Тіл тақырыбы 30 жыл мінберден түспеді

Тіл тақырыбы 30 жыл мінберден түспеді

Тіл тақырыбы 30 жыл мінберден түспеді
ашық дереккөзі
Ел Тәуелсіздігінің басты нышанының бірі – оның мемлекеттік тілі.  Ана тілі жоқ мем­лекет ұлт болып ұйысып өмір сүре ал­­майды. Өйткені тіл тарихы ұлт тарихымен үндес. Әртүрлі кезеңдерді бастан кешкен қазақ хал­қының тарихы тілінің тарихымен тығыз бай­ланысты. Қол жеткізген тәуелсіздігіміздің ар­қа­сында қазақ тілінің болашағын қамтамасыз етіп, ана тіліміздің кең таралуына жағдай жасап, тіл білі­мі саласын жетілдіру Тәуелсіздік алған соң ат­қарылуы тиіс маңызды жұмыстар болатын. Осы орайда, Túrkistan халықаралық апталығы тәуелсіз ел атанғалы бергі 30 жыл ішінде қазақ тіл білімі, тіл ғылымы саласында қандай жұмыстар атқа­рыл­ды, нендей мәселелер назардан тыс қалды жә­не болашақта қазақ тілінің мәртебесін арттыру­да қандай шаруалар атқарылуы тиіс деген үш сауал­ға сарапшылардың пікірін сұраған болатын.  width= Шерубай ҚҰРМАНБАЙҰЛЫ, ҰҒА академигі, филология ғылымының докторы, профессор: Тіл біліміне қосылған сүбелі дүние – Алаш зиялыларының еңбектері – Тәуелсіздігіміздің 30 жылында тіл бі­лі­мі саласында көптеген ғылыми-зерттеу ең­бек­­терімен бірге том-том сөздіктер жарық көр­ді. Тіл білімінің түрлі салалары бойынша ғы­­лыми кадрлар өсіп шықты. Ең алдымен соң­ғы 30 жылдың көлемінде тіл біліміне қо­сыл­ған сүбелі дүние – Алаш зиялыларының тіл­ге қатысты еңбектері. ХХ ғасыр басында жа­­рық көрген олардың еңбектері қайта ба­сы­лып, ғылыми айналымға түсті. 1989 жылға дейін есімдері аталмай, жалпы көпшілікке бей­мәлім болып келген қазақтың ірі-ірі тұл­ға­ларының тілге қатысты еңбектері жұртшылықтың қолына тиюі елдің рухани-мә­дени, ғылыми өміріндегі елеулі оқиға бол­ды. Мәселен, А.Байтұрсынұлының ең­бек­тері Тәуелсіздік алғаннан кейін зерттеліп, ал­ты томдық шығармалары жарық көрді. Ахаң бастаған Алаш зиялыларының еңбе­гін­дегі қазақ тілінің дыбыстық жүйесіне, әліп­биіне, сөздік құрамы мен сөйлем құры­лы­сына қатысты тұжырымдары, оның ғылым ті­лін, ұлттық термин қорды қалыптастыруға ар­налған ғылыми ұстанымдары басшылыққа алы­на бастады. Алаш білімпаздары жасаған, олар­дың қаламынан туған көптеген ғылыми атау қолданысқа енді. Ондай ұлттық үлгіде жа­­салған атаулар қазақ тілінің терминдер қо­­рын байытты, ұлттық сипатын арттырды. Олар­­дың соңында қалдырған ғылыми мұра­сы зерттеліп, диплом жұмыстары, диссер­тация­лар қорғалды. Отандық тіл білімінің бас­т­ау көздері, тұтас бір кезеңі анықталды. Қа­зақ тіл білімінің даму тарихындағы Ахмет Бай­тұрсынұлының орны мен рөлі көрсетілді. Қысқасы, ХХ ғасыр басында еңбек ет­кен Алаштың ірі қайраткерлері мен зия­лылары А.Байтұрсынұлы, Е.Омарұлы, Т.Шо­нанұлы, Х.Досмұхамедұлы, Н.