Теріскей қайтсе қазақыланады?
Теріскей қайтсе қазақыланады?
Қазақ қоғамында шешілмеген екі түйткілді мәселе бар десек, соның біріншісі – тіл мәселесі. Қазіргі кезде еліміздің әр аймағындағы қазақ тілінің ахуалы да әртүрлі екені де анық байқалады. Соның ішінде, солтүстік өңірлердегі жағдай әлі де реттелмей отыр. Тілдің ала-құлалығы дүниетанымға тікелей әсер ететінін ескерсек, бұл мәселенің жолға қойылуы болашақ үшін де маңызды.
Теріскейдегі тілдің жағдайы туралы сол өңірдің азаматтары, қоғам белсенділері Ақылбек Шаяхмет пен Руза Бейсенбайтегі пікірлерін білдірген еді.
Руза БЕЙСЕНБАЙТЕГІ,
қоғам белсендісі, тіл жанашыры:
Мемлекеттік мекемелер біздің елде мемлекеттік тіл екеу деп түсінеді
– Павлодар қаласында 7 қазақ мектебі, 12 орыс мектебі бар. Қалған 18-і аралас мектеп. Яғни орыс мектебі қазақ мектебінен бір жарым есе көп. Биыл барлық мектепте қазақша сыныптар ашылады деп айтты. Тек 1-сыныптар ғана ашылып жатыр. Бұл жерде бала саны 10-ға толса ғана бір сыныптың ашылатыны тағы бар.
Бізде орыстардың саны осыдан 5-6 жыл бұрын 36 пайыз болған, қазір әрине одан азайды. Сол кезде қазақтардың үлесі 51 пайыз болатын. Яғни қалай болғанда да, қазақтардың саны орыстардан көп. Сонда 36 пайыз орысқа бір жарым есе көп мектеп болып тұр. Баяғыда қызымды Павлодардың ана басынан мына басына қазақ мектебіне қатынап оқыттым. Баласын қазақша оқытқысы келген барлық ата-ана баласын солай тасыды. Өйткені 2000 жылдар шамасында қалада 2-3 қана қазақ мектебі болды. Қазақ ата-аналары сол кезде аузымызды ашпайтынбыз, осыны мәселе етіп көтермейтінбіз. Бірақ баяғы жартас, сол жартас. Қазақ тіліндегі мектептер саны аз, ал орыс мектептері жыпырлап толып тұр. Екібастұзда жалғыз қазақ қыздар гимназиясы бар еді, оны да жауып тынды. Ол туралы айтылды, шу болды, бірақ мен қайтадан ашылғанын естімедім, көрген жоқпын.
Өңірдегі мемлекеттік мекемелерде қазақ тілінде жауап беруге, сөйлеуге міндетті емеспін дейтін қызметкерлер көп. Былтыр Әділет департаментіндегі бір хатшы «Почему вы у всех требуете казахский язык? Вы не знаете что, у нас в государственных органах все только на русском языке» деді. Қайда хабарлассаңыз да орысша жауап береді. Соңғы уақытта орысша қызмет көрсететін мекемелер басшыларының қыр соңынан қалмай видеоға түсіріп, тіл жанашырлары жан-жақтан звондағаннан кейін биыл сәл қыбырлаған сияқты.
Облыс әкімі Ә.Ысқақов қаңтарда қабылдауында болғанымда қазақ тілін қолға аламыз деген болатын. Бірақ өтірік алдады. Наурыз айында қабылдаймын деп қабылдамады. Жазда видеоүндеу жолдадым. Бірақ селт еткен ешкім жоқ. Әкімшілік жиналыстары мемлекеттік тілде өтпейді, сосын мемлекеттік ісқағаздары бізде тек қана аударманың күшімен отыр. Олардан статистика бойынша мәлімет сұрасаңыз, сізге «Іс қағаздарының 80-90 пайызы қазақ тілінде жүргізіледі» деп жауап береді. Өткенде шенеуніктердің бірі маған «Ісқағаздарын 100 пайыз қазақ тіліне өткіздік» деді. Менің «Қалай өттіңіздер?» деген сұрағыма: «Бұл енді екінші мәселе, басқа сұрақ. Бастысы өттік» деді. Бізде осындай масқара жағдай болып жатыр.
Өтінішіме орыс тілінде жауап беретін мемлекеттік мекемелерді сотқа беремін, сотқа берудің алдында жазған ескерту хат жазсам да жауапты орыс тілінде жазды. «Біздің мемлекетте тек қана орыс тілі жүретін заң бар» дегенге саятын жауап келді. Мемлекеттік мекемелер біздің елде мемлекеттік тіл екеу деп ұғады. Конституция бойынша бізде орыс тілінің жалғыз жүруге құқы жоқ. Қазақстанда не қазақтілді құжат, не екі тілдегі құжат заңды. Бізде әкім Ә.Ысқақовтың қабылдауына жазылу үшін Нефедова деген қосу бөлімінің бастығынан өтуің керек. Ол бір ауыз сөз қазақша білмейді. Егер ол әкімнің қабылдауына қазақша түсінбегендіктен сізді жазбай қойса, мәселеңіз шешілмейді деген сөз. Нефедова қазақша түсінбегендіктен сізді қабылдамайды, яғни қазақ тілінің жолы жабық. Бірақ ол қазақ тілінде қабылдауға міндетті ғой.
Павлодар қаласы әкімі аппаратының басшысы Қайыржан Оңғаров бейбіт митинг өткізуге рұқсат сұрағаным үшін маған жүйке-психиатриялық диспансерінен дәрігерлер тобын шақыртқанын видеодан көрдіңіздер. Әкімшілікке кірсем мені итше талайтын. Қала әкімі Ержан Иманісләмге осыны айтсам, олай айтпаңыз, олар да адам дейді. «Не нужен нам ваш казахский» деген сөзі видеода жазылған. Сонда әкім мемлекеттік тілге қарсы адамдарды қорғап отыр. Әкімшілікке кірсең, «Женщина вы куда?» деп Ресей тілінде сұрайды. Мен орысша сөздерді тыңдамаймын, оларға қарамаймын, баратын кабинетіме тіке кете беремін. Сонда олар келіп мені жұлмалай бастайды, оған шыдап тұра алмаған мен видеоға түсіремін. Ал солардың өзінен қазақша сұрасаң, саған жауап бермек түгілі көзінің қиығын да салмайды. Мен оларға қой сияқтымын, өйткені мен қазақша айтып тұрмын. Мен де дәл солай өздеріне істеймін.
Қалалық әкімшілік қызметкері «Русский язык никто не отменял» деген болатын. Павлодарда Қ.Нүкенов әкім болып тұрғанда мені тіл комиссиясының құрамына кіргізіп жіберген. Қазіргілер мені алып тастайын десе, алып тастай алмайды. Алып тастауға әрекеттенген де жоқ, өйткені олар менің тыныш қоймайтынымды біледі. Сондай бір тілге қатысты комиссия отырысы кезінде менің қазақша қойған сұрағыма жауап бере алмаған қызметкерден «Мемлекеттік тілді білмей қалай жұмыс істейсіз?» деп сұрасам, әкімдері ара түсіп «Сіз оларға тиіспеңіз. Оларға тиісуге құқығыңыз жоқ. Олардың орыс тілінде жұмыс жүргізуге толық құқығы бар» деді. Қаланың әкімшілігі қазақ тілін маңайына жолатқысы жоқ.
Дайындаған
Арайлым ЖОЛДАСБЕКҚЫЗЫ