ҚОҒАМҒА ӨЗ ПІКІРІ ЖОҚТАР ҚАУІПТІ...
ҚОҒАМҒА ӨЗ ПІКІРІ ЖОҚТАР ҚАУІПТІ...
Бір қарағанда бір адамның екінші адамнан өзгешелігі жоқ. Яғни біреуінде не болса, екіншісінде де сол бар: көретін көз, еститін құлақ, дәм сезетін тіл деген сияқты. Оның үстіне, әркімнің көрген-білгенін қорытуы әртүрлі. Оның солай болуына о бастан дербес жаратылған адамның табиғаты себепші. Алайда кез келген адамның барлық нәрсе туралы өз ойы, пікірі бола бермейді. Оған себеп – адамның барлық нәрсе туралы түсінігінің, білімінің кемшіндігі.
Жеке адамға тән қасиет болады, сол сияқты көпке ортақ түсінік болады. Көпке ортақ дегеніміз қоғамдық түсінік, адамдар арасында қалыптасқан дағды. Әрине, ондай дағдыны заңмен бекітіп бермейді, бірақ бұл – ортақ келісімнің жемісі.
Айталық, көпшілік орында тәртіп сақтау, орынсыз айқай-шу шығарып көптің мазасын алмау, өзгелерге кедергі келтірмеу, т.с.с. тәртіпке үнсіз бағынуымыз тиіс. Олай ету қорқақтық не дым білмегендік емес, керісінше өзгелердің құқығын сыйлау, адамгершілік саналады.
Бірақ әрекет пен пікір білдірудің арасында үлкен айырмашылық бар. Пікір білдіру көзқарас еркіндігі де, көпке ортақ әрекетті мойындау – тәртіпке бағыну.
Біздің қоғамда осы нәрселер жиі шатастырылады.
Адам құқығы дегенді шексіз еркіндік деп оны анархиямен шатастыруға болмайды. Қоғам бар, ереже мен заңдар бар жерде шексіз еркіндік болуы мүмкін емес! Сондықтан қоғамда өзіңді қорғау үшін өзгені қорлауға жол берілмейді. Демек, әрбіріміз өз сөзімізге жауаптымыз, іс-әрекетімізге екібастан.
Бүгінгі қазақ қоғамында әр адамның болып жатқан оқиғаларға пікір айту еркіндігі бар. БАҚ-тарды былай қойғанда, кез келген адамның пікірін көпке жеткізуге әлеуметтік желілер зор мүмкіндік береді. Онда өз парақшаң арқылы айтқың келгенін айтып, қандай да бір мәселе жөніндегі ойыңды еркін білдіресің. Ол – ақпараттық технология заманының зор жетістігі. Бірақ біз сол жетістікті қаншалықты адамгершілікпен пайдаланып, өзгелерге қаншалықты әділ болып жүрміз? Барлық мәселе сонда.
Әр саланың өз лидерлері болады. Демек, қай салада да манипуляциялауға мүмкіндік бар деген сөз. Бүгінгі жарнама заманының басты ерекшелігі де сол – белгілі бір адамдар тобы не қандай да ұйым өздеріне табыс әкелуі үшін, имидж қалыптастыру үшін түсініктерді манипуляциялайды. Әлеуметтік желіде де танымал адамдар осы әдісті қолданады. Сондықтан олардың сөзіне құлақ қоятын, тіпті күмәнсіз сенетін адамдар тобы пайда болады.
Жұрттың сеніміне кіріп, елді айтқанына ұйыта алатындардың бәрі өздерімен санасатындарды дұрыс жолға бастай бермейді бірақ. Соның кесірінен біреудің сөзіне еріп екінші біреуге жазықсыз тіл тигізіп, жеке бастың ар-намысын қорлауға дейін жетіп жататын жағдай болады. Бұл – өте жаман нәрсе және ол адамдардың надандығынан, білімсіздігінен туып отыр.
Қалай десек те, әлеуметтік желілердегі адамдардың іс-әрекеті мен пікірлері – бүгінгі қоғамның келбеті.
