Өңірлерде министрлік күндері ұйымдастырылады – Аида Балаева

Өңірлерде министрлік күндері ұйымдастырылады – Аида Балаева

Өңірлерде министрлік күндері ұйымдастырылады – Аида Балаева
ашық дереккөзі
Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева онлайн/офлайн форматтарда «өңірлердегі министрлік күндері» ұйымдастырылатынын мәлімдеді. «Мемлекеттің негізгі идеологиялық органдарының бірі ретінде біздің министрлікке жүктелетін міндеттердің орны ерекше. Ведомство тікелей жауап беретін екі үлкен бағыт – ақпараттық саясат пен қоғамдық қатынастар. Екеуі де ел Президенті ерекше сеніп тапсырған, жауапкершілігі мол сан түрлі саладан тұрады. Ең бастысы – елдің рухани кемелдігі мен саяси тұрақтылығы, қоғамдық берекесі мен бастаған ісінің баяндылығы көп жағдайда осы біздің министрліктің жұмысына байланысты. Бұл жауапкершілікті жақсы түсінеміз, салмағын сезінеміз», – деді А. Балаева министрліктің кеңейтілген алқа мәжілісінде. Осы орайда ол алдағы аптадан бастап қандай іс-шаралар ұйымдастырылатынын айтты. «Халықтың, әсіресе, өңірлердегі жұртшылықтың бұл туралы кеңінен біліп, бар мәселесімен бөліскені дұрыс. Сол себепті, келесі аптадан бастап ел алдына шығып, онлайн/офлайн форматтарда «өңірлердегі министрлік күндерін» ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз», – деді ведомство басшысы. «Баршаңызға мәлім, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының «Халықтың үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымын қалыптастыру – әрбір мемлекеттік органның тікелей міндеті. Әрине, бұл концепция мемлекет тек «тыңдаушы» ғана емес, қажет ақпаратқа жалпақ жұрттың қолын жеткізіп, әрдайым өзара байланыста болуды көздейді», – деді А.Балаева.