Екінші дүниежүзілік соғыстан бері алғаш рет: Нидерландыда коменданттық сағат енгізіледі
Екінші дүниежүзілік соғыстан бері алғаш рет: Нидерландыда коменданттық сағат енгізіледі
Нидерланды парламенті елдің уақытша үкіметінің коронавирустық пандемия жағдайында мемлекет аумағында коменданттық сағат енгізу туралы ұсынысын көпшілік дауыспен қолдады. Бұл туралы заң шығарушы органның сайтына сілтеме жасап korrespondent.net хабарлады.
Шара сенбі, 23 қаңтардан бастап күшіне енеді. Коменданттық сағат жергілікті уақыт бойынша 21.00-ден 04.30-ға дейін әрекет етеді. Осы кезеңде адамдарға ерекше жағдайларда ғана көшеге шығуға рұқсат етіледі.
"Жұмысқа баратын және жұмыстан қайтатын азаматтардың қолында жұмыс беруші қол қойған арнайы анықтама болуы қажет. Иттерді серуендеуге рұқсат етіледі, бірақ сыртқа отбасының бір ғана мүшесі шығуы тиіс. Түнде уақытта жедел қызметтер мен азық-түлік және дайын тағамдарды үйге жеткізу қызметтері ғана жұмыс істей алады", - делінген хабарламада.
Карантиндік шараларды бұзушылар үшін 95 еуро көлемінде айыппұл қарастырылған.
Айта кетейік, Нидерландыда инфекцияның алғашқы жағдайы өткен жылдың 27 ақпанында тіркелді. Ұлттық денсаулық сақтау және қоршаған орта институтының мәліметтері бойынша, қазіргі уақытта елде 932 мыңнан астам адам коронавирус жұқтырған. 13,3 мыңнан астам науқас көз жұмды.
Аурудың таралуын болдырмау үшін 2020 жылдың желтоқсан айының ортасынан бастап елде жалпы карантин енгізілді, оның аясында азық-түлік пен аса қажетті тауарларды сатпайтын барлық дүкендер, сондай-ақ спорт залдары мен мәдени-ойын-сауық мекемелері жабылды.
Соңғы апталарда күн сайын анықталатын инфекция жұқтыру жағдайлары мен өлім саны азайды, бірақ билік 60-тан астам елде, соның ішінде Нидерландыда анықталған коронавирустың жаңа штаммдарының таралуына шектеу қою үшін қосымша шаралар енгізу қажет деп санайды.