Франциямен экономикалық байланыс нығаймақ

Франциямен экономикалық байланыс нығаймақ

Франциямен экономикалық байланыс нығаймақ
ашық дереккөзі
Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Түркістанға жұмыс сапарымен келген Францияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Дидье Канеспен кездесті. Кездесу барысында тараптар облыс пен Франция Республикасы арасындағы екіжақты қарым-қатынастардың дамуын талқылады. Дидье Канесс Түркістан облысына деген үлкен қызығушылықтың айқын екенін атап көрсетіп, екі ел арасында туризмді дамытуға тоқталды. Өз кезегінде Өмірзақ Естайұлы өңірдің экономикалық әлеуетімен таныстырып, бірлескен жобаларды жүзеге асыруға шақырды. Өңір басшысы Франция Қазақстанмен стратегиялық серіктестік туралы шартқа қол қойған алғашқы еуропалық елдің бірі болғанын атап өтті. Екіжақты қарым-қатынастардың бүгінгі жоғары деңгейі ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2015 жылы Парижге ресми сапары барысында қол жеткізілген уағдаластықтардың нәтижесі болып табылатынын атап өтті. «Өздеріңізге белгілі, 2018 жылдың 19 маусымында Елбасы Н.Назарбаевтың Жарлығымен Түркістан облысы құрылып, оның әкімшілік орталығы Түркістан қаласы болды. Қалаға облыс орталығы мәртебесін беру инвестиция тартуға айтарлықтай серпін берді. Біз өз тарапымыздан француз компанияларының біздің облыста бизнесті дамыту бойынша бастамаларына толық қолдау көрсетуге дайынбыз және ынтымақтастығымызды одан әрі дамытуға сенім білдіреміз. Түркістан өңірінің экономикасын ілгерілету үшін кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы салалары мен туризм индустриясын дамыту басты бағыттардың бірі», – деді Ө.Шөкеев. Сонымен қатар, тараптар туризм және білім беру салаларындағы екі ел арасындағы ынтымақтастық стратегиялық серіктестіктің басымдықтарының бірі болып табылатынын атап өтті. Атап айтқанда, өткен жылы Түркістан қаласындағы Халықаралық туризм және қонақжайлылық университеті мен Анжэ университеті арасында ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылған. Құжат білім алу, зерттеулер жүргізу және тәжірибе алмасу мақсатында студенттермен, профессорлық-оқытушылық құраммен тәжірибе алмасуды, сондай-ақ туризм индустриясы мен қонақжайлылықты дамыту саласында бірлескен конференциялар, семинарлар өткізуді көздейді. Болашақ мамандар үшін тілдік курстарды ұйымдастыру мәселесіне ерекше назар аударылады. Француз дипломаты өзара ынтымақтастықты кеңейту үшін тиісті жұмыстар жүргізілетінін айтып, күллі түркі әлемінің рухани астанасы – Түркістанның жаңарған келбеті таң қалдырғанын және өңірдің экономикалық әлеуеті жоғары екенін айтып өтті. Дидье Канес облыс басшысына жылы қабылдағаны үшін ризашылығын білдіріп, іскерлік әрі серіктестік ынтымақтастықты одан әрі нығайту жөнінде сенімділік білдірді.