Оқушы қыздарды бірнеше жыл бойы зорлап келген азамат өмір бойына сотталды

Павлодар облысында кәмелетке толмаған қыздарды бірнеше жыл бойы зорлап келген айыпталушыға қатысты сот үкімі шықты.

Қылмыстық іс Павлодар облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралған.

Қазақпараттың жазуынша, алқа билердің қатысуымен өткен сотта айыпталушыға Қылмыстық кодекстің бірнеше бабы (120, 121, 296, 287 баптарының бөліктері) бойынша айып тағылған.

«Сот барысында Ж. атты азаматтың 2016 жылғы 26 наурыз бен 2020 жылғы 4 қаңтар аралығында кәмелетке толмаған қыздарды зорлағаны анықталған. Сонымен қатар кәмелетке толмаған үш қызға сексуалды сипаттағы зорлық әрекетін жасаған. Оның үйін тінту барысында қару мен есірткі табылды», – делінген Павлодар облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты баспасөз қызметінің хабарламасында.

Сот отырысында тағылған айып бойынша эпизодтарда Ж-ның кінәсі дәлелденді. Ол өмір бойына бас бостандығынан айырылды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

 

Back to top button