Төре­құлұлы­­­ның тілдің түрлі мәселелерін, соның ішін­де ғылым тілін, БАҚ тілін дамытуға қа­тысты, тілдің мемлекеттік тіл ретінде қол­данысын қалыптастыруға қатысты еңбектері мұрағаттардан алынып, жинақталып, зерт­те­ліп, жарық көрді. Бұл тіл біліміне қосылған үл­кен үлес болды. Өйткені өткен ғасыр ба­сындағы Алаш зиялыларының еңбегі бүгінге дейін ғылыми құндылығын жойған жоқ. Қайта олардың еңбектері тіл білімінің ақтаң­дақ беттерін қалпына келтіріп, тіл ғылы­мы­ның даму тарихын түгендеуімізге негіз бол­ды. Міне, бұл тәуелсіздік арқасында қол жет­кен мол мұра, ғылыми құны зор қазына. Осындай еңбектердің қайта басылып шы­ғуы тіл білімінің кеңестік тіл сая­саты мен идеологиясына негізделген қасаң қағи­далар мен теориялардан арылуға, тіл бі­лі­мінің бірқатар мәселелерін жаңаша пайым­дауға негіз болды. Сондай-ақ осы кезеңде тіл білімінің әр­түрлі саласы бойынша жекелеген ға­лымдардың да еңбектері басылып шықты. Әрине, жарық көрген басылымдардың бәрін түгел тізіп шығу мүмкін емес, өйткені тіл бі­лі­мінің саласы өте көп. Оның лексиколо­гия­­сына, фонетикасына, морфологиясына, син­таксисіне, тіл тарихына, әлеуметтік лин­гвистика, психолингвистика, этнолингвис­ти­ка, когнитивтік лингвистика, гендерлік лингвистика сияқты көптеген саласына қа­тысты ғылыми монографиялар, ғылыми-та­нымдық еңбектер, жекелеген кітаптар, оқу­лықтар, ғылыми мақалалар жарық көрді. Олар­дың саны өте көп, жыл сайын еліміздегі ЖОО-да, ғылыми-зерттеу институттарында, түр­лі орталықтарда еңбек етіп жатқан ға­лым, мамандардың еңбектері шығып, олардың қатарын толықтырып жатыр. Мәселен, соңғы 30 жылда этнолингвистика, әлеуметтік лингвистика секілді бағыттар бойынша  зерттеулер саны артты. Сонымен қатар дәл осы кезеңнен бастап бізде термин­тану да жеке ғылым саласы ретінде дами бастады. Бірнеше маман диссертация қорғап, еңбектерін жариялады. Ономастика саласы бойынша да үлкен еңбектер жарық көрді. Соңғы кездері мәтінтануға арналған, ес­керткіштер тілін, тіл тарихын зерт­теу­ге бағытталған еңбектер саны да біршама ар­тып отыр. Әсіресе, мәтін теориясына, ген­дерлік лингвистика, психолингвистикаға қа­тысты еңбектердің жарық көре бастағаны бай­қалады. Жалпы, Қазақстанда теориялық ғы­лыми-зерттеу еңбектерінен гөрі сөз­дік жасау, лексикография саласы жақсы да­мыған. Сөздік қорымызды, термин қоры­мызды түгендеуге арналған бірқатар іргелі еңбектер жарыққа шықты. Көптеген екітілді, көптілді сөздіктер басылып шықты. Мәселен, қазақша-орысша сөздік және орысша-қа­зақ­ша үлкен сөздіктер, ағылшынша-қазақша, қы­тайша-қазақша сөздіктер, жиілік сөздік­тер көпшілік қолына тиді. Қазақ әдеби тілі­нің 15 томдығы, оны толықтырған Байынқол Қа­лиұлының жеке авторлығымен шыққан түсіндірме сөздігі сөздік қорымызды түген­деуге, байытуға үлес қосқан еңбектер. Сон­дай-ақ жуырда осы уақытқа дейін жарық көр­меген «Қазақ тілінің кірме сөздер сөздігі» ба­сылып шықты. Термин қорымыз жинақ­та­лып, 30 томдық терминологиялық сөздіктер топ­тамасы жарық көрді. Ерекше атап өтетін сөз­діктердің бірі академик Ә.