Жаңалықтар

Қазақтың «қазақ» атын қайтарған қайраткер

ашық дереккөзі

Қазақтың «қазақ» атын қайтарған қайраткер

Түпқарағанда патша заманында Николаев стансасы деп аталған елді мекенге Кеңес үкіметі басшылығы халыққа ешқандай еңбегі сіңбеген Алексей Егорович Баутиннің есімін берген. А.Баутин кедей, кәдімгі қатардағы қаратабан балықшы, қызыл рота жауынгері болған. 1919 жылы көктемде Фортқа ақтардың генералы Железнов деген келіп, билікті қолына алып, біраз адамды түрмеге қамаған. Ішін­де Жалау Мыңбаев, Алексей Баутин, Андрей Ювко бар. Жер­гілікті халықтың қатты наразылығынан кейін, Ж.Мыңбаев және бас­қа адамдарды шығарған, тек Алексей Баутин мен Андрей Ювконы атқан. Байқап отырғаныңыздай, А.Баутин «жазалаушылардың былайғы жұртты қорқыту құралына айналып, қаза болған бақытсыз бір жан» ғана (Ә.Спанов «Жалау Мыңбаев», 2000 ж., 235-бет). Кеңес үкі­меті оны қолдан революционер жасаған, кент орталығына ес­керткішін орнатқан. Күні бүгінге дейін сол елді мекен Баутин есімімен аталады. Сол жер қазақ елі тәуелсіздік алғалы өзгеруі керек еді ғой. Одан да сол елді мекеннің атауын Маңғыстауға, жалпы қазақ халқына өлшеусіз еңбек сіңірген, арбакештен Қазақ АКСР Орталық атқару комитетінің төрағасына дейін көтерілген Жалау Мыңбаевтың есіміне ауыстыруды ұсынамыз. Ардақты Ж.Мыңбаевтың ел үшін, жер үшін, адамдар үшін, әділеттік үшін күреске то­лы өмірдерегі туралы негізгі мәліметтер Әбіл­хайыр Спановтың 2000 жылы шыққан «Жалау Мыңбаев», Сейсен Демеубайдың 2005 жылы шыққан «Жалындап өткен жас ғұ­мыр» атты кітаптарында нанымды дә­лел­дер кел­тіріліп, егжей-тегжейлі баяндалған. Әбе­кеңнің жоғарыдағы еңбегінде Баутин кен­тінің атауын Жалау Мыңбаевтың атына ау­дару туралы ұсынысы бар, бірақ ол ұсы­ныс қанағаттандырылмаған. Жалау Мыңбаев 1892 жылы Сыртқы Кас­пий облысы, Маңғыстау уезінде Форт-Алек­сандровск қаласында (қазіргі Форт-Шев­чен­ко) кедей шаруа отбасында дүниеге келді. 1905 жылы уезд орталығы Форт-Алек­сандровск қаласында үш сыныптық орыс-қазақ мектебіне оқуға түсті. 1907 жылы әкесі мен әжесі қайтыс бол­ға­­сын, анасы мен қарындастарын бағу үшін оқу­дан шығып, Саурадағы Дубскийдің ба­лық кәсіпшілігінде жүкші, кейін 1916 жылға дейін Қатықбұлақ тұз кәсіпшілігінде арба­кеш болып жұмыс істейді. Сол жылы Тұз­шы­лар кәсіподағының төрағасы болып сай­ла­нады. 1917 жылы ақпанда уездік комиссар сай­лауына Тұзшылар одағы атынан делегат бо­лып қатысады. Уақытша өкіметтің азық-тү­лік бөліміне, аштыққа қарсы күрес ко­мис­сиясына мүше болып сайланады. Сол жылы қара­шада уездік совдеп мүшесі, азық-түлік бө­лімі бастығының орынбасары болып бе­кі­тілді. 