Заң қорлау үшін емес, қорғау үшін жазылса керек

Заң қорлау үшін емес, қорғау үшін жазылса керек

Заң қорлау үшін емес, қорғау үшін жазылса керек
ашық дереккөзі
Былтыр 23 қыркүйекте Мәжіліс депутаттары бірінші оқылымда мақұлдаған «Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» заң жобасы ел ішінде үлкен дау туғызып, қоғамды екіге жарды. Бір топ бұл құжат ата-ана мен бала арасына іріткі салып, от­басы институтының құтын қашырады деп дүрліксе, заң жо­басының басы-қасында жүрген екінші топ жаңа заңдағы нор­малар отбасылық зорлықтың алдын алып, әйелдер мен ба­лалар қауіпсіздігін қамтамасыз етуді көздейтінін алға тар­тып отыр. Әлі Сенаттың сүзгісінен өтпесе де, есімі елге белгілі аза­маттарының үндеу жариялауына, халық арасында онлайн-петиция ұйымдастырылуына себеп болған заң жобасы төңірегіндегі шу Президенттің құлағына жетпей қоймады. Даулы құжатқа қатысты пікір білдірген Мемлекет бас­шы­сы Қасым-Жомарт Тоқаев: «От­ба­сы­лық-тұрмыстық зорлық-зом­бы­лық­қа қарсы іс-қимыл туралы» заң жо­­басы қоғамда қызу талқыға тү­су­де. Бұл – орынды. Өзекті мәселелер кеңі­нен талқылануға тиіс. Оның нор­маларын мұқият қарап, барлық пі­кірлерді ескерген жөн. Басты мін­детіміз – әйелдер мен балалар құқы­ғын қорғау», деп жазды Twitter па­рақшасында. Сенат бекітіп, Президент қол қоймаған кез келген заң жо­басына тиісті өзгерістер енгізуге бо­латыны белгілі. Демек, көппен бір­ге дүрліге бермей, құжатпен жіті та­нысуға, көкейге қонымсыз тұсын атап, ұлттық ұстынға қайшы жерін көр­сетуге, осы елдің азаматы ретін­де өз пікірімізді салмақтап жеткізуге уақыт бар. Әйтпесе, заң жобасына қар­сылардың арасында оның бір бе­тін парақтамастан, танымал аза­маттардың, блогерлердің пікіріне еріп, «аттанға» басқандардың қа­тары көп екені аңғарылады. «Отбасылық-тұрмыстық зор­лық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл ту­ралы» заң жобасына қарсы шық­қан қоғам белсенділерінің пайы­мын­ша, аталған құжат бойынша ата-анасының баласына дауыс кө­теруі отбасылық зорлық ретінде есеп­теліп, бала мемлекет қарауына әке­тілуі мүмкін, ал әке-шешесі ата-ана құқығынан айырылуы ғажап емес. «Мынандай заңмен ұрпағымыз қалай өседі? Кім болады?» деп дүр­лік­кен топ халықты бұл құжаттың қа­былдануы қарсы петицияға қол қою­ға шақырды. Олардың қатарын­да белгілі актер, «Өнер қырандары» теат­рының директоры Мадияр Серік­баев, әнші Серік Ибрагимов, акт­риса Жұлдыз Әбдікәрімова сын­ды бірқатар елге танымал азаматтар бар. Аталған заң жобасында от­ба­сылық зорлық-зом­бы­лық­тың экономикалық, психологиялық және физикалық түрі бар екені атап көрсетілген. Яғни, балаңызға ұрыс­саңыз – психологиялық, қол көтер­сеңіз – физикалық, әлеуметтік жағ­дай жасай алмасаңыз – эконо­микалық зорлық-зомбылық көр­сеткен болып шығасыз. Маман­дар­дың пікірінше, заң жобасы осы