Қайдардың «Қа­зақтар ана тілі әлемінде» атты үш томдық этнолингвистикалық сөздігі – қазақ тілінің лек­сикографиясына қосылған үлкен еңбек. «Мұ­қағали тілі сөздігін» жеке тұлғаның тіл бай­лығын зерттеуге бағытталған академия­лық үлгідегі іргелі сөздік қатарына қоса ала­мыз. Ғылымның жекелеген салалары бойын­ша әртүрлі арнаулы сөздіктер де осы қатарды толықтырды. Мәселен, экономика, банк жүйесі, техника, медицина, заң және бас­қа да салалар бойынша шыққан авторлық, ұжымдық сөздіктер тағы бар. Осының бәрі лек­сикографиялық басылымдардың көп шық­қанын аңғартады. Әрине, олардың бәрі бір­дей мінсіз, кемшіліктен ада деуден аулақ­пыз. Дегенмен сөздік қорымызды, терминдік қорымызды жинақтап, жүйелеуде бірқатар жұ­мыс атқарылды. Ұлттық тіл корпусын жа­сауға бағытталған еңбектердің маңызын да атап өткен орынды. Соңғы кездері ғылым саласын дамы­ту­ға, өркендетуге, оның бойына қан жү­гіртуге, қазақстандық ғылымның, гумани­тарлық ғылымдардың да дамуына біршама көңіл бөліне бастағанымен, әлі де бұл жет­кілік­сіз деп ойлаймыз. Отандық ғылымның қарқынды дамығанын қалайтын болсақ, ғылыми кадрлардың даярлануына, ғылыми инс­титуттардың өркендеп-өсуіне, қазақ­стан­дық ғылымды қаржыландыруға, оны бас­қаруға, ғылыми орталықтарды ғылымның жай-жапсарын, ішкі мәселелерін білетін, әлем­дік ғылыми озық мектептермен байла­ныс орната алатын, әлемдегі ғылыми бағыт­тары­ның қалай дамып жатқанын, қай сала­ларға басымдық беру керек екенін жақсы білетін, ғылымның өз қазанында қайнап шыққан кадрларды іс басына әкелу қажет. Отандық ғылымды «жасартуға» көп көңіл бөлінуі тиіс. Қабілетті жастар ғылымға кө­бірек келсе, отандық ғылымға қарымды жаңа күш қосылса, сонда ғана оның ертеңіне алаң­дамауға болады. Қазір ғылым мен технология за­маны. Ғылым мен технологияны заман ағы­мына сай дамытқанда ғана біз әлемдік өрке­ниет көшіне ілесе аламыз. Ғылымды да­мытуға жеткілікті көңіл бөлінсе, тиісті жағ­дай жасалса, тіл білімі де сол көшке ілесіп, қазіргіден әлдеқайда қарқынды дамитыны еш күмән туғызбайды.  width= Ерден ҚАЖЫБЕК, ҰҒА корреспондент-мүшесі: Тыңнан жазатын уақыт келді – Қазір көп нәрсеге жаңадан қарауға мәж­­бүр болып отырмыз... Тілімізге, дінімізге, та­­рихымызға. Кезінде мүлде халық, ұлт, мем­лекет ретінде жойылып кете жаз­да­ға­ны­мыз­ды енді ғана біліп, сезіне бас­тағандаймыз. Архивтері әлі күнге дейін жа­бық болса да, қолға түскен аз деректің өзі қор­қынышты. Төбе шашың тік тұратын дерек­тер ұшан-теңіз. Басты демографымыз Мақаш Тәтімов ағамызға сұрақ қойғанбыз: «Қа­зақтың жартысына жуығы аштықта қы­рылса және ұлтымыздың жартысына жа­қы­ны шетелде, шекарамыздың сыртында тұрып жа­тыр десек, онда елде қанша қазақ қалды? 