Жанарбек Ақби, альпинист: Гималайға бергісіз арман-шыңымды бағындырдым

Жанарбек Ақби, альпинист: Гималайға бергісіз арман-шыңымды бағындырдым

Жанарбек Ақби, альпинист: Гималайға бергісіз арман-шыңымды бағындырдым
ашық дереккөзі
Жанарбек Ақби – альпинист, этнограф, шежіреші. Моңғо­лия­ның Баян-Өлгей аймағы Сақсай сұмынында туған. Еура­зия­дағы көптеген тау шыңдарын бағындырған альпинизмнің халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Моңғолияның ең биік тауы Алтай Бесбоғданың 4 374 метр биік шыңы Хүйтэнге 56 рет, Малчин шыңына 85 рет, Достық шыңына 12 рет табан тіреп, Моңғол елінің екін­ші биігі аталған 4 200 метр биік Цамбагарав шыңына 30-дан астам рет шыққан. Алтайдың мәңгі мұзтауы Мөнххайрхан, Сайыр, Цэнгэл-Хайр­хан шыңдарын бір­неше мәрте, РФ Алтай  Республикасының ең биігі –  Белуха (Мұзтау) шы­ңын екі рет бағындырған. Сонымен қатар әлемдегі жеті биіктің бірі – Қап тауындағы теңіз деңгейінен 5 642 метр биіктікте ор­наласқан Эльбрус шыңына да із қалдырған.  width= Ол 1998 жылдардан бастап Моңғол еліне туристік сапармен келген, әлемнің 30 елінің альпинистерін бастап, Алтай тауларының ең биік мұзартына шығарып, осы саланы жандандырған алғашқылардың бірі. Оның еңбегін Моңғол елі жоғары бағалап, президенттің жарлығымен мемлекеттік «Алтын жұлдыз» ордені және «Еңбек құрмет» медальдарымен марапатталған. Қазір   Жанарбек Ақби Өлгей қалалық №1 мектепте дене шынықтыру пәнінен сабақ береді. «Спорт, туризм және білім» саласының үздігі. Атажұрттан жырақта жүрген қанда­сы­мызға хабарласып әңгімеге тартқан едік. – Алтай тауларының ең биік шыңы – Алтай Бесбоғда тауына әр шыққан сайын не көресіз? – Ол – Алтай Бесбоғда тауының құпиясы де­сек те болады. Яғни,  Моңғолияға турис­терді магнитше тартып тұрған киелі тау. Сон­дықтан оның басына шыққанда, көрі­не­тін көріністі барып тамашалау керек. Ол биік­ке шыққанда алған әсерді сөзбен жеткізу қиын. Ал былай қарасаң, мыңжылдықтардың тоңы сірескен көк мұз ғана. Кәдімгі тау. – Моңғолия президенттері мәртебелі қызметке кіріскеннен кейін, бірден Алтай Бесбоғда тауына шығып қайтады екен. Мұның қандай сыры бар? – Моңғолияның батыс өлкесіндегі моң­ғол текті ұсақ ұлттар мен қазақ ұлты шоғыр­лан­ған Баян-Өлгей аймағының территория­сын­да Моңғолияның ең биігі – Алтай Бес­боғда мұзарты шыңы бар.  Бесбоғда деген сөз Бес тәңірі деген мағына береді.  Мысалы, Алатаудағы Хантәңірі деген секілді. Моңғол Алтай тауының ең биігі болған соң, мемлекет басшылары өзінің күш-қуатын көрсеткісі келген болар, әлде күш-қуат алғысы келетін болар, әйтеуір осы тауға шығады. Бәлкім, елін биіктен бір көріп ал­ғысы келетін болуы керек. Жол бастаушы әрі қорғаушы ретінде Моңғолия президенттерін шың басына аман-есен шығуына атсалыстым. Шыңғысхан дәуірінен бергі 800 жылдық мерейтойын атап өту кезінде Моңғол елінің 3-президенті Н.