Жаңалықтар

Алматылық көпбалалы аналар қоғамдық көлікте тегін жүретін болды

ашық дереккөзі

Алматылық көпбалалы аналар қоғамдық көлікте тегін жүретін болды

Алматыда қоғамдық көлікте тегін жүретін азаматтар санаты кеңейтілді. Бұл туралы қала басшысы Бақытжан Сағынтаев мәлімдеді.  "Алматы мәслихатының депутаттары басқа мемлекеттегі соғыс әрекеттеріне қатысқан ардагерлерге, "Алтын алқа" және "Күміс алқасы" бар көпбалалы аналарға, 18 жасқа дейінгі мүгедек балаларды ертіп жүретін тұлғаларға қалалық қоғамдық көлікте жүру ақысына жеңілдік ұсыну туралы шешімді қолдады", – деп жазды Сағынтаев Facebook-тегі парақшасында. Қала басшысы 2020 жылдың 6 мамырындағы "Ардагерлер туралы" жаңа заңға сәйкес және әлеуметтік осал топқа жататын қала тұрғындарының әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту мен оларды қорғау мақсатында осындай шешім қабылданып отырғанын айтты. Алматы қаласының әлеуметтік әл-ауқат басқармасының мәліметі бойынша, 18 жасқа дейінгі мүгедек балаларды ертіп жүретін азаматтардың саны 1 161 адамды құрайды. Бұл азаматтар үшін жол ақысына 50% жеңілдік ұсынылады. Жалпы саны 4 663 адамды құрайтын "Алтын алқа" және "Күміс алқа" иегері атанған көпбалалы аналарға қоғамдық көлікте тегін жүру құқығы беріледі.