Популизм – жастарды ұшпаққа шығаратын жол емес

22 қаңтар, 2021 / Ділда УӘЛИБЕК
ашық дереккөзі
Популизм – жастарды ұшпаққа шығаратын жол емес Тәуелсіздік алғаннан кейін-ақ жастар сая­сатына ерекше көңіл бөліне бастады. Бар­лық облыста, қала мен аудандарда, елді мекендерде Жастар ісі жөніндегі комитеттер құ­рыл­ды. Ал қазір жастар саясаты десе, форум­дар­да жаттап алған жалынды сөз­де­рін айтып ұран­дайтын, алаулатып-жалаулатып флеш­моб ұйым­дастыратын топ елестейтін болған.          Заңы бар, заты қандай? Тәуелсіздік алмай тұрып-ақ жастарды жеке бір әлеуметтік топ ретінде қарап, ерекшелеу болды. Яғни жастар елдің, қо­ғамның қозғаушы күші деп саналды. Жалпы, жастар саясатына қатысты заң да, өткен шара да көп. Солардың бірқатарын са­на­малап өтсек. 1991 жылғы маусымда «Қазақ ССР-індегі мемлекеттік жас­тар саясаты туралы» заң қабылданды. Бұл үрдіс тәуелсіздік алған­нан кейін де жалғасты. 1996 жылдың қазан айында Үкі­мет «Жастар туралы» заң жобасын әзірлеп, 1997 жылдың бірін­ші тоқсанында Парламенттің қарауына жіберді. 1999 жылғы шілдеде Мем­ле­кет­тік жастар саясаты тұжы­рым­да­­­масының жобасы мем­ле­кет­тік сая­сат жөніндегі Ұлттық кеңестің оты­рысында қаралды. 2001 жыл­ғы 15 маусымда мемлекеттік жас­тар саясаты мәселесі бойын­ша Парламентте тыңдаулар өтті, онда жастарға қатысты арнайы заң қабылдау қажеттігі туралы нақты сөз қозғалды. Ал 2002 жыл­­дың мамыр айында «Қазақ­стан Республикасындағы мем­ле­кет­тік жастар саясаты туралы» заң жобасы республикалық бас­па­сөз беттерінде жарияланды. 2003 жылғы қаңтарда Парламент Мәжілісінің жұмыс тобы мем­ле­кет­тік жастар саясаты туралы заң жо­басының үкіметтік нұсқасына де­путаттар ұсынған түзетулерді қа­рады. 2004 жылғы 7 шілдеде «Қа­зақстан Республикасындағы мем­лекеттік жастар саясаты туралы» заңға Нұрсұлтан Назар­баев қол қойды. 2013 жылдың ақпанында Үкі­мет 2020 жылға дейінгі жастар сая­­­­саты тұжырымдамасын ма­құл­­дады. Ал 2015 жылдың ақпан айын­­да «мемлекеттік жастар сая­саты туралы» жаңа заң қабыл­дан­ған. Осы заң аясында жас­тар­ды жастар ұйымдарының, кон­суль­тативтік органдардың және жастардың өзін-өзі басқару ор­ган­дарының қызметіне білім беру жүйесі мен еңбек ұжым­да­рын­да тарту заң жүзінде бекі­тіл­ді. 2016 жылдан бастап 2020 жыл­ға дейінгі «Қазақстан-2020: бо­лашаққа жол» мемлекеттік жас­тар саясаты тұжырым­дама­сы­ның екінші кезеңін іске асыру бас­талды. Ал 2018 жылғы 5 қа­зан­дағы Президент Жолдауында 2019 жыл – Жастар жылы деп жа­рияланғаны есімізде. Еліміздегі жас­тардың дені бұл жыл тек фо­рум өткізумен шектелмесе, әсіре ұран­шылдық пен даңғазалықтан ада, жастардың әлеуметтік мәсе­ле­лері шешілетін жыл болса деп үміт­тенген еді. Ол үміт қанша­лық­ты ақталды, білмейміз. Жал­пы жастар саясатына қатысты ұзын-сонар заң жобаларының іс жүзінде берген нәтижесін көре ал­дық па? «Жастар – елдің бола­ша­ғы» деген сөз тек жаттанды тап­таурынға айналып кеткен жоқ па? Осы мәселелерге қатыс­ты «Қазақстан студенттерінің Альян­сы» Республикалық сту­дент­­тер қозғалысы» қоғамдық ұйы­мының төрағасы Ілияс Түс­тік­баевтың пікірін білген едік.