1918 жылы қаңтарда қалалық дума, әс­кери бөлім мүшесі, шілдеде қызыл рота шаруа­шылық бөлімі бастығы болды. 1918 жылы желтоқсанда «Бірлік» ода­ғының төрағасы болып сайланды. 1919 жылғы наурыз-сәуірде М.Шоқайды Крас­новодск пен Ашхабад арқылы шетелге шы­ғарып салды. Қайтарда ағылшын ин­тер­венттерінің абақтысында 14 күн қамауда бол­ды. Сол жылы мамыр-маусымда уездік ат­­ком мүшесі, оның азық-түлік бөлімі бас­ты­­ғының орынбасары, бастығы болып жұ­мыс істеді.Сол жылы шілде–қарашада Фортқа келген атаман Толстовтың Железнов бас­таған жазалаушы әскерінің далалық соты­ның үкімімен ату жазасына кесіліп, 67 күн абақтыда жатады. Жергілікті тұрғын­дар­дың қатты наразылығынан кейін ақта­лып, босатылады. 1920 жылы сәуірде уездік атком мүшесі, оның азық-түлік бөлімінің бастығы болды, сол жылы қыркүйекте уездік ревком мүшесі, рев­ком жанындағы коммуналдық-шаруа­шы­лық бөлімінің бастығы болып тағайын­далды. 1921 жылы қаңтар-тамызда уездік рев­ком мүшесі ретінде әртүрлі бөлімдерге бас­шы­лық етті. 1921 жылы қыркүйекте уездік ревком мү­шесі, уездік милиция бөлімінің бастығы кыз­метіне тағайындалды. Сол жылы қара­шада ол уездік милиция бөлімі басшылығы­мен қоса, ревком төрағасының орынбасары қызметіне тағайындалды. 1922 жылы қазанда Қазатком және БОАК мүшелігіне сайланды, қарашада Адай уездік ревкомы төрағасы болып бекітілді. 1917 жылдан бастап халықты азық-тү­лік­пен қамтамасыз ету жолында Ж.Мың­баев­тың жарғақ құлағы жастыққа тимей бар­маған жері жоқ шығар. Бакуге, Пол­торац­кіге (Ашхабадқа), Ташкентке, Астра­хан­ға, Петровскіге барып, елге азық-түлік, ара­сында дәрі-дәрмек жіберіп тұрып, елді аш­тықтан құтқарады. 1917 жылғы 10 жел­тоқсандағы Сыртқы-Каспий облысының азық-түлік басқармасының №15 бұйры­ғы­мен айлық кесімді жалақы мөлшеріндегі сыйа­қымен марапатталады. 1921 жылы уездік милиция бөлімінде іс­тегенде ел ішіндегі (адай мен табын ру­лары арасындағы) келеңсіздіктерді, Хорезм рес­публикасы (Жөнейт ханның қарақшы­лары) тарапынан қазақ ауылдарына жасал­ған шабуылдарын тоқтатуға, қазақ ауыл­да­рын көшкен кезде қарулы жасақ қорғап жүруін, ол үшін 1 000 адамнан тұратын жа­­сақ құрылуына қол жеткізді. 1922 жылы ревком төрағасының орын­басары болып іске кіріседі. Орталық аш­тық­қа қарсы күрес комиссиясының төрағасы Сергеев Маңғыстау уезіне норма бойынша бө­лінетін астық қорын қиырдағы Беларусь­тің Гомель қаласынан алуды жоспар­лай­ды. Ж.Мыңбаев үкімет төрағасы С.Мең­дешовке  шығып, астықты Астраханнан, бол­маса Пет­ровскіден алуды өтінеді. Ол хатқа бұрыш­­тама жазып, Сергеевке жі­бе­реді. Ол С.Мең­дешевке жіберген жауа­бын­да, уезден ко­мис­сияға тиісті есеп­тер түс­пе­ген деп, кө­мек беру­ден бас тартады. Қазақ­стан кеңес­те­рі­нің ІІІ сессиясында Ж.