күйін­де қабылданса, материалдық жағ­дайы нашар көп отбасы тығы­рық­қа тірелмек. Мәселен, 5-6 бала­мен бір бөлмені паналауға мәжбүр бо­лып отырған отбасылар бар, айлы­ғын шайлығына жеткізе алмай отыр­ған ата-ананы балаңа эконо­ми­калық зорлық көрсеттің деп жа­за­ламақ па? Қазіргі күрделі ке­зеңде әр баласына бір бөлме сайлап беруге ары кетсе он қазақтың бір-екеуі ғана қауқарлы шығар. Басқасы не істемек? Ата-аналар неге алаңдаулы? Жұрттың ашуын туғызған заң жобасының 5-бабы­ның 11-тар­мақ­шасында: «Адамның құқықтары мен бостандықтарына қысым жасайтын және отбасылық-тұрмыстық зор­лық-зомбылыққа ықпал ететін әдет-ғұрыптар мен дәстүрлерді бол­ғызбау» деген сөз бар. Бұған не жа­татыны ашып жазылмаған. Ойы­мызға әуелгі ке­ле­тіні – қыз алып қашу, баланы сүн­дет­ке отырғызу. Тағы қандай дәс­түр­лерді меңзеп тұр? Тәптіштеп тү­сіндірілмеген­дік­тен, ел арасында ер балаларды сүн­дет­ке отырғызу рәсіміне тыйым салы­нады екен де­ген алыпқашпа әңгімелер тарай бас­тады. Көптің алаң­даушылығы ел­ге белгілі азамат­тарды Мемлекет бас­шысына, Мәжі­ліс депутаттарына үндеу жолдауға итер­меледі. Жаңа заң жобасына тү­бе­гей­лі қарсылық та­ныт­қан­дардың бірі – айтыскер ақын Бал­ғын­бек Имаш.
«Мен «Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қи­мыл туралы» заң жобасын оқып шық­тым. Заңгер болмасам да, тіл ма­маны ретінде, айтыскер ақын ре­тінде ондағы әр термин мен әр сөз­дің мағынасын, оның астарын, оның қыры мен сырын, жасырынған мәнін толық түсіне отырып, бұл заң жобасы бала құқығын желеу етіп, ата-ананың абыройы мен беделін тү­сіретін, отбасы деген қасиетті ұғым­ның тамырына балта шабатын қитұрқы жоба деп мәлімдеймін. Тен­тегіне тектей алатын, қисығын тез­ге салып түзейтін ата-баба дәстү­рін, дініміздің қастерлі ұстаным­да­рын жоққа шығарып, батыстық үл­гіні қабыл ету арқылы біз қай ұш­паққа шықпақшымыз?» – деп жаз­ды ақын желідегі парақшасында.
Белгілі әнші, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, көп­балалы ана Қарақат Әбілдина да атал­ған құжат ұлттың болашағына бал­та шабуы мүмкін деп алаңдаулы.
«Көршің «мынаның баласы күн­дегіден көбірек жылады» деп ша­ғым­данса, жетіп келіп баланың де­несін бастан-аяқ қарайды екен де, ине­нің ұшындай көгерген, қызарған бел­гі тапса бітті баланы арқалап ке­те барады екен. Бала жүгірмей ме, се­кірмей ме, құламай ма?! «Әй ойбай ойнама, жүрме, отыр, көгертерсің» деп қадам бастырмай байлап оты­райық?! Басқаны қойшы, бала өзі де қоңырау шалып арыз бере ала­ды екен. Алла-ау, телефонды ту­ған­нан біліп шығатын бұларың, қит етсе звондап тұрсын онда?! Мына за­ман қалай-қалай түрленеді?! Қай­да бара жатырмыз? Кімге сенеміз? Мү­дделері не? Ұрпағымыз арқылы болашаққа балта шауып, ұлтты мәң­гүрттендіріп, елді ессіздендіру ме?! Қарсымын!», – деп жазды әнші желі­де­гі парақшасында.