1937 жылы қанша болдық және қанша болуы­мыз керек еді?» Сонда Мәкең біраз үндемей отырып: «Сұ­ра­ғыңды төтесінен қойыпсың. Сө­зің орынды. Шындық керек болса, ай­тайын. Кеңес өкіметі қазақ жерін жергілікті халықтан толықтай босату үшін әрекеттің бәрін жасады. Мемлекеттік деңгейде, ресми саясат бойынша. Геноцидтің көкесі бізде іске асты. Үш дүркін қолдан жасалған ашаршы­лық­тың көздеген мақсаты сол еді. Тек же­рі­міздің шалғайлығының арқасында, тау мен құмда, өзен-көл жағасында, жылы жерлерде азғантай жұрт аман қалдық. Кемінде он мил­лионнан асатын ел, бір-екінің әрі-бері жа­ғын­да болдық қой...» Діннен қол үзе жаздадық. Салафит-уа­хаб­битке, басқа діндер мен дін­сымақ ағымдарға ұрыну кең етек алуда. Сауатты молда аз. Молда деген сөздің өзі бұрынырақта жай оқығанды ғана емес, көзі ашық, білімі терең, бүгінгіше айтсақ, академик, профессор сияқты құрметті атау еді. Медреселер білім мен ғылымның ошағы еді. Біз Қожа Ахмет Ясауидің шын мәнінде кім екенін, қандай бол­ғанын ұмытқан елміз. Ал Түркия, Иран, Мы­сыр, түркі тектес Кавказ елдері, Еділ бойы, мына тұрған көршіміз өзбектер, Сол­түстік Үндістанның мұсылмандары Әзірет Сұл­танды күні бүгінге дейін пір тұтады, мың­даған мүрит шәкірттерін ұлықтайды, дә­ріп­тейді, насихаттайды... Бір мысалмен, Түр­кия­ның атақты профессоры, Ахаңдардың (Ахмет Байтұрсынұлы) әріптесі Фуад Көп­рүлу­заде сөзімен дін мәселесін қысқа қайы­рып көрейн: Қожа Ахмет Ясауи болмаса, Түр­кия мемлекет ретінде және бүгінгі осман түрік­тері ұлт ретінде тұрақтамас еді. Осылай топшылаудың себебін біздің діндарларымыз түсіндіріп бере ала ма? Ең қатты зардап шеккен сала немесе басқаша айтсақ, зұлматты тарихы­мыз­дың ең айқын көрініс тапқан жері туған ті­ліміз екені тіл мамандарына жақсы таныс. Ке­зінде Ахаң да, көптеген шетел тілші ға­лым­дары да әлемдегі жүзден астам түркі тіл­дері ішіндегі ең саф, таза, әуезді, ең көр­кем, ең бай қазақ тілі екенін талай рет мақ­танышпен жазған еді. Александр Затаевич айт­қандай, қазақ тілі әндей, музыкадай есті­летін құбылыс еді. Профессор Серік Негимов дерегі бойынша, әуезділік қасиеті бойынша қазақ тілі дүниежүзілік рейтингте алтыншы орынға ие болған екен. Оның негізгі себебі, тіліміздің басты фонетика-фонологиялық, сөз­жасамдық, фоносемантикалық үйлесім­ділік қасиетінде, сингармонизмде, өзара сәйкестікте. Кез келген дыбыс, мейлі ол дауыс­ты не дауыссыз болсын, жуан-жіңіш­келігіне немесе еріндік-езулігіне байланысты болсын, бір-бірімен әдемі үйлесімділігін, сәй­кестігін, ұйқасын бұзбайтын болған. Ахмет Байтұрсынұлы кезінде «комиссар» де­ген сөзді қазақ дәл осылайша айнытпай ай­та алмайды, айтпайды да және айтуға ты­рысудың еш қисыны жоқ деп, кесіп айтқан. Айт­са, өз тіліне икемдеп, өзгертіп айтады. Ті­лі­мізге енген бөкебай (пуховой), бата (фа­тиха), кереует (кровать) сияқты кірме сөз­дері «қазақтың шапанын киіп», төл сөзі­міз­дей тілімізге еркін сіңіп кетті ғой. Кейін сыр­ты да, іші де жат сөздерді еш өзгертпестен қа­былдай бастадық. Институт, министр, пре­зидент, прокурор, университет, директор, ва­гон, вокзал деген он мыңдаған сөздер тілі­міздің шырқын әбден бұзғанын бүгінгі тіл тұтынушымыз сезбейді де. Керек болса, бізді тіліміздің ең негізгі