Энхбаяр мырзаны Алтай Бесбоғда шыңына алып шықтым. Одан кейінгі бір президент бұл жерді буд­да дініне сәйкестендіріп Алтай Бес­боғ­даны киелі жерлердің санатына қосып, ете­гіне табынатын тас обасын үйді. Бұрын әлем ту­ристері осы жерге көп келу­ші еді. Қазір Алтай Бесбоғдаға дейінгі аралықта жол жоқ. Ор­талықтан шалғай батыс өл­ке болса да әртүрлі көлікпен моң­ғол ағайындар ағылып ке­ліп табынатын киелі жер бо­лып шыға келді. Мұның да бір саяси мәні бар шығар. Мүм­кін, кең жерді иеленген Моң­ғолия халқы өз жерінде еркін саяхаттап, ел байрағын биік­те желбіретіп, ел рухын кө­терудің тәсілі секілді. – Қазақстанда да біраз тау шыңдарын бағындыр­ған көрінесіз... – Иә, «Азия Тау Федера­ция­сының» (ASMF) шешімімен жыл сайын бір елдің тауына Азия таушыларын бағыттап оты­рады. Осы федерацияның бағ­дарламасы аясында 2003 жылы Қазақстаның Тянь-Шань тау жотасындағы 6 400 биік Марамалская стена  шыңын бағын­ды­рып қайтқан едім. 2010 жылы Семейлік бло­гер Тоты Атышеваның ұйымдастыруымен Се­мей телеарнасымен бірлесіп, ұлы Абай ме­кендеген Шыңғыстау өңірін, Семей тау­ларын армансыз ара­лап қайттым. 2010 жылы сая­сат­кер Ерлан Қариннің жобасымен Ерей­ментаудағы балбал тас­тар­ды көрдім. – Президент кеңесшісі Ер­лан Қа­рин­мен бірге Моң­ғолия жеріндегі балбал тас­тарды суретке түсірдіңіздер. Сол туралы айтып берсеңіз? – 2010 жылы саясаткер Ерлан Қа­рин мыр­за Баян-Өлгей топыра­ғы­на келді. Мақ­саты – бал­бал тас­тарды суретке түсіріп, атлас шы­ғару екен. 3-4 жыл қатарынан келіп, баба­лар ізі қал­ған балбал тастарды фотоға түсір­ді. Бұл ретте Ерекең өте табанды жұмыс іс­те­ді. Ерлан Қа­рин тау асып, тас басып, су кешіп,  жанкеш­тілік­пен түсірген фотолары ел кәде­сіне жа­рады.  width= – «Ұлытауға шықтың ба?» деген қа­зақ­та сөз бар ғой... – Рас, Ұлытау киелі жер. Альпинистер тау­ға аласа яки биік деп қарамайды. Кейде тау­шылар аласа тауға оп-оңай шығамын деп мерт болған оқиғалар көп. Гималайға шық­қа­ным сол болсын, Ұлытауға бір шықсам деп армандап жүрмін. – Гималайға неге шықпадыңыз? – Шыққым келді. Тибеттегі әлем шыңы – Гималайдан пайдалы бизнес істеп отырған­дар бар. Қомақты қаржы беріп рұқсат алған соң барып шығуға болады. Сондықтан оған екі­нің бірі шыға бермейді. Кезінде шығуға бел будым. Сол кездегі бағамен Гималайға шығу үшін 70 мың АҚШ долларын төлеп рұқсат алатын еді, ол кезде менде ондай қаржы болмады. 2003 жылы Қазақстан «Ел арна» телеарнасының ұсынысымен «Сізді ха­барға шығарайық, бәлкім, демеуші та­бы­лып қалар» деп тікелей  хабарға шақырды. Бі­рақ қаржы табылмады. Қазір өкінбеймін. Есе­сіне көп қазақтарды тау спортына тарт­тым. Қазақ ғаламторы  жанданған кезде тауға шығудың денсаулыққа пайдасы туралы көп мағлұмат бердім. «Қазақ хандығының 550 жылдығына» орай «550 тауға шығу»  жобасын 12 елдегі қазақтармен бірге сәтті ұйым­дас­тырдым. Одан кейін «Тәуелсіздіктің 25 жыл­дығына» орай, бір жылда 25 тауға шығу жобасын бастап, әкімнен қарапайым мал­шыға дейін қатыстырдым. Бұл жобаны Қа­зақстан Ұлттық телеарнасының тілшісі Берік Көшербай мырза арнайы Баян-Өлгейге келіп, тікелей хабар таратты. Шетте жүрсек те, Қа­зақ­стан Тәуелсіздігіне қосқан үлесіміз ре­тін­де, осындай тарту жасадық. Осыдан кейін қа­зақ жастарының тау спортына деген құл­шы­нысы арта түсті. Міне, мен Гималайға бер­гі­сіз арман-шыңымды осылай бағындырдым! – Жазушы Оралхан Бөкей жазған Мұз­тауға шықтыңыз. Ең биік шыңынан не көр­діңіз? – Көрдім! Бұл Мұзтау Қазақстанның шы­ғысы, Ресейдің ең биік тауы – Белуха екі ел­дің шекара сызығы түйісетін тұста. Бір рет Ре­сей жағынан шықтым. Себебі тауға қолай­лы жол Ресей жағында. Алайда ол күні қатты тұман болып, фотоға түсіре алмадым. Мұз­тау­ды орыстар туризмнің көзіне жақсы ай­нал­дырды. Алтайдың бір биігі Ресейде қал­ғанын көріп, құз басында көңілім бір құла­зыды. Қазір орыс халқы әлем туризмімен бірі­гіп, ауқымды жұмыс істеп отыр. Белухаға ке­лесі жолы туристерді ертіп, тағы да табан тіредім.  Ол ежелгі найман мен керейдің түп қазығы болған киелі тау еді. Бірақ Мұзтауға шыққанда Алтай тауының ең биік шыңын бағындырдым деген сезім болған жоқ... Кейін Мұзтауға Қазақстан жағынан шығатын жолды іздеп көргім келді. Бәлкім, төте жолы табылса туризмнің әп-сәтте ошағына айлан­дыруға болар еді. Бірақ бірлесіп жұмыс істей­тін адам табылмады. Қазақ еліндегі табысы мол тау туризмінің көбін орыс жігіттері иеленіп отыр. Бір бай­қа­ғаным бұл туризм саласына қазақтар енді-енді қызыға бастаған сияқты. Менің арма­ным – қазақ өз биігінде тұрса деймін. – Альпинистігіңізден өзге, тарих жай­лы да айтарыңыз көп. Қазір не істеп жүр­сіз? – Баян-Өлгей аймағын орнатқан алғаш­қы басшы (әкім) Жеңісхан Дүзелбайұлына ар­нап, Өлгейдегі Орталық мұражайдың ал­дына мүсінін орнатысып,  «Ғибратты ғұмыр» деген кітап жазып шығардым. Осы кітаптан кейін әлемнің көптеген еліне шашырап кет­кен ағайындардың тарихи шежіресін то­лық­тырып жаздым. Осы кезде әр жердегі қазы­на­лы қарияларды тауып, өткен шежірені өзі­­­міз­ше талқылап, тарих жө­нін­дегі түсінігім кеңейді. Жас кезімде тауға көп шық­тым. Өмірім­нің мәні тау секілді сезілетін. Қазір жасымыз да келіп қалды. Тарихи эт­но­гра­­фиялық кітап жазу­мен ай­налысқым келеді. Іздену, оқу үстіндемін. Өзіме-өзім жоспар жа­сап, күнде кітап оқып әр сауал­ға өзімше жауап іздеймін. Әрине, денсаулық болса әр сағат сайын тауға жүгіріп шыққым ке­леді. Тау деген  шамаңа қарап шабатын спорт. – Бүгінде қай тауға шықсам деп ар­ман­­дайсыз? – Атамекен Қазақстан аумағындағы әр тау­дың биік яки аласасына қарамай, бәріне шық­қым келеді. Кейде сол таулар шақырып тұр­ғандай болады.  Содан болар түні бойы көз ілмей, дөңбекшіп шығамын. – Атажұртқа айтарыңыз? – Бұрын елге  хат жазғанда, оның жауабы үш айдан соң келуші еді. Қазір Құдайға шүкір атажұрттағы жаңалықтар жүрегімнің соғы­сынан жылдам жетеді. Бәрін оқып, көріп отыра­мыз.  Қазақстан шеттегі қазақ жаста­рын оқытумен жақсы айналысып жатыр. Бұл – өте құптарлық іс. Бірақ көш тоқырап қал­ды. Көші-қон қайта жанданады деген үміт­те­мін. Қазақ жеріне көз алартып отырғандар бар­шылық. Қай мемлекеттің болсын, бай­лығы – адам. Материалдық құндылық емес. Сон­дықтан «Қазақстан» деп аты айтып тұр­ғандай, қазақтар сол елдің басты байлығы деп білемін...

Әңгімелескен

Бақытбек ҚАДЫР