Баланың өзі құзыретті ор­ган­дарға қоңырау шалып, ата-анасының үстінен арыздана ала­ты­ны заң жобасының «Ішкі істер ор­ган­дарының құзыреті» деп аталатын 10-бабында айқын көрсетілген. Атал­ған баптың 4-тармағында «ба­лаларды тәрбиелеу жөніндегі мін­деттерін орындамайтын немесе тиісті түрде орындамайтын, оларға қатысты құқыққа қарсы әрекеттерді жасайтын ата-аналарды немесе олар­ды алмастыратын адамдарды анық­тайды» десе, 7-тармақшада «зар­дап шегушінің өтініші бойынша оны медициналық куәландыруға, сот-медициналық сараптамаға жі­бере­ді; 8-тармақшада «зардап шегу­шінің өтініші бойынша оны көмек көр­сету жөніндегі ұйымға немесе ден­саулық сақтау ұйымына жібере­ді» делінген. Қоғам белсенділері бұл норма ата-ананың бала алдындағы қадір-қасиетін төмендетеді деген пікірде. Заңгерлер неге қарсы? Заң жобасына қарсылықтарын ашық білдіріп, Парламент өкіл­дерін құжатты түзетуге шақыр­ғандардың арасында өнер адам­дары, блогерлерден бөлек, заң­гер­лердің қатары да аз емес. Сала ма­мандары бұл заң жобасының Қа­зақстанда қалыптасқан негізгі құ­қық­тық нормаларға сай келмей­ті­нін, заң шығарушылар кейбір жайтты ескермегенін алға тартуда.
«Кез келген тұрмыстық зорлық-зом­былыққа қарсы екенімізді айта оты­рып, «тұрмыстық зорлықпен кү­рес» деген ұранның кесірінен қарапайым отбасылардың зардап шегуі мүмкін екенін айтқымыз келеді. Біздің көпұлтты қоғамда от­басы құндылықтары, ата-ана мен баланың қарым-қатынасы ерекше бағаланады. Әр қабылданатын заң осыған сәйкес құрылуы керек. Бірін­­шіден, депутаттар ұсынған жаңа заң біздің өмірге, қоғамға сай келмейді. Кез келген заң құқықтық фундаментке, базаға сүйеніп құры­лады. Одан әрі ол қоғамның қызы­ғушылығына, тіршілігіне қарай елдің жағдайын, құқығын жақсар­туы керек», – дейді Солтүстік Қазақ­стан адвокаттар алқасының адво­каты Елена Игнатенко.
Маманның айтуынша, жаңа заң жобасында психоло­гия­лық зорлық туралы айтылғаны­мен, оның ешқандай құқықтық нор­масы жоқ.
«Психологиялық зорлық дегенді «адамның психикасына әдейі әсер ету» деп түсіндірген. Олай болса, жар­нама, кино секілді дүниелер де адам психикасына әдейі әсер етуге жат­пай ма? Сонда ата-ананың бала­мен жеке сөйлесуінің бәрі психоло­гия­лық зорлық болып санала ма? Заң­ның тұжырымы дұрыс емес», – дей­ді қорғаушы.
Елена Игнатенко «Отбасылық-тұр­мыстық зорлық-зом­бы­лыққа қарсы іс-қимыл туралы» заң жобасындағы «экономикалық зор­лық» деп аталатын тараудың да дү­­дамал тұсы көп деп есептейді.
«Заң шығарушылар экономи­ка­лық зорлыққа баланы баспанадан, киімнен, тамақтан шектеуді жат­қы­зыпты. Бірақ мемлекеттің Конс­ти­туциясында баланың жеке құқығы, оған қанша киім алып, қанша тамақ жеуге болатыны туралы құқықтық норма жоқ. Бәріміз ұл-қызымыздың тамағы тоқ, киімі бүтін болып өс­кенін қалаймыз. Дегенмен елімізде ба­ласын әрең асырап отырған, оны жайлы үймен қамтамасыз етуге жағдайы жетпей жүрген отбасылар бар. Егер біз талқылап отырған заң қа­былданып кетсе, көпбалалы, мұқ­таж отбасылардың баласын ата-ана­дан айырады. Әке-шешесі бола тұра, балалар үйінде тәрбиеленетін­дер көбейіп кетеді. Бір сөзбен айт­қан­да, мемлекет отбасының бюдже­ті­не араласып, әр айдағы қара­жат­тың балаға қалай жаратылатынын аңдуға дейін баруы мүмкін. Алайда мемлекет тарапынан әр отбасыда мынадай қаражат болуы керек деп жасалып жатқан жағдай жоқ», – дейді заң маманы.