Қазіргі ақпараттар тасқынында беріліп жатқан мәліметтердің өтірік-расын тексерудің өзі бір жұмыс. Сондықтан көпшілікке тарап жатқан кейбір ақпараттардың жалған не шындық екенін анықтайтын фактчек қызметі пайда болды. Бірақ оның өзі кейде жылдам әрекетке қауқарсыз. Өйткені шындыққа көз жеткізу үшін уақыт керек. Ал бұл аралықта жалған хабар жаһанға тарап, адамдарды сендіріп болады. Ендеше әр адам өзінің ақпаратты талдау қабілетін жетілдіруі керек, өйтпесе сенгіштікті пайдаланып кететіндер көп.
Жасыратыны жоқ, бүгінгі қоғамда жұрттың көбі сенгіш. Біреудің негатив пікіріне манипуляцияланып қалғандар өздерінің қалайша оп-оңай теріс ойлылардың қолшоқпарына айналғанын сезбей қалады.
Мәселен, қазақ қоғамында жиі сыналатын нәрсенің бірі – экономика. Ол туралы пікір айтушыларды көбі әлдебіреуден естігендерін қайталаушылар. Экономика туралы әңгіме болған соң әрине, елімізді өзгелермен салыстыруға тура келеді. Ел экономикасына сын айтушылардың біразының аргументі «өзбектің қазақтардан артықшылығы» болып келеді. Өткен жылы біреулер Ташкент пен Самарқанд қалаларының арасына қатынайтын «Афррасиаб» жүрдек пойызы туралы айтып, оны мақтап, қыза келе ана тез жүретін пойыз «Өзбекстанда жасалған» деп жіберді. Сол-ақ екен, «өзбектің озықтығы» мен «қазақтың артта қалғаны» туралы әңгіме гулеп қоя берді. Мәселенің ондай емесін айтқандарды тыңдайтын ешкім жоқ. Ақыры сол пойыз туралы өзбекстандық азамат дұрысын айтып, оған да көнбегендерге advantour.com сайтында тұрған «Самый быстрый поезд Узбекистана, производства испанской компании «PatentesTalgoS.L.» деген мәліметті көрсетіп әрең тоқтатқандай болдық. Шындығында, интернет дәуірінде қандай да бір күдікті мәліметтің өтірік-шынын анықтау ізденген адамға соншалықты қиын емес қой! Ал көзімізбен оқуға құлқымыз жоқтықтан, естігенімізге сене саламыз баяғы.
Жоғарыда біз келтірген жағдай бір қарағанда аса зиянсыз көрінгенімен, идеялық жағынан өте қатерлі нәрсе. Ақпараттық экспансия арқылы бір ел екінші елге жасырын соғыс жүргізіп жатқан қазіргі кезеңде әр азаматтың өз елі туралы шынайы ақпаратқа ие болуы, елінің беделін түсіретін жалған мәліметтерге қарсы тұруы аса маңызды!
Әлемде күн сайын өз мәліметтерін жариялап отыратын статистикалық, зерттеу орталықтары бар. Әрине, олар да қандай бір фактілерге сүйенетін шығар, бірақ кейде адам сенгісіз деректерді ұсынатыны бар. Мысалы, осыдан біраз бұрын елімізге наркология жөнінде сабақ өтуге келген бір ресейлік ғалымның «Ресей мен Қазақстанның арақ ішу көрсеткіші бірдей» депті. Сонда 145 миллионға жуық халқы бар Ресей мен 19 миллионға жетпейтін халқы бар біздің елдің ішімдік ішу мөлшері қалайша бірдей болмақ? Қазақстандықтар күндіз-түні ішсе де оларға жете ала ма? Тіпті, ол физикалық жақтан да мүмкін емес нәрсе ғой!
Тағы бірде біреулер соңғы ширек ғасырда ақшасы ең көп құнсызданған біздің ел деп соғып отыр. Әрине, теңгемізде құнсыздану құбылысы жоқ емес, бірақ интернетті ақтарып мәлімет іздесең ширек ғасыр ішінде ұлттық валютасы мың, екі мың есе құнсызданған да елдер бар екен. Демек, қазір кез келген пікірге күмәнмен қарап, ақ-қарасын анықтауға тырысатын заман.
