ҚОҒАМҒА ӨЗ ПІКІРІ ЖОҚТАР ҚАУІПТІ...

ҚОҒАМҒА ӨЗ ПІКІРІ ЖОҚТАР ҚАУІПТІ...

ҚОҒАМҒА ӨЗ ПІКІРІ ЖОҚТАР ҚАУІПТІ...
ашық дереккөзі
Бір қарағанда бір адамның екінші адамнан өзге­ше­лігі жоқ. Яғни біреуінде не болса, екін­ші­сін­де де сол бар: көретін көз, еститін құлақ, дәм се­­­зетін тіл деген сияқты. Оның үстіне, әркімнің көрген-білгенін қорытуы әртүрлі. Оның солай болуына о бастан дербес жаратылған адамның табиғаты себепші. Алайда кез келген адамның барлық нәрсе туралы өз ойы, пікірі бо­ла бермейді. Оған себеп – адамның барлық нәрсе туралы түсінігінің, білімінің кемшіндігі. Жеке адамға тән қасиет бо­ла­ды, сол сияқты көпке ор­тақ түсінік болады. Көпке ортақ де­геніміз қоғамдық түсінік, адамдар ара­сында қалыптасқан дағды. Әри­не, ондай дағдыны заңмен бекітіп бер­мейді, бірақ бұл – ортақ келісім­нің же­місі. Айталық, көпшілік орында тәр­тіп сақтау, орынсыз ай­қай-шу шығарып көптің мазасын ал­­мау, өзгелерге кедергі келтірмеу, т.с.с. тәртіпке үнсіз бағынуымыз тиіс. Олай ету қорқақтық не дым біл­мегендік емес, керісінше өз­ге­лер­дің құқығын сыйлау, адамгершілік саналады. Бірақ әрекет пен пікір білдіру­дің арасында үлкен айырма­шылық бар. Пікір білдіру көзқарас ер­кіндігі де, көпке ортақ әрекетті мойын­дау – тәртіпке бағыну. Біздің қоғамда осы нәрселер жиі шатастырылады. Адам құқығы дегенді шексіз еркіндік деп оны анархия­мен шатастыруға болмайды. Қоғам бар, ереже мен заңдар бар жерде шек­сіз еркіндік болуы мүмкін емес! Сон­дықтан қоғамда өзіңді қорғау үшін өзгені қорлауға жол беріл­мей­ді. Демек, әрбіріміз өз сөзімізге жауап­тымыз, іс-әрекетімізге екі­­бас­тан. Бүгінгі қазақ қоғамында әр адам­ның болып жатқан оқи­ға­ларға пікір айту еркіндігі бар. БАҚ-тарды былай қойғанда, кез кел­ген адамның пікірін көпке жет­кізуге әлеуметтік желілер зор мүм­кіндік береді. Онда өз парақшаң ар­қылы айтқың келгенін айтып, қан­дай да бір мәселе жөніндегі ойың­­ды еркін білдіресің. Ол – ақ­параттық технология заманының зор жетістігі. Бірақ біз сол жетістікті қан­шалықты адамгершілікпен пай­да­ланып, өзгелерге қаншалықты әділ болып жүрміз? Барлық мәселе сон­да. Әр саланың өз лидерлері бо­лады. Демек, қай салада да ма­нипуляциялауға мүмкіндік бар де­ген сөз. Бүгінгі жарнама заманы­ның басты ерекшелігі де сол – бел­гілі бір адамдар тобы не қандай да ұйым өздеріне табыс әкелуі үшін, имидж қалыптастыру үшін түсі­нік­терді манипуляциялайды. Әлеу­мет­тік желіде де танымал адамдар осы әдіс­ті қолданады. Сондықтан олар­дың сөзіне құлақ қоятын, тіпті кү­м­әнсіз сенетін адамдар тобы пайда болады. Жұрттың сеніміне кіріп, ел­ді айтқанына ұйыта ала­тын­­дардың бәрі өздерімен санасатын­дарды дұрыс жолға бастай бер­мейді бірақ. Соның кесірінен біреу­дің сөзіне еріп екінші біреуге жа­­зықсыз тіл тигізіп, жеке бастың ар-намысын қорлауға дейін жетіп жа­­татын жағдай болады. Бұл – өте жа­­ман нәрсе және ол адамдардың н­а­­дандығынан, білімсіздігінен туып отыр. Қалай десек те, әлеуметтік же­­лілердегі адамдардың іс-әрекеті мен пікірлері – бүгінгі қо­ғам­ның келбеті. Қазіргі ақпараттар тасқы­нын­да беріліп жатқан мәлі­мет­­тердің өтірік-расын тексерудің өзі бір жұмыс. Сондықтан