Мың­баев Сергев­тің бар­лық кінәсін бетіне басып, оның астам­шыл пиғылына соққы беріп, мә­селе көтерді. Осы­дан кейін уезд астықты Петровск мен Астра­ханнан алатын болады. 1923 жылы ревком төрағасы қызметіне кі­ріс­кенде уезд орталығы Форт-Урицкийдегі пош­та-телеграфы РКФСР жол қатынасы Хал­комының Астрахандағы Каспий теңізі транс­портының қарамағынан Қазақ пошта-те­леграф округіне беру туралы шешімге қол жет­кізді. Басқа да шешімін таппаған мәсе­лелерді жоғарғы органдардың алдына батыл ұсы­ныстармен шығып, шешілуіне қол жет­кізеді. Қай жұмыста жүрсе де, халықтың қа­мын ойлады, әділетсіздікке жол бермеді. 1924 жылы қыркүйекте Орал губер­ния­лық атқару комитеті төрағасының орын­ба­сарлығына және Орта Азия мен Қазақстан­ның әкімшілік-территориялық жағынан межелеу жөніндегі айрықша комиссиясы­ның мүшелігіне тағайындалып, осы іске бел­сене қатысады. 1925 жылғы наурызда қайта құрылған бі­ріккен Бөкей губерниялық атқару ком­и­тетінің төрағасы болып бекітілді. Сол кезде Кеңес Одағы орталық ко­ми­тетінің Қырғыз-Қайсақ аталған автономия ор­талығы болған Орынбор қаласын орыс­тарға қалдырып, ішкі қалаға ауысу туралы талабымен жаңа астана Ақмешітке келеді. Сол жерде 1925 жылы сәуірде бүкілқазақ­стан­дық Кеңестерінің V съезі өтеді. Сол съез­дің басында Ж.Мыңбаев Қазақстан ор­талық атқару комитетінің төрағасы бо­лып сайланады, өлкелік ауыл шаруа­шы­лы­ғына жәрдемдесу комитетінің және ас­та­на құрылысын салу жөніндегі комиссияның төрағасы қызметін қоса атқарады. Съезде Ақмешіт Қызылорда болып өзгереді. Бұрын ұлтжандылар қанша ұсыныс бергенмен, орын­далмай келген елдің Қырғыз-Қайсақ деген атауын Қазақ болып өзгертуге қол қояды. Осы тарихи шешімдердің астында Қазақ үкі­метінің төрағасы Жалау Мыңбаев мен хат­шы Б.Аралбаевтың қолтаңбалары тұр. Бұл съездің Қырғыз-Қайсақты Қазаққа ау­дару туралы шешімін бекіту туралы Мәс­кеудегі Кеңес үкіметінің алдына Ж.Мыңбаев ресми түрде қойып, бекітуіне қол жеткізеді. Ж.Мыңбаев 1925 жылғы қазанда Республи­ка­­лық тұңғыш ғылыми-зерттеу орталығы – Қазатком жанындағы санитарлық-бак­те­риологиялық институтты құру туралы қау­лыға, 1926 жылы қаңтарда Қа­зақ­тың тұң­ғыш ұлттық драма театрын (бү­гінгі М.Әуе­зов атындағы) құру туралы қау­лыға қол қоя­ды. Ақпанда Қазатком Тө­ралқасының рес­публикалық тұңғыш Конс­титуциясын қабылдауға байланысты өткен мәжілісінде сөз сөйлейді. Наурызда «Наурыз» мейрамын өткізу туралы қаулыға қол қояды. Шілдеде қазақ шаруаларының тұңғыш бас­пасөз үні «Ауыл тілі» газетін шығарып, оның редак­торлық қызметін өзі атқарады. Бұрынғы Түр­кістан губерниясына қараған қа­зақтың көп жерін қайтарып алған. Ол Маң­ғыстауда істеп жүргенде Орынборға барып тұрған, сонда әнші-композитор А.