Карантин: Маскасыз суретке түскен депутаттар айыппұл төлейтін болды

Карантин: Маскасыз суретке түскен депутаттар айыппұл төлейтін болды

Карантин: Маскасыз суретке түскен депутаттар айыппұл төлейтін болды
ашық дереккөзі
Семейде маска тақпай суретке түскен қалалық мәслихат депутаттарына санитарлық нормаларды бұзғаны үшін айыппұл салынды. Бұл туралы қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының өкілдері мәлімдеді. Arnapress.kz сайтының мәліметінше, ведомство басшысы Берік Тілебалдин айыппұл санкциялары резонанс тудырған суреттегі барлық тұлғаға салынғанын айтқан. «Санитарлық талаптарды бұзған жеке тұлға ретінде әркім ақы төлеуі керек. Айыппұл сомасы – 30 АЕК, бұл шамамен 85 000 теңге», – деді қаланың бас санитар дәрігері. Депутаттардан басқа, фотода бірнеше шенеунік, оның ішінде қала әкімі Ермак Сәлімов пен оның орынбасары Айдар Садырбаев та бар. Олар да депутаттар сияқты жауапкершілікке тартылды. Берік Тілебалдин айыппұл төлеуге бір ай берілетінін түсіндірді. Ал жеті күн ішінде айыппұл сомасының жартысын төлеуге болады. Әлеуметтік желіде кейбір депутаттар суреттің салдары туралы жазып жатыр. «Медициналық маскасыз түскен суретіме қатысты айыппұл түбіртегін алғаннан кейін алдағы дүйсенбіде бірден төлеймін», – дейді депутат Арман Машимов. Ал «Ауыл» партиясынан сайланған мәслихат депутаты Қайрат Смағұлов Facebook-парақшасында «Мен айыппұл төледім, ал сіз ше?» деп айыппұлды төлеп қойғанын жазды. Еске салайық, өткен аптада Семейде маска тақпай суретке түскен депутаттар әлеуметтік желілерде қызу талқыланды. Семейдің мәслихат хатшысы Бейсенбек Ақжаловтың айтуынша, депутаттар тек екі рет суретке түскен. Біріншісінде маскамен отырған.