көп­ші­лік­­ке тарап жатқан кейбір ақпарат­тар­дың жалған не шындық екенін анық­тайтын фактчек қызметі пай­да болды. Бірақ оның өзі кейде жылдам әрекетке қауқарсыз. Өйт­кені шындыққа көз жеткізу үшін уа­қыт керек. Ал бұл аралықта жал­ған хабар жаһанға тарап, адамдар­ды сендіріп болады. Ендеше әр адам өзінің ақпаратты талдау қабілетін же­­тілдіруі керек, өйтпесе сенгіштікті пай­­даланып кететіндер көп. Жасыратыны жоқ, бүгінгі қоғамда жұрттың көбі сен­­гіш. Біреудің негатив пікіріне манипуляцияланып қалғандар өз­дерінің қалайша оп-оңай теріс ой­лылардың қолшоқпарына ай­нал­ға­нын сезбей қалады. Мәселен, қазақ қоғамында жиі сыналатын нәрсенің бірі – экономика. Ол туралы пікір ай­тушыларды көбі әлдебіреуден естігендерін қайталаушылар. Экономика туралы әңгіме болған соң әрине, елімізді өзгелермен са­лыс­тыруға тура келеді. Ел экономикасына сын айтушылардың біразы­ның аргументі «өзбектің қазақ­тар­дан артықшылығы» болып келеді. Өткен жылы біреулер Ташкент пен Самарқанд қалаларының арасына қатынайтын «Афррасиаб» жүрдек пойызы туралы айтып, оны мақтап, қыза келе ана тез жүретін пойыз «Өз­бекстанда жасалған» деп жібер­ді. Сол-ақ екен, «өзбектің озықтығы» мен «қазақтың артта қалғаны» ту­ра­лы әңгіме гулеп қоя берді. Мә­се­ленің ондай емесін айтқандарды тың­дайтын ешкім жоқ. Ақыры сол пойыз туралы өзбекстандық азамат дұры­сын айтып, оған да көн­беген­дер­ге advantour.com сайтында тұр­ған «Самый быстрый поезд Узбе­кистана, производства испанской компании «PatentesTalgoS.L.» деген мә­ліметті көрсетіп әрең тоқтат­қан­дай болдық. Шындығында, ин­тер­нет дәуірінде қандай да бір күдікті мә­ліметтің өтірік-шынын анықтау ізденген адамға соншалықты қиын емес қой! Ал көзімізбен оқуға құл­қы­мыз жоқтықтан, естігенімізге сене саламыз баяғы. Жоғарыда біз келтірген жағ­дай бір қарағанда аса зиян­сыз көрінгенімен, идеялық жағынан өте қатерлі нәрсе. Ақ­па­рат­­­тық экспансия арқылы бір ел екін­ші елге жасырын соғыс жүргізіп жат­қан қазіргі кезеңде әр азамат­тың өз елі туралы шынайы ақпарат­қа ие болуы, елінің беделін түсіре­тін жалған мәліметтерге қарсы тұруы аса маңызды! Әлемде күн сайын өз мәлі­мет­­терін жариялап отыра­тын статистикалық, зерттеу орталық­тары бар. Әрине, олар да қандай бір фактілерге сүйенетін шығар, бірақ кейде адам сенгісіз деректерді ұсы­натыны бар. Мысалы, осыдан біраз бұрын елімізге наркология жө­нінде сабақ өтуге келген бір ре­сейлік ғалымның «Ресей мен Қа­зақ­станның арақ ішу көрсеткіші бір­дей» депті. Сонда 145 миллионға жуық халқы бар Ресей мен 19 мил­лионға жетпейтін халқы бар біздің елдің ішімдік ішу мөлшері қалайша бірдей болмақ? Қазақстандықтар күндіз-түні ішсе де оларға жете ала ма? Тіпті, ол физикалық жақтан да мүм­кін емес нәрсе ғой! Тағы бірде біреулер соңғы ши­рек ғасырда ақшасы ең көп құнсызданған біздің ел деп со­ғып отыр. Әрине, теңгемізде құн­сыз­дану құбылысы жоқ емес, бірақ ин­тернетті ақтарып мәлімет іздесең ширек ғасыр ішінде ұлттық валюта­сы мың, екі мың есе құнсызданған да елдер бар екен. Демек, қазір кез кел­ген пікірге күмәнмен қарап, ақ-қа­расын анықтауға тырысатын за­ман. Әрине, жалпы мәселе жө­нін­де