– Қазіргі кезде жастар сая­са­ты­ның төңірегінде жүрген не­ме­се бұрын айналысқан аға буын өкіл­дерінен сұрасаңыз, қазіргі жас­тар саясаты бұрынғыдай емес не­месе жастар саясаты қазір то­қы­рауға ұшыраған деген сияқты пікірлерді естисіз. Шынымен де, жал­пы алып қарасақ, жастар сая­саты өтпелі кезеңді бастан ке­ші­ріп жатыр. Себебі, бұрынғыдай емес, жастар өзгерді. Көзі ашық, кө­кірегі ояу, батыс мәдениеті кең та­ралды. Соның әсерінен жастар сая­саты да заман талабына сай өзгеріп жатыр. Ал, елімізде жастар саясаты­мен айналысатын немесе олар­мен тікелей жұмыс істейтін ұйым­­дар жиі сыналады. Флеш­моб, форум ұйымдастырудан бас­қа жұмыс атқарылмайды де­ген қарсы пікірлер айтылып жа­тады. Жастардың ұйымдары не­гі­зінен идеологиямен ай­на­лы­сады. Ол – көзге көрінбейтін жұ­­­мыстар. Жол салу, көпір салу сияқ­ты нәтижесі көзге көрінетін іс­термен айналыспағаннан кейін, әрине сын да көп болады.  Флеш­моб, форум сияқты жұ­мыс­тар, бір жағынан ұйымдас­ты­рылуы керек те, бірақ белгілі бір дең­гейден асып, шектен шығып кет­пеуі керек. Ал ұрандату мәселесіне келер бол­сақ, мұны қазіргі кезде попу­лизм­мен шатастырып жатамыз. Ке­зінде ата-бабаларымыз ұран­дату арқылы артына жастарды, халықты ерткен, бертін келе, 1986-1989 жылдары ұрандату ар­­қылы талай қоғам қайрат­кер­лері егемендік алуға, Семей поли­го­нының жабылуына септігін ти­гізген. Сондықтан ұран мен по­пулизмді шатастырмай, ара­жі­гін ажыратып алу керек. Қазір шы­нымен де осы сияқты мәсе­ле­лер қоғамда талқыға көп түседі. Жас­тар ұйымдары, жастар бо­лып, осы кереғар пікірді өзгер­туі­міз керек. Бос сөзге, бос ұранға, бос популизмге жол бермеуіміз ке­рек. Нақты істерге, нақты жұ­мыс­тарға бет бұратын уақыт кел­ді. Күні кеше сайланған де­пу­т­аттар да нақты іске жұмылуы ке­рек, билікке деген халық се­німін қалпына келтіруге жұмыс ат­қаруы керек деп есептеймін. Се­німсіздік неден туындайды?  Үгіт-насихат жұмыстары кезінде по­пулизм, бос уәдемен депутат бо­лып алып, кейін айтылған сөз бен іс-әрекет қиыспай жатады. Сонымен қатар, қоғамда бел­гілі бір мәселе туындағанда, осы­ны жастар ұйымдары неге шеш­пей­ді немесе жастар арасындағы жұ­мыссыздық сияқты проб­ле­ма­лар өршіп тұрғанда жастар ұйым­­­­дары не істеді деген сауал­дар туындамауы керек. Жастар ұйым­дары – үкіметтік емес ұйым­дар. Оларды мемлекет те, Үкі­мет те қаржыландырмайды. Сон­дықтан да олар өз жүрек қа­лауларымен ерікті ретінде жұмыс іс­тейді. Қоғам мен Үкімет, халық пен билік арасын жалғастыратын кө­пір болып отыр. Пандемия өр­шіп тұрған төтенше жағдай ке­зін­де жастар ұйымдары нақты іс­тер атқарып, халықпен бірге екен­дерін, билікке де көмектесе ала­тынын дәлелдей алды деп ой­лай­мын. Біз, жастар ұйымдары ха­лыққа қолдау көрсетуге, жаңа­дан сайланған депутаттар мен бе­кітілген Үкімет құрамына қа­шан да қолдау көрсетуге, бірге жұ­мыс атқаруға әрдайым әзірміз, – деп түйіндеді ұйым төрағасы.
«Адамның жасына қарап арнайы бір саясат жасау дұрыс емес» Ал саясаттанушы Дос Көшім жас­тар саясаты деген ұғым мүлде бол­мауы керек деп есептейді.
