Әдебиет және өнер қайраткерлеріне ҚР Тұңғыш Президенті стипендиясы тапсырылды

Алматыда Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев мәдениет және өнер қайраткерлеріне ҚР Тұңғыш Президентінің мәдениет саласындағы мемлекеттік стипендиясын тапсырды.

75 әдебиет пен өнер қайраткеріне мемлекеттік стипендия тағайындалды . Олардың арасында Асанәлі Әшімов, Сәбит Досанов, Нұрғали Нүсіпжанов, Дулат Исабеков және басқа да өнер майталмандары бар.

Белгілі жазушы, Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген қайраткер Сәбит Досановтың айтуынша, Тұңғыш Президент стипендиясын жылда алады.

«Бұл стипендияны алып жүргеніме 15 жылдан асты. Аталған марапат шығармашылық адамдарына керек деп ойлаймын. Моральдік жағынан болсын, материалдық жағынан болсын. Адамға жаңа шығарма жазуға шабыт береді. Тіл мен мәдениетке мемлекет үлкен көңіл бөліп жатыр. Мемлекет басшысы мен Елбасына алғысым шексіз»,- дейді қаламгер.

Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Асанәлі Әшімов те – осы стипендияның тұрақты иегері.

«Осы стипендия пайда болғалы алып жатырмын. Өнер адамдарына көңіл бөліп отырған Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа рахмет. Пандемияға қарамастан елде көп шаруа атқарылды. Абайдың 175 жылдығы халықаралық деңгейде, жоғары дәрежеде аталып өтті. Алаш азаматтарын ұлықтап жатырмыз, бұл жақсы. Өткенді ұмытуға болмайды. Өткенсіз келешек жоқ. Әрқашанда жақсылыққа ұмтылу керек. Елімізде қуаныш пен той көп болсын»,-дейді Асанәлі Әшімов.

Айта кету керек, стипендиялар жыл сайын Қазақстанның мәдениетінің құрылуына, сақталуына және дамуына қосқан үлесі үшін құрметті атақтар мен мемлекеттік наградалармен марапатталған шығармашылық қызметкерлері мен мәдениет қызметкерлерін мемлекеттік қолдау мақсатында беріледі.

Бұған дейін ҚР Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев Қазақстанның халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық академиялық драма театрының актері Сәбит Оразбаевқа І дәрежелі «Барыс» орденін салтанатты түрде табыс еткен болатын.

 

Back to top button