Қандастардың азаматтық алуы неге қиындап тұр?
Қандастардың азаматтық алуы неге қиындап тұр?
Жаһанға жайылған індеттің алапаты әлі қайтар емес. Бұл пандемияның салқыны қазақ көшіне де тиіп отыр. Елімізде карантин талабы күшейгелі, дәлірек 2020 жылы наурыз айынан бастап, көш бәсеңдеді.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегіне сүйенсек, 2020 жылдың қорытындысы бойынша 13 мың этникалық қазақ тарихи Отанына оралып, қандас мәртебесін алған. Олардың көбі, яғни 53,1 пайызы Қытай елінен келген. Ал 31,3 пайызы – Өзбекстаннан, 8,7 пайызы – Түркіменстаннан, 3,7 пайызы – Моңғолиядан, 3,3 пайызы басқа елдерден келіпті. Көшіп келген ағайындар негізінен Алматы облысына 51,3 пайызы, Маңғыстау облысына 13,3 пайызы, Түркістан облысына 5,6 пайызы ал Нұр-Cұлтан қаласына 4,1 пайызы, Шымкент қаласына 3,9 пайызы қоныстанған екен.
2020 жылы 13 мың этникалық қазақ Қазақстанға көшіп келген болса, 2019 жылғымен салыстырғанда бұл көрсеткіш 4 мыңға аз. Яғни, 2019 жылы «қандас» мәртебесін 17,7 мың этникалық қазақ алған болатын. Бұл көрсеткіштерге қарап, шеттен көшіп келушілердің саны жыл сайын азайып бара жатқанын бағамдау қиын емес секілді.
Ал осы 2019-2020 жылдары атажұртқа көшіп келген ағайындардың ішінде әлі Қазақстан азаматтығын ала алмай жүргендер жетерлік. Көші-қон қызметі, Халыққа қызмет көрсету орталығы секілді құзырлы орындардан көңілі қалған ағайын амалсыз қоғамдық ұйымдарға немесе БАҚ өкілдеріне жүгінуде.
Аз болса да, мәз болмады
Қоғамда азаматтығы жоқ қандастарымыз әлі де көп екені жиі айтылады. Нақты бір-екі мәселеге тоқталып өтсек. Мәселен, Жайырбек Көлдібек 2020 жылы наурызда Қытай елінің Іле қазақ автономиялы облысы Тоғызтарау ауданынан Алматы облысы Шелек ауданына отбасымен көшіп келген. Сол келгеннен бастап Қазақстан азаматтығын алу үшін құжаттарын өткізген.
Шелек аудандық Халыққа қызмет көрсету орталығының қызметкері бұл кісілердің құжатын қабылдап алған. Одан кейін жылға жуық уақыт өткен соң, азаматтықтың жай-жапсарын білуге барса «әне шығады, міне шығады» деп мардымды жауап бермей келе жатқанын айтады.
Ол-ол ма, ал 2020 жылы Мейірбан Көлдібек есімді қандасымыз Алматы қаласы Ақпараттық технологиялық университетінде оқуға түскен. Жоғарғы оқу орнында білім алып жатқан студент ықтиярхатының мерзімі аяқталуға жақын екенін айтады. Екі апта ішінде азаматтығы шықпаса, оқу орны оған айыппұл төлейтінін айтып ескерту жасаған. Тіптен «Көші-қон полициясына хабарлап, Қазақстаннан депортациялатамыз» деген көрінеді.
Сонымен қатар Қытай елінен көшіп келген Қалбият Тұрсынгүл қандасымыздың да азаматтығы жоқ. Осындай азаматтық ала алмай қиналып жүрген қандастар Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының республикалық өкілі Қарлығаш Қожамұратоваға жағдайларын айтып, өтініш білдірген.
Үш азамат та жеке сәйкестендіру нөмірін (ЖСН) алған. ЖСН алғаннан кейін, ықтиярхатқа тапсырған. Ал ықтиярхаты шыққан соң, Қазақстан азаматтығы ең кемі 6 ай ішінде шығуы керек. Алайда олар әлі азаматтық ала алмай жүр.
– Қазір көш бұрынғыдай емес, баю. Сапырылысып келіп жатқан ел, қалың кезекте тұрған адам жоқ. Мұндай жасы келген кісіні бұлай сандалтып қоюға болмайды ғой. Мұның ар жағында бірдеңе дәмету секілді нәрсе болуы мүмкін. Сондықтан шеттен келген қандастар да, ондайға жол бермеуі керек, – дейді Қарлығаш Бекпатшақызы.
Ауғаннан келген ағайындар да құжатқа мұқтаж
2016 жылы Ауғанстанның Құндыз қаласынан Алматы облысы Қарасай ауданы Қаскелең ауылына көшіп келген қандасымыз Имамали Қазақ 5 жылдан бері азаматтық ала алмай жүр.
– Біз Ауғанстаннан екі отбасы көшіп келдік. Екі отбасында барлығы 15 адам бар еді. Бізбен бірге келген отбасының әйелі босана алмай өмірден өтті. Менің де жарым – Нәзбила Қазақ небары 35 жасында науқастан қайтыс болды. Қазір бес баламен үйде отырмын. Әрине, Алладан келген ажал дегенмен, «ең құрыса дәрігерге қаралса қайтер еді?» деп арманда қалдық. «Азаматтықтарың жоқ» деп дәрігерлер қарамады, – дейді қандасымыз Имамали Қазақ.
Әрине, әр елдің заңы әртүрлі. Мысалы, Қазақстан паспортында ұлты көрсетіледі. Ал Ауғанстан төлқұжатында тілі көрсетіледі екен. Имамали Қазақтың «таскирасында» тілі қазақ деп анық жазылған. Алайда оның айтуынша, Көші-қон қызметі ол уәжіне де иланбаған.
Ал бұған байланысты Қазақстан Ішкі істер министрлігі Көші-қон қызметі комитеті төрағасының орынбасары Сабыржан Сейтжанов БАҚ өкілдеріне берген түсіндірмесінде былай дейді: «Ауғанстанда туу туралы куәлік бар. Оны «таскира» дейді. Осы да жеткілікті. Егер ол кісілер елшіліктен таскира әкеліп ұсынса, [азаматтық] береді».
– Иран, Түркия, Ауғанстан және Араб елдерінен келетін қандастар азаматтық алу кезінде ұлтының қазақ екенін растай алмай қиналады. Иран елінде ұлты қазақ деген анықтаманы мешіт имамы береді. Себебі Иран Ислам Респубикасы – діни мемлекет. Ал біздің құзырлы орын оны құжат ретінде қабылдамайды. Өйткені бізде мешіт ресми орын емес. Осы секілді мәселе көп. Оның бір ғана шешу жолы бар. Ол – қандастар атажұртқа көшер кезде сол жердегі Қазақстан консулынан ұлты қазақ екенін растайтын анықтама алып келуі қажет. Қазақстан консудығы олардан жеті атасын сұрап, тіліне қарап, ұлты қазақ деген анықтама беруге болар еді. Онда мұндай келеңсіздік туындамас еді, – дейді «Отандастар қоры» КЕАҚ-ның баспасөз хатшысы, журналист Еркін Байғабылұлы.
Имамали Қазақтың азаматтығы жоқ еш жер жұмысқа алмайды. Жұмыс табылғанымен шиеттей бес балаға қарауы керек. Сондықтан олар қазір көрші-қолаң, туған-туыстың қайырымдылық көмегімен күнін көріп отыр.