АҚШ тұрғыны Трампқа қауіп төндіргені үшін 9 жылға сотталды

Коннектикут штатының тұрғыны елдің экс-президенті Дональд Трампқа қауіп төндіргені үшін 9 жылға бас бостандығынан айырылды, – деп жазды Tengrinews.kz.

Коннектикут федералды прокурорының сайтында жарияланған хабарламада 53 жастағы сотталушы Гэри Джозеф Гравелл жеті айып бойынша кінәлі екенін, оның ішінде ел президентіне қауіп төндіргенін мойындады. Нәтижесінде сот Джозеф Гравеллді 9 жылға бас бостандығынан айырды.

«АҚШ округінің судьясы Кари Дули Бриджпортта Гари Джозеф Гравеллді АҚШ-тың экс-президентіне қауіп төндіргені үшін 110 айға бас бостандығынан айырды», – делінген Коннектикут прокуроры Джон Дарамның хабарламасында.

Тергеу мәліметтеріне сәйкес, бұл азамат бірқатар шенеунікке – АҚШ президентіне, әуежай әкімшілігіне, судьяларға, түзету және діни мекемелердің қызметкерлеріне телефон және электрондық пошта арқылы қауіп төндірген. Оның ішінде ол зиянсыз ақ ұнтақ салып, сәлемдеме жіберген. Оны сібір жарасының спорасы деп ескерткен. Сондай-ақ америкалық бірнеше штаттағы кейбір жылжымайтын мүлікке нұқсан келтіру ниеті туралы хабарлаған.

2013 жылы сот Гравеллді қауіп-қатері бар хаттарды жібергені үшін 70 айға бас бостандығынан айырған екен. 2015 жылы ол бостандыққа шыққан және үш жылдан кейін қайтадан адамдарға қауіп төндіре бастапты.

Психиатриялық сараптама сотталушының психикалық ауытқушылығына қарамастан сау деп таныған. Қазір Гравелл түрмеде отыра ма, әлде түрме ауруханасында жазасын өтей ме белгісіз, бұл мәселе шешіліп жатыр.

Back to top button