Жаңалықтар

Жанарбек Ақби, альпинист: Гималайға бергісіз арман-шыңымды бағындырдым

ашық дереккөзі

Жанарбек Ақби, альпинист: Гималайға бергісіз арман-шыңымды бағындырдым

Жанарбек Ақби – альпинист, этнограф, шежіреші. Моңғо­лия­ның Баян-Өлгей аймағы Сақсай сұмынында туған. Еура­зия­дағы көптеген тау шыңдарын бағындырған альпинизмнің халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Моңғолияның ең биік тауы Алтай Бесбоғданың 4 374 метр биік шыңы Хүйтэнге 56 рет, Малчин шыңына 85 рет, Достық шыңына 12 рет табан тіреп, Моңғол елінің екін­ші биігі аталған 4 200 метр биік Цамбагарав шыңына 30-дан астам рет шыққан. Алтайдың мәңгі мұзтауы Мөнххайрхан, Сайыр, Цэнгэл-Хайр­хан шыңдарын бір­неше мәрте, РФ Алтай  Республикасының ең биігі –  Белуха (Мұзтау) шы­ңын екі рет бағындырған. Сонымен қатар әлемдегі жеті биіктің бірі – Қап тауындағы теңіз деңгейінен 5 642 метр биіктікте ор­наласқан Эльбрус шыңына да із қалдырған. – «Ұлытауға шықтың ба?» деген қа­зақ­та сөз бар ғой... – Рас, Ұлытау киелі жер. Альпинистер тау­ға аласа яки биік деп қарамайды. Кейде тау­шылар аласа тауға оп-оңай шығамын деп мерт болған оқиғалар көп. Гималайға шық­қа­ным сол болсын, Ұлытауға бір шықсам деп армандап жүрмін. – Гималайға неге шықпадыңыз? – Шыққым келді. Тибеттегі әлем шыңы – Гималайдан пайдалы бизнес істеп отырған­дар бар. Қомақты қаржы беріп рұқсат алған соң барып шығуға болады. Сондықтан оған екі­нің бірі шыға бермейді. Кезінде шығуға бел будым. Сол кездегі бағамен Гималайға шығу үшін 70 мың АҚШ долларын төлеп рұқсат алатын еді, ол кезде менде ондай қаржы болмады. 2003 жылы Қазақстан «Ел арна» телеарнасының ұсынысымен «Сізді ха­барға шығарайық, бәлкім, демеуші та­бы­лып қалар» деп тікелей  хабарға шақырды. Бі­рақ қаржы табылмады. Қазір өкінбеймін. Есе­сіне көп қазақтарды тау спортына тарт­тым. Қазақ ғаламторы  жанданған кезде тауға шығудың денсаулыққа пайдасы туралы көп мағлұмат бердім. «Қазақ хандығының 550 жылдығына» орай «550 тауға шығу»  жобасын 12 елдегі қазақтармен бірге сәтті ұйым­дас­тырдым. Одан кейін «Тәуелсіздіктің 25 жыл­дығына» орай, бір жылда 25 тауға шығу жобасын бастап, әкімнен қарапайым мал­шыға дейін қатыстырдым. Бұл жобаны Қа­зақстан Ұлттық телеарнасының тілшісі Берік Көшербай мырза арнайы Баян-Өлгейге келіп, тікелей хабар таратты. Шетте жүрсек те, Қа­зақ­стан Тәуелсіздігіне қосқан үлесіміз ре­тін­де, осындай тарту жасадық. Осыдан кейін қа­зақ жастарының тау спортына деген құл­шы­нысы арта түсті. Міне, мен Гималайға бер­гі­сіз арман-шыңымды осылай бағындырдым! – Жазушы Оралхан Бөкей жазған Мұз­тауға шықтыңыз. Ең биік шыңынан не көр­діңіз? – Көрдім! Бұл Мұзтау Қазақстанның шы­ғысы, Ресейдің ең биік тауы – Белуха екі ел­дің шекара