За­таевичке бір­неше қазақ әнін орындап бер­ген, сол жерде оқып жүрген Маңғыстау жас­тарының А.Затевичке ән орындап беруін ұйым­дастырған. Тағы да көптеген игі іске ұйыт­қы болды. Ұлттық-территориялық ме­же­леуден кейінгі Ж.Мыңбаевтың қол қойып бекіткен 1925-1929 жылдардағы Қазақстан шекарасы жалғанды. Ол картада Қарабұғаз шы­ға­на­ғының оңтүстігі мен оңтүстік-шы­ғыс жақ­тары бүтіндей, қазақтың ең шұ­рай­лы, шөбі шүйгін суы мол, балығы тайдай тулаған, байлығы тасып-төгілген Елек (орысша – Соль-Илецк), онымен қоса бұрын Ре­сей құрамына өтіп кеткен Жетіқара, Аққара, және Бозбие сияқты алтын өндірісі да­мыған аудандар да Қазақстан жағында. Кейін Ж.Мыңбаев өмірден озған соң, Кеңес Ода­ғы атқару комитеті Електі алып қойды, бұ­рын Түркімен Республикасын басқарған, сол кезде Мәскеуде істейтін Н.Айтақов Қа­ра­бұғазды түгелдей Түркіменстанға қос­тырып алды. Бірақ, 1991 жылға дейін Қа­ра­бұғаздан Шағадамды (бұрын – Красноводск, қазір – Түркіменбашы) қоса алғандағы жер­лердің бәрінде қазақтар отырды, Ша­ғадамда іс-қағаздары қазақша жүрді, қазақ­ша газет шықты, басшы қызметтерде қазақ­тар болды. Сол 1991 жылдардан кейін тәуел­сіздік алған Түркіменстан сол жерге түркмендерді көбейте бастады. Сол 1925 жылы Сталин Қазақ өлкелік пар­тия комитетінің хатшылығына Ф.Го­лощекинді жібереді. Ол келгеннен кейін «Қа­зақстанда Октябрь революциясы бол­ма­ған, бай-кулактар әлі отыр, оларды тап жауы ретінде соттау керек, итжеккенге айдау қажет, Кіші Октябрь революциясын жасау керек» дейді. Оның бұл ұсынысына әуелі бі­раз қазақтар қарсы болады, олардың уәжі: «байда 100 қой болса, оған 100 сом салық саламыз, кедейде 5 қой болса, 5 сом салық саламыз, 100 сом салық ауыр болған соң бай ма­лын азайтып, кедейлерге береді. Сөйтіп, бай мен кедейді теңестіреміз». Голощекин біраз қазақты қорқытып-үркітіп, өзінің жағына шығарып алады. Ал Жалау Мыңбаев пен Смағұл Сәдуақасов «байлардың малдары тартылып алынса, халық аштыққа ұрына­ды» деп тәркілеуге көнбейді. Тәркілеу тек Қазақ үкіметі төрағасының шешімімен іске асырылатын шара. Жалау Мыңбаев ондай қау­лыға қол қоюдан бас тартады. 1927 жыл­дың 28 наурызы мен 3 сәуірі аралы­ғында өткен Қазақстан кеңестерінің VI съезінде Ф.Го­лощекин Жалау Мыңбаевты Қазақ Орталық Атқару комитеті немесе Қазақ үкі­меті төрағасы қызметінен кетіреді. Одан кейін Голощекин өзінің айтқанынан шық­пайтын Елтай Ерназаровты Үкімет тө­ра­ғасына отырғызады. Сонда С.Сейфуллин «Бұл қазақ халқын қорлау, ел үкіметінің басына кімді отырғызғаны» деп жаны шыр­қырап аттан салған (С.Демеубай. «Жалындап өткен жас ғұмыр» «Үш қиян» баспасы, 2005 ж, 418-бет). Көп ұзамай, Е.