Жарна жинағы жаныңызға дауа бола ала ма?
Жарна жинағы жаныңызға дауа бола ала ма?
2016 жылғы 1 шілдеде Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорын құру туралы Үкіметтің қаулысы жарияланды. Елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгізілді. Дамыған елдердің барлығы дерлік әлдеқашан осы жүйеге ауысып, халықты сапалы медициналық көмекпен қамтамасыз етіп отыр. Біз де осы жүйеге көшу арқылы аз ақшаға сапалы медициналық көмек алуды жолға қоюды мақсат еттік. Содан бері бір жыл өтті. Бірақ әлі күнге дейін сақтандыру қорының қалай жұмыс істейтіні туралы жіті біле бермейтін адамдардың көп екенін байқаймыз. Дер кезінде қажет ем-дом ала алмағандарын айтып шағымданғандар да жетерлік.
Сақтандыру қорының мәліметінше, сапасыз қызмет көрсетілсе немесе басқа да олқылықтар кездессе сақтандыру қоры сіздің құқықтарыңызды қорғайды.
Сақтандыру қорының сайтындағы өзге де деректерге сәйкес, өткен жыл ішінде қорға 720 мыңға жуық өтініш түскен. Бұл туралы ОКҚ өткен брифингте ӘМСҚ Басқарма төрағасы Б.Төкежанов мәлімдеді. Осы өтініштердің ішінде медициналық ұйымдардың атына 8 мыңға жуық шағым түскен. Халық көбінесе консультациялық-диагностикалық қызметтердің қолжетімсіздігіне (жабдықтың болмауы, күту ұзақтығы, жолдаманың берілмеуі, кадр тапшылығы), медицина қызметкерлерінің дөрекілігі мен біліксіздігіне, медициналық көмек көрсету сапасына, ақылы қызметтерге жіберуге, ауруханаға жатқызудан бас тартуға т.б. шағымданған.
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының баспасөз қызметі мамандардың қабылдауын күту 10 күннен аспауы тиіс екенін айтады.
– Пациенттің құқығын қорғау – Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының мақсаттарының бірі. Бұл бағытта көп жұмыс атқарылып жатыр. 1 406 байланыс орталығы, Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы,
@SaqtandyryBot Telegram-боты немесе қордың ресми сайты арқылы бізбен байланысуға болады. Сондай-ақ қор қызметкерлері ТМККК және МӘМС шеңберінде халыққа көрсетілген медициналық көмектің сапасына тұрақты түрде мониторинг жүргізеді. Егер қандай да бір ұйымға пациенттен шағым келіп түссе, қор жоспардан тыс тексеру жүргізуге құқылы. Халықты өз құқықтарының бұзылуын ескерусіз қалдырмауға шақырамыз, – дейді Әсия Аймагамбетова.
Сақтандыру қоры жеке клиниканың басшыларына ғана тиімді болып отыр
Медицина сарапшысы Қайырғали Көнеев мұндай мәселелерді реттеу үшін ақылы қызмет көрсететін медицина мекемелерін сақтандыру бойынша қарайтын емханалардан бөліп тастау керегін айтады.
– Көптеген елдерде, мысалы Ұлыбританияда клиника сақтандыру арқылы жұмыс істесе, онда басқа ақылы қызметтер көрсете алмайды. Бұл – жемқорлықтың алдын алу үшін қолданылған шара. Ал бізде қалай? Сіз клиникаға барасыз, келген себебіңізді айтасыз, сізге қорытындысын 2 ай күту керек екенін айтады. Сөйтеді де, ақылы қызмет ұсынады. Ол 1 сағатта-ақ дайын болады. Ақылы да, тегін де қарайтын бір-ақ дәрігер, сіз ақша төлегеннен кейін бос отырған болып шығады. Неге олай? Себебі клиникалар сізден де, қордан да ақша алуды мақсат етеді. Солайша, сақтандыру қоры халыққа да, дәрігерлерге де емес, жеке клиниканың басшыларына ғана тиімді болып отыр.
Негізінде сақтандыру болғаннан кейін, ақылы клиника деген түсінік мүлде болмауы керек. Бірақ, оларды қалдырамыз деп жатыр ғой, жақсы, қалдырсын, тек ақылы түрде емдейтін медициналық мекемелер сақтандыру қорымен келісімшартқа отырмауы керек. Ал сақтандыру қоры арқылы пациент қабылдап отырған клиникалардың ақылы түрде адам қабылдауына тыйым салу керек, – дейді сарапшы.
Қорға жарна аударудың тәртібі қандай?
Жарнаны жұмыс беруші аударады. Әу баста жарна жалақы көлемінің 1,5 пайызына тең болды. 2020 жылы бұл сома 2 пайызға көбейді. 2020 жылдан бастап жұмысшыларға 1 пайыз көлеміндегі жарнаны табысынан төлету жоспарланып отыр. Алайда бұны олар өз бетімен төлемейді – жұмыс беруші айлығынан ұстап қалады да, қорға аударады. Алға қарай жұмысшының жарнасы табысының 2 пайызына дейін ұлғаяды.
Қарамағындағы қызметкерлері медицина ұйымдарының көмегіне жүгінбеген жұмыс берушінің аударған аударымдары да қайтарылмайды. Төленген қаражат осы аралықта сырқаттанып, медициналық көмекке жүгінген, сақтандырылған адамдардың еміне жұмсалады.
2020 жылдың 12 айында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға шамамен 550 млрд теңге аударылған. Ең көп жарна мемлекеттен түскен: 15 санаттағы азаматтар үшін 297,6 млрд теңге бөлініпті. Жұмыс берушілердің өз қызметкерлері үшін аударған жарналарының жалпы сомасы 162,6 млрд теңге болған.