«Бірінші байлық денсаулық екенін есте ұстайықшы!». Мейрамбек Бесбаев денсаулығына алаңдаған жұртқа алғыс айтты
«Бірінші байлық денсаулық екенін есте ұстайықшы!». Мейрамбек Бесбаев денсаулығына алаңдаған жұртқа алғыс айтты
Коронавирус індетіне шалдығып, ауыр халде ауруханаға жеткізілген танымал әнші Мейрамбек Бесбаев өзінің денсаулығына алаңдаған туған-туыс, барша жұртқа алғыс айтты.
«Ең әуелі еміме шипа беріп, ел қатарына қайта қосқан Аллаға сансыз шүкірлік! Менің тілеуімді тілеп отырған ата-анама, отбасыма, бауырларыма, өнердегі аға-әпкелеріме, достарыма мың алғыс. Ес білгелі бері елім алақанына салып әлдилеп келеді. Қадірлі ағайын, сіздердің тілектеріңізге басымды иіп рахметімді айтамын. Ақ халатты абзал жандарға алғысым шексіз. Айналайын ағайын, індеттің бары рас. Сақтаныңыздар! Күтініңіздер! Бірінші байлық денсаулық екенін есте ұстайықшы! Қорыта келе, мен үшін алаңдаған баршаңызға рахмет. Мен сіздерді жақсы көремін. Ауырмаңыздар!» деп жазды Мейрамбек Бесбаев әлеуметтік желідегі өзінің жеке парақшасында.
Айта кетейік, бұған дейін Мейрамбек Бесбаев коронавирус індетіне шалдыққаны туралы хабарланған болатын. Дәрігерлер әншінің ауыр халде жансақтау бөліміне жеткізілгені туралы айтты. Кейін әншінің хал-ахуалы жайлы Музарт тобының әншісі Сәкен Майғазиев хабарлады.