Ерназаров тәр­кілеу өт­кізу туралы қаулыға қол қойып берді. Сөй­тіп, Қазақстанда орасан зор нәубет басталып кет­ті, халық аштан қынадай қырылды, бо­сып кетті. 1927 жылғы қарашада Өлкелік партия ко­митетінің бюросында Жалау Мыңбаевты Түр­ксіб магистралына өкіл етіп жібереді. 1928 жылғы сәуірде Гурьев округтік атқару ко­митетінің төрағалығына тағайындалады, жел­тоқсанда денсаулығына байланысты Қы­зылорда ауыл шаруашылығы басқарма­сы­ның қызметкері, 1929 жылғы сәуірде Қа­зақ өл­келік «Союзхлеб» акционерлік қо­ға­мының бас­қарма төрағасының орын­басары және «Каз­госсельссклад» кәсіпор­ны­ның дирек­торы­ның орынбасары болып та­ғайын­да­лады. 1929 жылы маусымда Голощекин Қа­зақ өлкелік партия комите­тінің бюросында Жа­лау Мыңбаевқа ешқан­дай дәлелсіз жала жауып, партиялық қатаң сөгіс береді. «Адай контрреволюциялық ұйымының» басшысы деген жала жабылып, РКФСР қылмыстық кодексінің 58-2-бабы бойынша үстінен қыл­мыстық іс қозғалады. 1929 қыркүйекте ден­саулық жағдайының әбден нашарлауына байланысты дербес зейнеткерлік дема­лы­сына шығады. 1929 жылғы қарашада нау­қасының асқынып кетуінен 37 жасында Ал­маты қаласында дү­ние салады. 1930 жы­лы қазанда ОГПУ үштігінің қаулысы бойын­ша Ж.Мыңбаевтың үстінен қозғалған қыл­мыстық іс тергеу ке­зінде қайтыс болуына байланысты тоқта­тылады. 1964 жылдың күзінде Гурьев облыстық пар­тия комитетінің бірінші хатшысы Нұртас Оңдасыновтың Маңғыстауға келіп, жер­гілікті шаруашылық басшыларымен кез­дескенде айтқан сөзі: «Жәкеңдер, шіркін, аза­мат қой. Құлақтарыңда жүрсін. Біздің Қыр­ғыз Республикасы деген атымызды өз­гертіп, қазақ атымызды алып берген сол аға­ларыңыз. Маңғыстауды Түркіменстанға бе­рілген жерінен қайта алған қызметі сірә құлақтарыңызда шығар. Одан басқа Өзбек­станмен шектес біраз жерге қазақтарды қо­ныстандырған да сол Жалау Мыңбаев ері­міз. Тіпті дендеп кеткеніміз сонша, Таш­кентке қозы өрісіндей-ақ жер қалыппыз. Мі­не, Жәкең сондай азамат болған. Ол бәрі­мізге мақтаныш». (Ә.Спан. «Жалау Мыңбаев», «Информ-Арна» баспасы, 2000ж., 233-бет). Осы уақытқа дейін ешқандай тарихи не­месе басқа құжатта А.Баутиннің еңбегі тура­лы жазылған емес. Ал Жалау Мың­баев­тың жарғақ құлағы жастыққа тимей, қай қыз­метте жүрсе де халықтық, елдік, ела­ра­лық проблемаларды шешіп жүргені туралы жо­ғарыда жазылған кітаптардан басқа да жазылған еңбектер бар. Жоғарыдағы елге еңбегі сіңбеген Баутин есі­мін кенттің атауынан алып, орнына на­ғыз ұлтжанды азамат, қазақтың көрнекті ме­мелекет қайраткері Ж.Мыңбаевтың атын қою ұсынысын қолдауды өтінеміз. Әділетсіз қойыл­ған есім кент атауынан алынуы тиіс!

Асылбек ДЕРБІСІН,

Маңғыстау облысы

Ақтау қаласы