Канада Сыртқы істер министрлігінде жұмыс істейтін қазақ қызы: Ұлымның Қазақстан намысын қорғағанын қалаймын
Канада Сыртқы істер министрлігінде жұмыс істейтін қазақ қызы: Ұлымның Қазақстан намысын қорғағанын қалаймын
Жуырда қазақстандық спорт порталдарының біріне сұхбат берген 17 жастағы Марк Уэбб есімді канадалық хоккейші Алматыда дүниеге келгенін, алдағы уақытта хоккейден Қазақстан ұлттық құрамасында өнер көрсеткісі келетінін айтқан болатын. Марктің анасы Нұргүл Канада Үкіметінде, нақтырақ айтсақ, Сыртқы істер министрлігінде сауда жөніндегі кеңесші қызметін атқарады екен. Бүгінде Канада астанасы Оттавада тұратын қандасымызбен хабарласып, әңгімеге тартқан едік.
– Әлгі спорт журналисіне сұхбат берген ұлыңыз Марк-Әсет сіздің Канада үкіметінде жұмыс істейтініңізді айтыпты. Шетел азаматына бөгде елдің үкімет аппаратына жұмысқа тұру оңай емес екені белгілі. Бұл қызметке қалай қабылдандыңыз?
– Оттаваға келген соң, Carleton университетінің магистратура бөліміне оқуға түсіп, халықаралық қатынастар факультетінде білім алдым. Магистратурада оқып жүргендерге мемлекеттік қызметке орналасуға мүмкіндік беретін арнайы бағдарлама бар. Жалпы, Канадада министрлікке жұмысқа тұру екінің бірінің қолынан келе бермейді. Бірақ мен әлгі бағдарлама бойынша конкурстан өту үшін барымды салдым. Жолым болып, ақырында Сыртқы істер министрлігіне жұмысқа қабылдандым. Онда сату жөніндегі кеңесші қызметін атқарамын. Бұл министрлікте жұмыс істегеніме биыл алты жыл болды. Канаданың өзге елдермен сауда қатынастарын дамытуға атсалысамын. Қазақстанмен байланысты іске араласпаймын. Алайда осындағы Қазақстан елшілігінде жұмыс істейтін қазақтарға көмектесіп тұрамын. Әсіресе, олардың әйелдері ағылшын тілін жөнді білмейтіндіктен, ауруханаға тіркелу, мектепке қабылдану секілді мәселелерін шешіп беремін. Сондай-ақ аударма жасап беремін. Жалпы, Қазақстанда жүрмесем де, елде болып жатқан жайттарды сырттай бақылаймын. Әсіресе, жуырда өткізілген Парламент Мәжілісі және мәслихат депутаттарының сайлауын бақыладым. Сосын пандемияға байланысты елдегі эпидемиологиялық ахуал туралы жаңалықтарды үзбей оқып тұрамын.
– Тағы сол сұхбаттан білгеніміздей, ұлыңыз Марк-Әсеттің арманы – NHL (National Hockey League) лигасында өнер көрсету және туған жері – Қазақстанның ұлттық құрамасы сапында ойнау. Қазақстандағы бапкерлер NHL секілді әлем бойынша үздік саналатын лигада ойнау тәжірибесі бар ойыншыны құрамаға қуана-қуана шақыратыны белгілі. Оның үстіне, елдегі жетекші командалардың біріне бастапқыда легионер ретінде қосылып, кейіннен азаматтық алып, бүгінде ұлттық құрама санында ойнап жүрген канадалық ойыншылар жетерлік. Байқағанымдай, алдағы уақытта ұлыңыздың Қазақстанның намысын қорғайтын хоккейшілер сапына қосылғанын қалайтын секілдісіз?
– Иә, біз соны қалаймыз, құптаймыз. Қазақстан құрамасына шақырады деп үміттеніп отырмыз. Әкесі әлгі сұхбат шыққан соң оған «Болды, сен енді Марк-Әсет Махамбетсің (Нұргүлдің қыз кезіндегі тегі – ред.). Қазақстанға барғанда, өз тегіңе сай болуың керек» дейді. Ал мен «Барыс» командасында ойнайтын боласың. «Барыс» барлығын жеңеді» деп айтып отырамын. Егер елге шақыратын болса, мен де қасына еріп келетін едім. Жалпы, Марк-Әсет бастапқыда Канадаға келгісі келмеген. Әкесінің жұмысы бойынша түрлі елде жүргенде Канадаға тек еңбек демалысында келіп-кетіп жүретінбіз. Сол себепті әдепкіде Канада ұлдарыма тек туристік орын секілді көрінетін. Армениядан сонда көшеміз деп шешім қабылдағанда Марк «Онда барғанда біз не істейміз?» деп барғысы келмейтінін айтқан болатын. Әкесінің «Балам, онда америкалық футбол немесе хоккей спорты танымал. Соның біреуімен шұғылданасың» деп айтқаны есімде. Негізі, Марк-Әсет хоккеймен қатар, футболды да жақсы ойнады, тіпті команда капитаны атанғаны бар. Сосын екі спорттың біреуін таңдайтын кезде, хоккеймен кәсіби түрде шұғылдануға бел буды. Бірде Оттавада Қазақстан жасөспірімдер құрамасының Чехия командасына қарсы өткізген ойынына билет пен «Қазақстан» деген жазуы бар шарф сатып алып, аренада «Алға!» деп айқайлап, отбасымызбен жанкүйер болғанбыз. Ұлдарым қазір де «Анашым, қазір Қазақстан құрамасы ойнайды! Кеттік, бірге көреміз!» деп мені өздерімен ертіп алады. Айтпақшы, ұлым берген сол сұхбатты жұмыстағылармен бөліскенмін. Қазақстандағы Канаданың Төтенше және өкілетті елшісі Николас Бруссо оқығысы келетінін айтып, сілтемесін жіберуімді сұрады. Жалпы, бұл сұхбат Қазақстан мен Канаданың арасындағы сыртқы қатынастарды жақсартуға септігін тигізетін фактор деп айта аламын.