Túrkistan халықаралық газетінің жинағы таныстырылады

Ертең, яғни 28 қаңтар – Túrkistan халықаралық газетінің жарыққа шыққан күні. Дәл осы күні, сағат 15:00-де елордадағы Қазақстан Ұлттық академиялық кітапханасында басылымның материалдар жинағы таныстырылады.

Túrkistan халықаралық газетінің жинағына Тәуелсіздік жылдары басылым бетінде жарияланған таңдаулы материалдар іріктеліп енгізілген. Елдік бірлікке, ұлттық тұтастыққа үндейтін сүбелі мақала, сұхбаттар топтастырылған кітап ел Тәуелсіздігінің шежіресіндей. Тарихтың ақтаңдақ беттері мен түркі әлеміне ортақ шежіре, рухани-мәдени мұра да аталған кітап бетінен табылады. Жинақ қалың оқырманға рухани азық болса, қазақ баспасөзін зерттеушілер үшін таптырмас көмекші құрал.

Негізін Қазақстанның Халық жазушысы Қалтай Мұхамеджанов қалаған Túrkistan халықаралық газеті 1994 жылғы 28 қаңтардан бастап шыға бастады. Сол уақыттан бері басылым бетінде саяси-қоғамдық, тарихи-танымдық, рухани, мәдени тақырыптардағы сараптамалық мақалалар, орамды ойлар мен парасатты пайым-пікірлер үзбей жарияланып келеді. Әсіресе, туысқан түркі тілдес халықтардың ынтымақтастығы мен алыс-жуықтағы қандастар мәселесі де назардан тыс қалған емес. Елдік сипаты жағынан өзіндік бағыты анық қалыптасқан, қазақ баспасөзінде орны бар басылым Қазақстан Тәуелсіздік жылдарының әрбір елеулі оқиғасын назардан тыс қалдырған емес.

Back to top button