Жаңалықтар

Елорда Жазушылар үйінде екі игі шара өтті

ашық дереккөзі

Елорда Жазушылар үйінде екі игі шара өтті

Қазақстан Жазушылар одағының Нұр-Сұлтан қалалық филиалы биылғы жылды екі маңызды іс-шарамен бастады. Әдеби басқосу аясында елордалық бөлімше директоры Дәулеткерей Кәпұлы жастар шығармашылығы жөніндегі орынбасарын таныстырды. Бұл орынға ақын Олжас Қасым тағайындалды. «Дарын»  Мемлекеттік жастар сыйлығының иегері ақын, журналист Олжас Қасым елордалық бөлімше шығаратын «Samuryq» республикалық журналының  бас редакторының орынбасары.  Бүгінде бас қалада жас ақын-жазушылар қатары көбейіп, әдеби орта қалыптасып келеді. Жаңа буынның да ортақ ой алмасып, шығармашылық байланыс орнататын бірден бір жер – филиалдың «Жазушылар үйі». Сол себепті жастармен жұмыс жанданып, іргілі бастамалар жалғасын табуға тиіс. Жауапкершілік жүгін арқалаған қаламгер сенім үдесінен шығатынын айтты. Филиалдың мұрындық болуымен осыған дейін Еуразия астаналары қаламгерлері форумынан бастап, түрлі мәдени іс-шаралар өткізіліп келеді.  Бөлімшенің ұйытқы болуымен жастарға серпін беретін байқаулар да жиі ұйымдастырылатыны мәлім. Сонымен қатар, осыдан бір ай бұрын Қазақстан Жазушылар одағы Нұр-Сұлтан ақалалық филиалы мен Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі  «Көңілде алаң басылса...» атты ақындар мүшәйрасын жариялаған болатын. Кеше жыр додасының жеңімпаздары анықталып, марапаттау  рәсімі өтті. Жас қаламгерлердің шығармаларын бағалап, сараптаған қазылар алқасының құрамында ақындар Оңайгүл Тұржан, Жанат Әскербекқызы, филиал директоры Дәулеткерей Кәпұлы болды. Елуге тарта ақын сынға түскен жыр сайысында бас жүлдені Біржан Ахмер еншіледі. Бірінші орынға ақын Айзада Рахымжанова ие болса, екінші орын Ерлан Аманқожаға бұйырды. Ал үшінші дәрежелі дипломға Айдана Сегізбаева, Әли Бекмұханбет,  ынталандыру сыйлығына Алпамыс Файзолла, Ауғанбай Санақұлы, Ерасыл Сәдуақас лайық деп табылды. Жарқырай көрінген жүлделі өлеңдерді елордалық театр актерлері оқып, көрермен назарына ұсынады. Сондай – ақ басқосу барысында қаладағы ақын-жазушыларға Әзірбайжан елшісі Р.Маммадовтың алғыс хаты, республикалық «Samuryq» әдеби-мәдени журналы табысталды.