Омбыда қазақ тілі оқытыла бастады

Омбыда қазақ тілі оқытыла бастады

Омбыда қазақ тілі оқытыла бастады
ашық дереккөзі
1 қыркүйек күні Омбыдағы №130 орта мектебінде Қазақ тілін оқыту орта­лы­ғының тұсаукесері өтті. Бұл – облыс­та соңғы екі жылда ашылған жетінші орталық деп жазды egemen.kz. Қазақ тілін оқып-үйренгісі келетін оқушылар орталыққа екінші сыныптан бастап аптасына екі рет, ал жоғары сынып оқушылары үш рет келетін болады. Аталған мектептің директоры Вячеслав Шестаков бұл тәжірибенің табысты болатынына сенімді. – Біз із салушылармыз, біздің мек­тебіміз – қазақ тілі екінші шет тілі секілді оқу бағдарламасына енгізілген қала­дағы тұңғыш мектеп. Бұл – үйірме емес, бұл – оқу жоспарының пәні. Өткен сәуір айында балалар мен олардың ата-аналары алдағы оқу жылында екінші тіл ретінде қай тілді оқып-үйренетіндерін таңдады. Егер сыныпта 20 оқушы болса, 10-ы қазақ тілін, ал қалғандары неміс пен француз тілдерін таңдады. Біз балалардың көршіміздің тілін тұрмыстық деңгейде емес, іскерлік қарым-қатынас деңгейінде оқып-үйренгенін қалаймыз. Мұндай мамандарға сұраныс өте жоғары. Іскерлік қазақ тілі бүгінде айтарлықтай жақсы даму үстінде. Мәселен, Қазақстанда оны Назарбаев зияткерлік мектептерінде оқып-үйренеді. Бізге жақын осындай оқу ошағы Петропавлда орналасқан, енді сондағы мектеппен ынтымақтастық шартын жасауды жоспарлап отырмыз, – дейді В.Шестаков. №130 мектеп қазақ диаспорасының өкілдері айтарлықтай жиі қоныстанған 108 «б» шағын ауданда орын тепкен. Жалпы, мектепте 14 ұлттың өкілдері білім алса, жартысы қазақ отбасыларының балалары. Бірақ орыс балаларының арасында да қазақ тілін оқып-үйренгісі келетіндер аз болған жоқ. Өйткені, олар өздерінің болашақтарын мұнай химия­сы, құрылыс салаларындағы инженер мамандықтарымен байланыстырады. Бүгінде Қазақстан мен Омбы облы­сының арасындағы жылдық тауар айналымы 360 миллион АҚШ долларын құрайды. 200-ден астам бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді. Достық үйінің директоры На­та­лья Степанова қазақ тілін оқып-үйрену түлектерге жақсы перспектива береді деп есептейді. – Омбы облысының басшылығы Қа­зақстанның бірқатар әкімдіктерімен ынтымақтастық туралы уағдаластыққа қол қойған. Бизнес білікті аудармашы­ларға зәру. Қазіргі таңда Қазақстанда үштілділікке басымдық берілген. Әкім лауазымына негізінен қазақ, орыс және ағылшын тілдерін білетін адамдар тағайындалып жатыр. Осы тұрғыдан алғанда, қазақ тілін оқып-үйренудің дәл осы 130-шы мектепте бағдарламаға енгізілуі де кездейсоқтық емес. Мек­тептің кіреберісіндегі Ауғанстанда қаза тапқан жауынгерлерге арнал­ған естелік тақтада Александр Волин мен Ермұрат Досжановтың есімдері жазылған. Бұл мектепте ізгі көршілестік дәстүрі бұрыннан қалыптасқанын және заңды жалғасын тауып келе жатқанын көрсетеді, – дейді Н.Степанова. Қазақ тілін оқыту орталығының тұсау­­кесер рәсімінде орыс киімін киген оқушы қыз бала мен қазақша киінген ер бала халықтар достығы туралы тақпақ оқып, қазақша және орысша мағынасы бірдей мақал-мәтелдерден мысалдар келтірді: «Алыс туысқаннан жақын көршің артық», «Достық – баға жетпес құндылық», т.б. сияқты.