретінде Қазақстан Республикасы атластық картографиясының тұжырымдамасы жасалды. Бұл тұжырым­дама көп саланы қамтитын атластардың жиын­тығы түрінде жүзеге асты: 3 томнан тұра­тын ұлттық (табиғат, қоғам, елдің эко­логиясы), салалық (төтенше жағдайлар), ай­мақтық (Маңғыстау және Атырау облыс­тары) атластар. Атластық картография саласындағы фундаментальді зерттеулер тікелей Ахметқал Медеудің қатысуымен, басшы­лы­ғымен жасалғандықтан 2013 жылы ғылым мен техника саласындағы Мемлекеттік сый­лықты алса, 2019 жылы жоғарыда айты­лып өткен су қауіпсіздігіне байланысты жасалған зерттеулердің нәтижесі де мемлекетпен жоғары бағаланып, институттың басқа да ғалымдарымен бірге ұжым басшысы Ахметқал Медеу екінші рет әл-Фараби атын­дағы ғылым мен техника саласындағы Мем­лекеттік сыйлықтың иегері болды. Академик Ахметқал Медеудің негізгі зерттеу нәтижелері 200 ғылыми жұ­мыс­тарда жарияланған, соның ішінде 20 мо­нография 4 атлас және 2 географиялық атаулар сөздігі бар. Абай атамыз айтқандай, «Ұстазсыз шә­кірт – тұл, шәкіртсіз ұстаз – тұл» деген қағиданы ұстанып география ғылы­мы­ның тәжірибелі майталман маманы Ахмет­қал ұлағатты ұстаз ретінде де еңбек етіп, еліміздің ертеңі болатын жас ғалым­дардың білімге құштарлығын арттырып, қолдау көрсетті. Ахметқалдың тікелей жетекшілік етуімен 5 докторлық және 13 кан­дидаттық диссертация қорғалды. Ахметқал Медеу өз еңбек жолында тын­бай жұмыс істеп, институттың дамуына үлкен еңбегі сіңген басшы. Институтты заман талабына сай дамыту мақса­тында тұжырымдама ұсынып, «География институты» ЖШС негізінде жаңа ғылыми-зерт­теу мекемесі «География және су қауіп­сіздігі институты» акционерлік қоғамы құрылды. Ахметқал Медеу ғылыми зерттеу жұ­мыстарымен қатар қоғамдық қыз­меттерге де (ЮНЕСКО бойынша ҚР ұлттық комитетінің халықаралық гидрологиялық бағдарламасы төрағасы, ғылым академия­сының халықаралық ассоциациясының бірік­кен ғылыми кеңесінің жанындағы мүшесі, Қазақ­стан Қауіпсіздік кеңесінің сараптамалық кеңес мүшесі, Qazaq­Geography респуб­ликалық қоғамдық бір­лестігінің Басқарма төрағасы, ҚР Үкіметінің жоғары ғылыми-техникалық комиссия­сының мүшесі) белсене қатысып, білікті маман ретінде өз білімімен бөлісуде. «Басшы бастай білсе, бұқара қостай бі­леді» деп халық айтқандай, өз ұжымын бі­лік­ті басқарып отырған Ахметқал Медеу үл­кен еңбексүйгіштігімен және ғылымға шек­сіз берілгендігімен ерекшеленетін адам. Тә­жірибесі мол, іскер басшы. Ахметқал Медеу – Қазақстанның гео­морфология, су қауіпсіздігі және та­биғи қауіптер саласының алдыңғы қатар­лы ғалымы. Ахметқал Медеу – ғылым сала­сындағы беделі Қазақстан ғана емес, оның ше­гінде де мойындалған өзіндік орны бар ға­лым. Жеті белестің басына шыққан ғұла­ма географ, геоморфолог, су маманы Ахметқал Рахметоллаұлына шығарма­шы­лық шабыт, отбасылық бақыт, ұлы жұртымыз мекендеген ұлан-байтақ Жер-Анамыз­дың құт-берекесін тілеймін.  

Серік Негимов,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,

Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты,

филология ғылымдарының докторы,

профессор