сызығы түйісетін тұста. Бір рет Ре­сей жағынан шықтым. Себебі тауға қолай­лы жол Ресей жағында. Алайда ол күні қатты тұман болып, фотоға түсіре алмадым. Мұз­тау­ды орыстар туризмнің көзіне жақсы ай­нал­дырды. Алтайдың бір биігі Ресейде қал­ғанын көріп, құз басында көңілім бір құла­зыды. Қазір орыс халқы әлем туризмімен бірі­гіп, ауқымды жұмыс істеп отыр. Белухаға ке­лесі жолы туристерді ертіп, тағы да табан тіредім.  Ол ежелгі найман мен керейдің түп қазығы болған киелі тау еді. Бірақ Мұзтауға шыққанда Алтай тауының ең биік шыңын бағындырдым деген сезім болған жоқ... Кейін Мұзтауға Қазақстан жағынан шығатын жолды іздеп көргім келді. Бәлкім, төте жолы табылса туризмнің әп-сәтте ошағына айлан­дыруға болар еді. Бірақ бірлесіп жұмыс істей­тін адам табылмады. Қазақ еліндегі табысы мол тау туризмінің көбін орыс жігіттері иеленіп отыр. Бір бай­қа­ғаным бұл туризм саласына қазақтар енді-енді қызыға бастаған сияқты. Менің арма­ным – қазақ өз биігінде тұрса деймін. – Альпинистігіңізден өзге, тарих жай­лы да айтарыңыз көп. Қазір не істеп жүр­сіз? – Баян-Өлгей аймағын орнатқан алғаш­қы басшы (әкім) Жеңісхан Дүзелбайұлына ар­нап, Өлгейдегі Орталық мұражайдың ал­дына мүсінін орнатысып,  «Ғибратты ғұмыр» деген кітап жазып шығардым. Осы кітаптан кейін әлемнің көптеген еліне шашырап кет­кен ағайындардың тарихи шежіресін то­лық­тырып жаздым. Осы кезде әр жердегі қазы­на­лы қарияларды тауып, өткен шежірені өзі­­­міз­ше талқылап, тарих жө­нін­дегі түсінігім кеңейді. Жас кезімде тауға көп шық­тым. Өмірім­нің мәні тау секілді сезілетін. Қазір жасымыз да келіп қалды. Тарихи эт­но­гра­­фиялық кітап жазу­мен ай­налысқым келеді. Іздену, оқу үстіндемін. Өзіме-өзім жоспар жа­сап, күнде кітап оқып әр сауал­ға өзімше жауап іздеймін. Әрине, денсаулық болса әр сағат сайын тауға жүгіріп шыққым ке­леді. Тау деген  шамаңа қарап шабатын спорт. – Бүгінде қай тауға шықсам деп ар­ман­­дайсыз? – Атамекен Қазақстан аумағындағы әр тау­дың биік яки аласасына қарамай, бәріне шық­қым келеді. Кейде сол таулар шақырып тұр­ғандай болады.  Содан болар түні бойы көз ілмей, дөңбекшіп шығамын. – Атажұртқа айтарыңыз? – Бұрын елге  хат жазғанда, оның жауабы үш айдан соң келуші еді. Қазір Құдайға шүкір атажұрттағы жаңалықтар жүрегімнің соғы­сынан жылдам жетеді. Бәрін оқып, көріп отыра­мыз.  Қазақстан шеттегі қазақ жаста­рын оқытумен жақсы айналысып жатыр. Бұл – өте құптарлық іс. Бірақ көш тоқырап қал­ды. Көші-қон қайта жанданады деген үміт­те­мін. Қазақ жеріне көз алартып отырғандар бар­шылық. Қай мемлекеттің болсын, бай­лығы – адам. Материалдық құндылық емес. Сон­дықтан «Қазақстан» деп аты айтып тұр­ғандай, қазақтар сол елдің басты байлығы деп білемін...

Әңгімелескен

Бақытбек ҚАДЫР