даулы пікірлер бола бе­ре­ді ғой, ең жаманы бүгінде жеке адам­­­дардың абыройын төгіп, адам­дығын қорлайтын ақпарат­тарға тыйым болмай отыр. Ондайдың көбі әлеуметтік желілерде фейк ак­каунттар арқылы тарайды да, өсек қуған елді желіктіріп әкетеді. Нақты бір фактпен сөйлесем: өткен жылдың соңында отбасылы әйел­дер қатысатын әлемдік Mrs Universe байқауында отандасымыз Жұлдыз Әбдікәрімованың бағы жанып, бас жүлдеге ие болып, «Әлем ханымы» атан­ды. Пандемия байланысты ал­ғаш рет онлайн өткен байқауда ал­ғаш рет қазақ қызы жеңімпаз тә­жін киді. Ал енді не болды дей­сің­дер ме, сол жеңіске біздің қазақтың талайы сенген жоқ. Ең сорақысы – қа­зақстандық журналистер ұйым­дастырушыларға хабарласып, «Жұл­дыз Әбдікәрімова бас жүлдені қан­ша ақшаға сатып алды?» деп сұраған ғой. Кейін осындай әңгі­ме­лер­ге қатысты өзінің Instagram же­­лісіндегі парақшасында жария­ла­ған жазбасын негізге ала отырып, мақала жарияладық. Оны бірнеше топтарға бөлістік. Ал ол жерде де «сенбеймін» дегендер аз болған жоқ. Себебі о басында біреулер «Ж.Әб­дікәрі­мованың жеңгені өтірік, ин­тернетте ресейлік қыз жеңімпаз бол­ғаны айтылған» деп, ресейлік қыз­дың жеңісі туралы мақаланың сіл­темесін емес, Facebook-те көрсе­тілген скриншотын таратқан. Біз оны тексергенімізде мақала 2020 жылдың қаңтарында жарияланған болып шықты. Қазір күн сайын әдейі аран­дату үшін түрлі ақпараттар та­рап жатады. Кейбіреулер ондайды әдейілеп жасайды. Өткенде «Ақ жол» партиясынан Парламентке де­путат болған ақын Қазыбек Исаны қонақ­үйге барған жерінен үш-төрт әйел дөрекі түрде телефонға түсіріп, оны мас деп кінәлаған. Бейнесюжетте Қ.Иса тәлтіректеп не тілі күрмеліп тұр­ған жоқ, бірақ соның ертесіне-ақ бүкіл елге «мас депутатты» түсір­ген бейнежазба тарап, ақынды жерден алып, жерге салушылар қап­тап кетті. Әрине, депутаттың ішіп көзге түсіп қалғанын ешкім құп­тамайды, бірақ оны тым әсі­ре­леп, абыройын төгетіндей ілік жоқ еді. Бұл да біздің адамның жеке ба­сы­ның ар-намысын қорлауға дайын екенімізді, бас-көз жоқ, ес­тіге­німізге сене салатын ерме еке­ні­мізді көрсетті. Бүгінгі қоғамда өз пікірі жоқ, өз­генің айтқанына еш ой­лан­бас­тан сене салатын, негатив пі­кірдің бәрін шындық деп тал­ғау­сыз қабылдай беретіндердің тым кө­бейіп кеткенін көріп жүрміз. Бұл – өте қауіпті құбылыс. Себебі ондай ер­ме адамдарды түрлі жаман нәр­сеге сендіріп, өзгелерге қарсы айдап салудан оңай нәрсе жоқ. Ондай жағ­дай жүз беретін болса, талай жа­зықсыз адамдар зардап шегуі мүм­кін. «Сократқа у ішкізген, Иоанна Арк­ті отқа өртеген, Ғайсаны дарға ас­қан, пайғамбарымызды түйенің жем­тігіне көмген кім? Ол – көп, ен­де­ше көпте ақыл жоқ. Ебін тап та, жөн­ге сал» депті Абай отыз жетін­ші қара сөзінде. Ұлы ақынның ай­тып отырғанының бәрі кезінде ер­ме­лердің, яғни өз пікірі жоқ, өзге­нің айтқанымен жүретіндердің қо­лы­мен жасалғаны анық. Ендеше қо­ғам дамысын десек, әрбіріміз, жалған сөздердің жетегінде кетпей, өз­генің ар-намысын сыйлауға әдет­тенгені­міз жөн. Еліміздің тұтастығын, хал­қы­мыздың ауызбірлігін аранда­ту­ға берілмей, жалғаннан шындық­ты аршып ала білер әділетшіл аза­мат­тығымыз арқылы ғана сақтай ала­мыз.