құралы әрі іргетасы – әліпбиімізден то­лығымен айырған. Ахаңның 24 әріптік тө­­­тесі түркі сөзінің бүкіл бай дыбыстық жүйе­­сін керемет дәлдікпен, ықшамдықпен әде­мі бойына сыйғызған. Түркиядағы бауы­ры­мыз, профессор Әбдіуақап Қараның айтуы бойынша, Мұстафа Кемал Ататүріктің «Ахмет Байтұрсынұлы нұсқасымен таныс бол­ған жағдайда, түрік тілін латын алфа­витіне ешқашан ауысуына жол бермес едім» деген мағынада естелігі сақталған дейді. Бізді кө­шірді. Басында кириллицаға, сосын ла­тынға, сосын қайта кириллицаға. Ешкім ақыл­дасқан да жоқ. Бұйрықпен, зорлықпен жасал­ған нәрсе. Соңғы рет латыннан кирилге ауыстырғанда, тіпті, әліпби жасау жұмы­сы­мен ешкім басын да ауыртпады. Амал нешік, орыс әліпбиіне қосымша таңбаларды «тық­қылап», қазақ тілімен «үш қайнаса, сорпасы қо­сылмайтын» орыс дыбыстарды таң­ба­лай­тын әріптерді, бірін де қалдырмай «пай­да­ланып» келдік. Мысалы, неміс тілінде 42 ды­быс 26 таңбамен берілсе, біздер, керісінше, 26 дыбысымызды 42 әріппен таңбалап кел­дік. Ғылымда мұндайды нонсенс деп атайды, яғни ақылға сыймайтын нәрсе. Қазақ тілінің, қыпшақ тобы тілдерінің басты фонологиялық ерекшелік­терінің бірі, біздер йақшы орнына жақсы, йер орнына жер, йігіт орнына жігіт дейміз. Ермакты қазақ Жармақ деп атаған, Егорқызы Марияны – Жағорқызы дейміз. Ал, қазір паспорттарымызда Ермек деген есімді Yermek [Йермек], қарапайым ел, ер деген сөз­дерді [ел], [ер] емес – [йел], [йер] деп айтатын бол­дық. Себебі, орыс тілінде е әрпі бір [е] ды­бысын емес, екі дыбысты білдіретін диф­тонг – я [йа], ё [йо], ю [йу] сияқты орыс е-сі [йе] деген дыбыс тіркесін білдіреді. Мұнда тұрған не бар деу мүмкін кейбіреулер... Иә, сырт қарағанда, ұсақ-түйек нәрсе болып кө­рінеді... Шынтуайтына келсек, ғасырлар бойы қалыптасқан басты дыбыстық ерек­шелі­гіміз­ден айырылудамыз... Бір-ақ мысалмен бітірейін осы та­қы­рып­ты. Кирилге ауысқан соң қазақ хал­қы аттай он жеті (!!!) жыл ешбір емле-ере­же­сіз орыс әліпбиі негізінде жазып-сызуға мәж­бүр болды... Грамматикамыздың да орыс тілінің үлгісімен пішілгені таңсық емес... Тіл ғылымы, жалпы әдебиет, тарих, фәлсапа, шығыстану, өнертану сияқты гуманитарлық бағыт еліміз егемендік алған соң керемет дамып, алғы қатарға шыға бастады деп айтудан да аулақпыз. Керісінше, осы саланың дағдарыста болғаны үлкен мінберлерден ашық айтылуда. Тек соңғы бірер жылдың ішінде, мем­ле­кетіміз рухани жаңғыруға бет бұра бас­тағанның және отандық ғылымды «қал­дық принципі» бойынша қаржыландырудан бас тартып, еселеп көңіл бөле бастағанының ар­қа­сында жүйелі жоспарлар мен бағдарла­ма­лы мақсаттар енді ғана қолға алына бас­та­ғанға ұқсайды... Жоғарыда айтқандарымның бәрін ауыз­ды қу шөппен сүрту деп қа­был­дамауыңызды өтінемін. Қиындықтарға қара­мастан «Акаде­мия­лық грамматика», он том­дық түсіндірме сөз­дік, әдебиетшілер жүз том­дық фольклор жи­нағы сықылды ірі жоба­ларды еңсерді. Дегенмен кең ауқымда, жан-жақты және