Әрине, жалпы мәселе жөнінде даулы пікірлер бола береді ғой, ең жаманы бүгінде жеке адамдардың абыройын төгіп, адамдығын қорлайтын ақпараттарға тыйым болмай отыр. Ондайдың көбі әлеуметтік желілерде фейк аккаунттар арқылы тарайды да, өсек қуған елді желіктіріп әкетеді. Нақты бір фактпен сөйлесем: өткен жылдың соңында отбасылы әйелдер қатысатын әлемдік Mrs Universe байқауында отандасымыз Жұлдыз Әбдікәрімованың бағы жанып, бас жүлдеге ие болып, «Әлем ханымы» атанды. Пандемия байланысты алғаш рет онлайн өткен байқауда алғаш рет қазақ қызы жеңімпаз тәжін киді. Ал енді не болды дейсіңдер ме, сол жеңіске біздің қазақтың талайы сенген жоқ. Ең сорақысы – қазақстандық журналистер ұйымдастырушыларға хабарласып, «Жұлдыз Әбдікәрімова бас жүлдені қанша ақшаға сатып алды?» деп сұраған ғой. Кейін осындай әңгімелерге қатысты өзінің Instagram желісіндегі парақшасында жариялаған жазбасын негізге ала отырып, мақала жарияладық. Оны бірнеше топтарға бөлістік. Ал ол жерде де «сенбеймін» дегендер аз болған жоқ. Себебі о басында біреулер «Ж.Әбдікәрімованың жеңгені өтірік, интернетте ресейлік қыз жеңімпаз болғаны айтылған» деп, ресейлік қыздың жеңісі туралы мақаланың сілтемесін емес, Facebook-те көрсетілген скриншотын таратқан. Біз оны тексергенімізде мақала 2020 жылдың қаңтарында жарияланған болып шықты.
Қазір күн сайын әдейі арандату үшін түрлі ақпараттар тарап жатады. Кейбіреулер ондайды әдейілеп жасайды. Өткенде «Ақ жол» партиясынан Парламентке депутат болған ақын Қазыбек Исаны қонақүйге барған жерінен үш-төрт әйел дөрекі түрде телефонға түсіріп, оны мас деп кінәлаған. Бейнесюжетте Қ.Иса тәлтіректеп не тілі күрмеліп тұрған жоқ, бірақ соның ертесіне-ақ бүкіл елге «мас депутатты» түсірген бейнежазба тарап, ақынды жерден алып, жерге салушылар қаптап кетті. Әрине, депутаттың ішіп көзге түсіп қалғанын ешкім құптамайды, бірақ оны тым әсірелеп, абыройын төгетіндей ілік жоқ еді. Бұл да біздің адамның жеке басының ар-намысын қорлауға дайын екенімізді, бас-көз жоқ, естігенімізге сене салатын ерме екенімізді көрсетті.
Бүгінгі қоғамда өз пікірі жоқ, өзгенің айтқанына еш ойланбастан сене салатын, негатив пікірдің бәрін шындық деп талғаусыз қабылдай беретіндердің тым көбейіп кеткенін көріп жүрміз. Бұл – өте қауіпті құбылыс. Себебі ондай ерме адамдарды түрлі жаман нәрсеге сендіріп, өзгелерге қарсы айдап салудан оңай нәрсе жоқ. Ондай жағдай жүз беретін болса, талай жазықсыз адамдар зардап шегуі мүмкін.
«Сократқа у ішкізген, Иоанна Аркті отқа өртеген, Ғайсаны дарға асқан, пайғамбарымызды түйенің жемтігіне көмген кім? Ол – көп, ендеше көпте ақыл жоқ. Ебін тап та, жөнге сал» депті Абай отыз жетінші қара сөзінде. Ұлы ақынның айтып отырғанының бәрі кезінде ермелердің, яғни өз пікірі жоқ, өзгенің айтқанымен жүретіндердің қолымен жасалғаны анық. Ендеше қоғам дамысын десек, әрбіріміз, жалған сөздердің жетегінде кетпей, өзгенің ар-намысын сыйлауға әдеттенгеніміз жөн.
Еліміздің тұтастығын, халқымыздың ауызбірлігін арандатуға берілмей, жалғаннан шындықты аршып ала білер әділетшіл азаматтығымыз арқылы ғана сақтай аламыз.