Заңгер Бейбіт Омаров та құ­жат­тағы ұғымдардың анық­та­ма­сын ұға алмай жүргенін айта­ды.
«Жаңа заң жобасында оның ав­тор­лары: «Психологиялық зорлық-зом­былық – бұл қасақана психи­ка­лық азап шектіру, қорлау, шантаж жасау, адамның ерік білдіруін шек­теу және адамның ар-намысы мен қа­дір-қасиетін қорлайтын басқа әре­кеттер мен оларды қолданамын деп қорқыту» десе, «Экономикалық зор­лық-зомбылық дегеніміз – та­мақ­тануға, тұрғын үйге немесе адам­ның дамуы үшін қажетті басқа жағ­дайларға, меншікке, жұмыс іс­теуге, білім алуға, бірлесіп меншікті пай­далануға, сондай-ақ тиісті үлес­ке билік ету құқығын жүзеге асыру­дағы шектеулерге алып келген қа­сақана әрекет» деп береді. Бұлыңғыр анықтамадан не түсіндіңіз? Айта­лық, ата-ана баласына: «Егер сен үй тап­сырмасын орындамасаң, серуен­ге шықпайсың!» десе, бұл «шантаж, психикаға қасақана әсер ету, ерік білдіруді шектеу және адамның ар-намысы мен қадір-қасиетін қор­лайтын басқа әрекеттер» болып шыға келмей ме? Балаңыз жаңа ком­пьютерлік ойын сатып алғысы ке­леді, сіз оған рұқсат етпедіңіз де­лік. Демек, сіз оған психикалық азап шеккізуші ретінде жазаланасыз, – дейді заңгер Бейбіт Омаров.
Дініміз не дейді? Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының төра­ғасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы қоғам наразылығын ту­дыр­ған заң жобасына қатысты мә­лімдеме жасады.
«Біздің дініміз бен дәстүрімізде, күн­делікті өмір сүру дағдымыз бен ұлттық болмысымызда ата-ананың ұрпақ алдындағы аманаты, баланың перзенттік парызы, олардың бір-біріне қатысты тәрбие үлгілері бағ­зы заманнан қалыптасқан. Осынау құндылықтар ғасырдан-ғасырға жал­ғасып келеді», – дейді ол.
Бас мүфти өзгенің таным-түсінігімен өмір сүре алмай­ты­­ны­мызды, ұстанатын дініміз бен арқа сүйер салтымыз бар екенін атап өтті.
«Күнделікті өмірде дағдымызға ай­налған ғұрпымыз бар. Әрине, біз от­басындағы зорлық-зомбылыққа тү­бегейлі қарсымыз. Өз ұрпағына, ама­нат етіп алған жарына қол көте­ріп, зиян шектіргендер қылмыстық әрекеті үшін заң алдында жауапқа тар­тылуы тиіс. Алайда бала құқы­ғын алға тартып, оның әдепсіз әре­кет жасауына жол беру дұрыс емес. Бұл – бала болашағына балта шаба­тын қадам», – деді Наурызбай қажы Тағанұлы.
Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының төра­ға­сы халқымыздың жас буынды «ұят болады, обал болады, сауап бо­лады» деген тәрбиелік мағынасы те­рең түсініктермен жөнге сал­ға­нын еске салып:
«Осы үш ұғымды өмір сүру дағ­дысына айналдырған бозбала мен бойжеткен ата-анасын, одан қалса елі мен жерін ұятқа қалдырмайды. Әр адам өз отбасына жауапты. Осы жауапкершілікті саналы түрде сезінген ата-ана бала тәрбиесіне тия­нақты түрде мән береді. Ол үшін ең әуелі өзінің әдебі мен мәдениетіне мән беруі қажет. Ғұламалардың: «Бала тәрбиелеуден бұрын өзіңді тәр­биеле» деген сөзінде үлкен мән жатыр. Баламызды бес жасқа дейін патшадай күтіп, мәпелеп өсірсек, он бес жасқа дейін өмір тіршілігіне икемдеп, еңбекке баулып, үлкенге қызмет етіп, батасын алуға тәр­бие­лесек, он бес жастан кейін онымен жеке тұлға, өзіндік ойы бар азамат ретінде пікірлесіп, ақылдасып, жиі сырласып-сұхбаттассақ, үміт еткен ұрпағымыздың жақсылығын көре­тініміз анық», – деп түйіндеді сөзін.  