–  Біріншіден, жастар саясаты де­ген түсінікті өз басым қабылда­май­мын. Жастарға қандай ерек­ше саясат жасау керек? Мем­ле­кет­тегі жағдайдың барлығы жас­тар­ға да қатысты ғой. Мысалы, бү­гін 30 жаста болып, жастар қатарында жүрсе, ертең 31-ге то­лып, кәрі бола ма? Жастар сая­са­ты деп бөлгеннен кейін, үлкен адам­дар саясаты, егде адамдар сая­саты деп бөлек қарастыру ке­рек болады. Адамның жасына қа­рап арнайы бір саясат жасау дұ­рыс емес. мүмкін жастарға одан гөрі әлеуметтік жағдай жа­сау керек шығар: отбасын құр­ған­дарға немесе баспана жағы­нан қолдау деген сияқты. Бірақ бұл әлеуметтік тұрғыдан алған­да­ғы жеңілдіктер, ал жастар сая­саты деген ұғым болмауы керек. Бұл – кезіндегі кеңес дәуірінің идео­логиясы. Екіншіден, депутаттың жасы 25-те бола ма, 92-де бола ма, жас­қа қарай бөліп, ерекшелеуді де өз ба­сым құптамаймын. Адамда бі­лік­тілік деген болады. Біреулер ерте жетіледі, ақылы ерте толы­са­ды. Мүмкін 17 жастағы бала ақыл айтып, 30-дағы ересек адам­нан асып кететін шығар. Неге біз оны жас деп ерекшелеп, бөлуіміз ке­рек? Мәселе оның жасында емес, ақыл тоқтатып, жақсы бір ой айта білуінде немесе  қоғамға өзі­нің еңбегін сіңіруінде. Бұл – еш­қашан да жасқа қарамайтын нәр­се. Ал форумдарда массовка ре­тін­де жастарды ғана емес, бар­лы­ғын пайдаланады. Бір ауылдың адам­дарын жинап алып мынадай мәселе көтеріліп жатыр, осыны қол­­дайық деп оларды да пай­да­ла­нады, жасты да, зейнеткерді де, әйел­­ді де, түрлі ұйымдарды да пай­­­даланады. Бұл – саяси тех­но­ло­гияға жатады. Сондықтан, бұл жерде де бәріміз теңбіз.
Шетелдегі жастар саясаты қандай міндет атқарады? ХХ ғасырдың 50-жылдары көп­теген мемлекеттегі билік пен қо­ғам консервативті көзқарас ұстан­ды. Соған сай жастар ерек­ше топ ретінде бөлек қарас­ты­рыл­маған. 1960 жылдары ұрпақтар ар­а­сындағы қақтығысты көрсететін, «жас­тар – қорқынышты да қауіп­ті» деген ұғым пайда болған. Со­ны­мен қатар жастардың, әсіресе мар­гинал жастардың проб­ле­ма­ла­рына қатысты мемлекеттік жә­не әлеуметтік қызметтер пай­да бола бастаған. Біріккен Ұлттар Ұйы­мы жастар саясатының қа­жет­­тілігін алға тартып, 1965 жыл­дан бастап жастарға деген қа­рым-қатынастың жаңа прин­циптерін жариялайтын бірқатар құ­жат қабылдады. Ұйым жастар сая­сатын жеке топқа бөліп қарау ке­рек деген мәселе көтерген. Ал 1970 жыл жастар саяса­тын­дағы демократиялық бас­тау­лар­дың қалыптасу кезеңі болды. Осы кезде «Жастар – мемлекет пен қоғамның үміт шырағы» де­ген түсінік берік орнықты. Содан бас­тап қазірге дейін Батыс елде­рін­де жастар саяси процеске бел­сене араласады. Жалғыз Еу­ро­пада ғана емес, әлем бойынша жас­­тар саясатына қатысты ортақ тү­­сінік қалыптасқан. Бірақ батыстағы жастар сая­са­ты біздің елге қарағанда бас­қа­ша жүргізіледі. Қазіргі Еуропа ел­деріндегі жастар саясатының мақ­саты – жастар мен жасөс­пірім­дердің қоғамға, ересек адам­дардың қатарына қиындықсыз, еш­қандай проблемасыз қо­сылуын реттеу. Яғни жастар кә­сі­би дағдыларды игеріп, өз құ­қық­тары мен міндеттерін толықтай мең­гереді, азаматтық және адам­гершілік тәрбие курсынан өтеді. Осы­лайша, жастар ересек өмірге бұ­рыннан қалыптасқан, толық­қанды және саналы тұлға ретінде енеді. Мәди Ахметов секілді депу­тат­тық мандатқа ие болған жас­тар әлемде жетерлік екен. Мәсе­лен, Мари Блэк 2015 жылы небәрі 20 жасында Ұлыбританияның Қауым­дар палатасының мүшесі бол­ған. Ол 2014 жылы Шотлан­дия­ның тәуелсіздігі туралы ре­фе­рендумды дайындауға қаты­сып­ты. 26 жастағы Джордон Стил-Джон 2017 жылы сайланған Авст­ралия парламентінің ең жас мү­шесі болған. 28 жастағы Тай­фа­ни Дегуа Францияның «Алға, Рес­публика!» әлеуметтік-либе­рал­ды саяси партиясының, Фран­ция­ның Ұлттық Ассамблеясының мү­шесі. Сайед Саддик те 28 жаста, ол 2018 жылы Малайзия пар­ла­мен­тіне кіріп, шілде айында Жас­тар ісі және Спорт министрі боп та­ғайындалған. 24 жастағы Эбба Гер­мансон – 2018 жылдан бері Шве­ция үкіметінің ең жас мү­шесі. Статистика комитетінің мәліметінше, қазір еліміздегі жастардың саны 4 миллионнан асады. Жастар қай қоғамда, қай елде болмасын алапат күш-жігер мен қайраттың, максимализмнің символы. «Жас келсе, іске» демекші жастардың саясат пен билікке араласуын көпшілік жақсы бастама деп есептейді. Тек шын білімді, шын мінезді, шын еңбекқор жастар көш бастаса игі.