тұрақты ғылыми-зерттеу жұ­мыстарды жүргізу мүмкіндігі, қайталап ай­тайын, енді ғана туып отыр. Тіл дегенде бірінші Ахаңды және Ахмет Байтұрсынұлы мектебін ауыз­ға алғанымыз жөн. Бүгінгі тілші ғалым­дары­мыз, қазақ тілінің оқытушылары мен әдіс­керлері Елдес Омарұлы, Телжан Шонанұлы, Қошке Кемеңгерұлы, Халел Досмұхаметұлы, Қажым Басымұлы, Абдолла Байтасұлы, Мұхтар Мырзаұлы, Молдағали Жолдыбай, Шам­ғали Сарыбай, Ғали Бегалиұлы, Нәзипа Құл­жан еңбектерін жақсы біле ме, күнделікті жұ­мысында оларды пайдалана ма, дәріс­тері­не қосып, көтерген мәселелерін, ашқан жаңа­лықтарын әрі қарай жалғастырып жатыр ма? Ахмет Байтұрсынұлының өзіне келсек, КСРО-ның белді академик түркітанушылары Алек­сандр Николаевич Самойлович, Андрей Николаевич Кононов, Николай Алек­сандро­вич Баскаков сияқты ғұлама ғалымдар Ахаң­ды ұстаз санағанын білеміз бе? Тағы бір керемет деректі айтайын. 1917 жылы Әлихан Бөкейханов бас­қар­ған, Ахаң үкімет мүшесі болған Алаш авто­номиясы құрылады. Көп ұзамай 1919-1920 жылдары большевиктер оны күшпен жоя­ды. Айналдырған екі жылдан кейін ас­панға туын желбіреткен жаңа «Түркия» мем­лекетінің жалауы және сол біздің Алаш рес­публикамыздың ресми байрағының ара­сын­да ешбір айырмашылық жоқ екенін білесіз бе? Түркия мемлекетінің мемлекеттік идео­ло­гиясының негізін қалаған татар Юсуф Ак­чура, түрік Зия Көкалып, башқұрт Зәки То­ған – бірі Ахаңның жақсы әріптесі, бірі да­рынды шәкірті екенін білесіз бе? Сөзімді тәмамдайын. Аз жұмыс істелген жоқ. Бірақ зерттеуді талап ететін та­қырып, қордаланып қалған проблемалар, ке­зек күттірмейтін мәселелер шаш-етектен еке­нін ұмытпайық. Мемлекет басшысы ұлт­тық мүддеге сай тарихымыздың жазыл­ма­ға­нын ашық айтқанын, «жаңа ғылыми ұста­ным­дар мен жаңалықтардың негізінде тың­нан жазатын уақыт әлдеқашан келді» дегенін бас­шылыққа алатын кез енді келді деп есеп­теймін.  width= Анар ФАЗЫЛЖАНОВА, А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институты директоры: Қазақ тілін виртуалды кеңістікке енгізу қажет – Мемлекеттік тіл мәртебесін нығайту тек саяси себептерге байланысты маңызды деп ойламау керек. Тіл бірегейлігі тұтас мем­ле­кет болып қалуымыз үшін, біртұтас ұлт болуы­мыз үшін, жаһанияттық әртүрлі теріс құ­былыстарға жұмылып қарсы тұруымыз үшін өте қажет нәрсе. Тіл бірегейлігі – бір мем­лекетте тұрып жатқан халықтың бір тіл­де түсінісіп, бірін-бірі ұғынуы. Біз осыған на­зар аудармасақ, кеш қаламыз. Тілі дамыған, бір тілде сөйлейтін халық болуы керек дедік қой. Сол халық өз тілінде тек нан сұрап жей­тін деңгейде сөйлемеуі керек, ол халық сол тілде ұлы дүниелерді жасауы керек. Яғни, біз мемлекеттік тілді экономикамыз үшін де кө­теруіміз керек. Өйткені ұлттық тілі дамы­ған елдердің ғана экономикасы көтеріліп жа­тыр. Оны тарихтағы көп фактілер дәлел­деп отыр. Қазір әлемдегі тілтанушылар линг­воэ­кономика немесе лингвономика де­ген саланы қалыптастырып отыр. Өйткені әлем­дік тіл