Заң жобасын қолдаушылардың уәжі қандай? Өткен жылдың көктемінен бері күн тәртібіне шыққан заң­ның жобасын жасаушылардың сө­зінше, құжаттың басты мақсаты – зор­лық-зомбылықты жою және ал­дын алу. Соңғы кезде елімізде түрлі тұрмыстық деңгейдегі дау-жан­жалдың көбеюі жаңа заңның қа­жеттігін көрсетті дейді олар. Күйеуі өлімші етіп сабаған әйел­дер­дің, ата-ананың жауапсыздығынан, мейірімсіздігінен теперіш көрген балалардың қатары артқанын жоқ­қа шығара алмаймыз. Әсіресе, ка­ран­тин кезінде отбасындағы құ­қық­бұзушылық 25 пайызға өскен. Әйелдер мен балалардың құқығын қор­ғап, қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қолға алынған заң­ның жобасын жазуға 50-ден астам адам қатысып, 220-дан астам елді­мекен қамтылыпты. Заң жобасын талқылауда үкіметтік емес ұйымдар өкіл­дерінің де ұсыныстарына ба­сым­дық берілген. «Отбасылық-тұрмыстық зор­лық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл ту­ралы» заң жобасы жұмыс тобы­ның жетекшісі, Мәжіліс депутаты Айгүл Нұркина халық заң жобасын дұрыс түсінбей жатыр, құжат нор­ма­ларын бұрмалап әдіптеушілер көп деген пікірде.
«Өкінішке қарай, талқыланып жатқан заң жобасының жекелеген нор­маларын қате түсіндіретіндер бар. Мысалы, «жыныстық еркіндік», «экономикалық зорлық-зомбылық», «психологиялық зорлық-зомбы­лық» ұғымдарына қатысты теріс пі­кір қалыптасқан. Бұл ұғымдар заң­нама үшін жаңалық емес. Қол­да­­­ныстағы «Тұрмыстық зорлық-зом­былық профилактикасы тура­лы» 2009 жылы қабылданған заң­да­ғы 4-бапта «жыныстық еркіндік» де­ген сөзбен бірге, тұрмыстық зор­лық-зомбылықтың барлық түрі көр­сетілген. Енді, осы ұғымдардың болуы «олардың жыныстық еркін­дігіне қысым жасау» себебінен қан­ша қазақстандық отбасынан ба­ла­ларды тартып алуға мүмкіндік бер­ді? Сондай-ақ «жыныстық ер­кін­дік» – отандық заң әдебиетінде жә­­не қылмыстық құқық теория­сын­да қолданылатын қалыптасқан заңды термин. Тиісінше, жыныстық еркіндікті қоғамға тән емес азғын­дық термин деп бекіту – тұрмыстық философиялық пайымдау», – деді депутат.
Халық қалаулысының сөзінше, осы терминнің заң жобасында бекітілуі дау туғызуы мүмкін екенін ескеріп, жұмыс тобы «жыныстық зорлық-зомбылық» ұғымының заңды анықтамасынан «жыныстық еркіндік» деген сөзді алып тастаған.
