Жаңалықтар

COVID-19: Аурухана төсегін босату үшін бірнеше науқасты өлтірген дәрігер тұтқындалды

ашық дереккөзі

COVID-19: Аурухана төсегін босату үшін бірнеше науқасты өлтірген дәрігер тұтқындалды

Италияның Монтикьяри қаласындағы аурухананың жедел жәрдем бөлімінің бастығы Карло Моска төсек-орындарды босату үшін коронавирусқа шалдыққан науқастарды өлтірді деген күдікке ілінді, деп хабарлайды La Repubblica.  Басылым 47 жастағы дәрігерді жуырда ел арасында батыр атанғанын атап өтті, өйткені ол індет жұқтырған науқастармен күнтіз-түні жұмыс істеп, өз денсаулығын қатерге тіккен.  Өткен жылдың көктемінде Италия COVID-19 таралуы бойынша әлемдік көшбасшы болған кезде, Моска пациенттердің өмірін сақтап қалу үшін екі ай бойы өз отбасынан жырақта жүрген. Енді ол "өлім дәрігері" атанып отыр. Моска жұмыс істеген аурухана медбикелерінің айтуынша, дәрігер көбінесе коронавирусты емдеу хаттамасында қарастырылмаған күшті дәрі-дәрмектерді әкелуді талап еткен көрінеді. Сонымен қатар, Моска оны ауыр халде жатқан науқастармен жалғыз қалдыруды өтінген, бұл аурухана қызметкерлерінің күдігін тудырған. Дәрігердің іс-әрекетінен кем дегенге екі науқастың көз жұмғаны белгілі. Италия прокуратурасының мәліметінше, наурыз айында Моска 61 жастағы Натале Басси мен 80 жастағы Ангело Палеттиге күшті анестетикалық препарат - пропофолдың өлімге әкелетін дозаларын еккен. Қазіргі уақытта құқық қорғау органдары дәрігердің тағы төрт адамның өліміне қатысы бар-жоғын анықтауға кірісті. Ақ халаттының кісі өлтіру себептері белгісіз. Әріптестерінің пікірінше, дәрігер пандемия кезінде жүктеменің көптігі салдарынан ақылынан адасуы мүмкін. Алайда полиция Моска кезек күткен басқа науқастарды орналастыру үшін үмітсіз пациенттерден құтылды деп санайды. Полиция дәрігерді кісі өлтірді және пациенттердің ауру тарихын бұрмалады деген күдікпен қамауға алды. Моска өзі барлық айыптауларды жоққа шығарды және күшті препараттар қолданғанын мойындаған жоқ.