мамандары экономика мен ұлт­тық экономика арасында тікелей байланыс бар екенін аңғарды. Яғни ұлттық тіліне мән беріп, ұлттық тілін дамытқан мемлекеттің эко­номикасы да соған сәйкес дамып жеті­ле­ді. Ана тілімізге мән бермей, қол қусырып, ен­жарлық танытып отыра беретін болсақ, ши­кізат өндірумен ғана шектелген, артта қал­ған ел болып қалуымыздың қаупі зор. Міне, бұл бірінші кезектегі мәселе. Екінші кезектегі мәселе – «Заман қайда бара жатыр?» деген сұрақ. Заман реал­ды өмірден ирреалды, виртуалды өмірге ауы­сып жатыр. Қазір реалды өмірде болған оқи­ғаларды виртуалды өмірге проекциялап көшіріп жатырмыз. Білім беру жүйесі онлайн, қа­шықтан оқытуға көшті. Бұрын қолымызға қа­ғаз сөздік алып, ақпаратымызды қағаз кі­тап­­тар іздесек, қазір бәрін интернеттен тауып аламыз. Ал сол интернет кеңістігінде қа­з­ақ тілі бар ма, бар болса қандай деңгейде? Өзіңіз де білесіз, интернеттегі қазақ тілінің дең­гейі дамыған, жетілген емес. Виртуалды өмір­ге енген қазақтың баласы өзіне қажетті ақ­паратты қазақ тілінде толықтай ала ал­май­ды. Ал қазақ тілін виртуалды кеңістікке енгізу үшін компьютерлік лингвистика, кор­пустық лингвистика деген тіл ғылы­мы­ның саласын дамытып, соған ерекше көңіл бөлу керек. Осы тұрғыдан қазір проблема көп. Осы­ны дамытайын десем, бағдарлама жа­сақтаушылар жоқ. Жоқ дейтін себебім, олар ға­лымдардың қазіргі аянышты жалақысына жұ­мысқа келмейді. Бағдарлама жасақ­таушы­лардың жалақысы ғалымдарда жоқ. Осыған мен қоғамның, биліктің назарын аударғым ке­леді. Сондықтан бізге осы жағынан қолдау, кө­мек керек. Егер қолдау, көмек болса, вир­туалды өмірге қазақ тілін ауыстырудың тіл­танымдық негіздерін біздің институт түгел жасап қойған. Алдағы уақытта Президентіміз жетіл­дірілген әліпбиді бекіте салысымен, тілтанушы ғалымдардың жұмысы артады. Ға­лымдарға қамқорлық, қолдау керек, өйт­кені бұл оңай жұмыс емес. Бүкіл гра­фи­калық кеңістігімізді түгел басқа графикаға ауыс­тыру үшін оның ортологиялық базасы жаса­лып жатыр. Ортологиялық база дегеніміз – дұрыс жазу, дұрыс сөйлеу, сөздің мағынасын дұрыс түсіну бойынша құралдар. Ең негізгісі, қазір жазудың ортологиялық базасын жасау. Ол орфографиялық сөздіктер, анықтағыш­тар, емле ережесі, емле ережесін түсіндіретін лингво-дидактикалық құралдар. Тіл білімі институтының ғалымдары бастамасын жа­сап қойды, жұмыс ары қарай да жалғасады. Бұл қазақ халқы үшін өте маңызды. Өйткені жаңа әліпбиге көшкеннен кейін тілдік сана өзгереді. Ал тілдік сана – ұлттық сананың ажыра­мас компоненті. Тілдік сана ұлттық негізде өзгереді. Яғни өз бетінше ойлай ала­тын, шет тілінен енген сөзді өзіміздің тілі­мізге сәйкес формада өзгертіп жаза алатын ұлт­қа айналамыз. Осылайша дамыған ұлт­тарда болып жатқан процестер бізде бас­тала­ды. Бұл – біздің санамызды жаңа өмірге икем­деудің, бейімдеудің бір құралы. Ұлттық са­наның өз бетінше дамуына жағдай жасап береді.  

Дайындаған

Арайлым ЖОЛДАСБЕКҚЫЗЫ