«Кейбіреулер балаларды басқа от­басына асырауға береді деген пі­кір айтып жүр. Балаларды балалар үйіне беру оңай шаруа емес. Бұл үшін салмақты себеп болуы керек. Ол үшін баланың шынымен жақын туыстары жоқ екенін немесе ата-анасы ата-ана құқығынан айы­рыл­ғанын растау қажет. Қамқоршылық жә­не қорғау органдарының міндет­ті қатысуымен тиісті сот рәсімдері­нен өтуге, барлық қажетті құжатты жи­науға тиіс. Сондықтан үрей ту­ғы­зу­дың қажеті жоқ. Біздің мақ­са­тымыз – отбасылық құнды­лық­тар­ды бұзу емес, проблемаларды ше­шуде кешенді тәсілді енгізуге ба­ғыт­талған тұрмыстық зорлық-зом­бы­лық профилактикасының қол­да­ныс­тағы тетіктерін жетілдіру ар­қылы көмекке мұқтаж адамдарды қор­ғау. Өкініштісі, кейбіреулер заң жо­баларында жоқ мәселелерді ай­тып, халықты шатастырып жүр», – деді Айгүл Нұркина.
Депутаттың бұл сөзін заң жо­басын жасаған жұмыс то­бының мүшесі Халида Әжіғұлова да қостады. Ол баласына қастық жа­сап, қылмысқа барғандар ғана ата-ана құқығынан айырылатынын баса айтты.
«Отбасылық-тұрмыстық зор­лық-зомбылық болып жатуы мүм­кін деген қоңырау келіп түссе, по­ли­ция баланы бірден тартып алу үшін емес, тексеру үшін барады. Мы­салы, полиция қызметкері бала­ның жағдайы расында мүшкіл еке­ніне көз жеткізсе, оның басын қа­терге төндіріп, қалдырып кетпейді ғой. Ондайда уақытша қауіпсіз жер­ге орналастыруы мүмкін. Мы­са­лы, қамқоршы органдар күндіз әрі жұмыс күндері жұмыс істейді. Яғни, мерекеде не түнде келеңсіз жағдай болса, олар көмектесе алмайды. Сол үшін полицияның бақылағаны жөн», – дейді Әжіғұлова.
Үш бала өсіріп отырған ана, жур­­налист Жанар Жансейіт те көпшіліктің қарсылығын туғыз­ған заң жобасын қолдайтынын жет­­­кізді.
«Біздің «қоғам қайраткерлері» заң жобасын оқымай, байыбына бар­май байбалам салады. Айтып отыр­ған сөздеріне қарағанда, Құдай біледі, заңның бетін де көрмеген. «Енесі тепкен құлынның еті ауыр­майды» дегенді сылтауратқан. Бірақ өзіміз куә болып жүрген, жаңалық­тардан оқып жүрген жантүршігерлік оқиғалар жетерлік. Әке-шешесінің әлімжеттігін көріп өскен бала ша­расыз күйге түсетін жағдайлар бар, олар үйлерінен безіп кеткісі келеді, бірақ қайда барып көмек сұрап, қайдан пана табатынын білмейді. Қит еткенге баламызды тар­тып ала­ды деп ойламай­мын, ол үлкен тексеріс, зерттеуден кейін жүзеге асатын дүние. Оның сыр­тын­да әке-шешесі психологиялық ем­нен өту керек. Өзі бала кезден травма алған адам баласына қайта сол қорлықты көрсететіні белгілі. Сон­дықтан бұл да дұрыс шешім. Бала – Алланың аманаты. Балалары­мызды саналы түрде, жан-жақты дайын болғанда дүниеге әкелейік. Сайып келгенде, баланың бұзықты­ғы да ата-анасының махаббаты, на­зары, мейірімі жетпей жатқан кез­де шығады»,  – дейді журналист.
P.S. Күні кеше ғана Мәжіліс депутаты атанған белгілі саясаттанушы Ерлан Сайыров өткен аптада даулы заң жобасына қатысты пікір білдіріп, осы заңды қабылдаумен айналысатын жұмыс тобына ену жөнінде өтініш жасағанын мәлімдеді. Қоғамда талқыланып жатқан тармақшалардың көпшілігі құжаттан алынып тасталғанын жеткізген халық қалаулысы: «Заң жобасының ұлтымыздың рухани кодына сәйкес болуы үшін еңбек ететін боламыз», – деп сендірді. Солай болғай. Күтейік.