Каспий жағалауында 300-ден астам итбалықтың қырылу себебі белгілі болды

Желтоқсанда желіде Дағыстандағы Каспий жағасында 300-ден астам итбалықтың қырылғаны жөнінде ақпарат тараған еді. Ғалымдар жануарлардың қырылу себебін айтты, деп хабарлайды РИА Новости.

Бүкілресейлік балық шаруашылығы және мұхиттану ғылыми-зерттеу институтының есебіне сүйенсек, сейсмобелсенділік пен желсіз тыныштық салдарынан туындаған табиғи метан газы мен оның ілеспе газы Каспий жағалауында 300-ден астам итбалықтың қырылуына себепші болған.

Әлеуметтік желіде тараған видеодан кейін Ресей Мемлекеттік Думасының Экология және қоршаған ортаны қорғау комитеті Табиғат министрлігіне, Бас прокуратура мен ІІМ сауалдар жолдаған болатын. Ресейдің балық шаруашылығы жөніндегі агенттігі жануарлардың ауыр металдар мен пестицидтерден уланғанын жоққа шығарып, өзге шаруашылықтарда ондай фактілердің тіркелмегенін алға тартты.

Ғалымдардың айтуынша, өткен жылдың қараша айында Каспий теңізінің солтүстік және оңтүстік бөлігіндегі Дағыстан жағалауында амплитудасы 3,3 до 4,8 балл аралығындағы 40-тан астам сейсмикалық дүмпу болған.

«Жер сілкінісі кезінде теңіз бірнеше секундқа желсіз тынып қалған. Жел болмаған кезде теңіз бетінде тыныс алуға зиянды газдалған ауа линзасы қалыптасқан болуы керек. Салдарынан итбалықтар жағаға шығып қалған», – делінген Бүкілресейлік балық шаруашылығы және мұхиттану ғылыми-зерттеу институтының қорытынды хабарламасында.

Back to top button