Ақын Маралтай Райымбекұлы Президент пен министрге жыр оқу эстафетасын жолдады
Ақын Маралтай Райымбекұлы Президент пен министрге жыр оқу эстафетасын жолдады
Белгілі ақын Маралтай Райымбекұлы Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдық мерейтойына байланысты ақиық ақынның «Күн бүгін күңіреніп…» өлеңін оқып, ары қарай жалғастыру үшін жыр оқу эстафетасын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұловаға жолдады.
«Қазақтың ұлы ақыны Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдық мерейтойына байланысты ақын Әміре Әрін ағадан қабылдаған жыр алауын ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы мен ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Раxметоллақызына жолдаймын!» деп жазды ақын Маралтай Райымбекұлы әлеуметтік желіде жариялаған жазбасында.
Мұқағали Мақатаев. «Күн бүгін күңіреніп…»
Күн бүгін тұрып алды күреңітіп,
Шіркіннің ашылмайды реңі түк.
...Күреңіткен ауылдың сырт жағында,
Мені де отыр ма екен біреу күтіп.
Күн сияқты ол-дағы күреңітіп.
Кім күтсін, кім жоқтасын онда мені,
Күтетін бір махаббат болған еді,
Күте-күте күдерін үзген шығар,
Күреңіткен мына күн сол ма тегі?!
Бұл күнде жоқ - әжелер, аталарым,
Кім күтсін, кімнен барып бата аламын.
Кім сейілтсін көңілді қападағы,
Кімге керек «дәрежем», атақ-арым?!
Мансап, атақ, дәреже?!
Қайдан болсын.
Әлдеқашан жығылған сайран-қосым,
Арсалаңып алдымнан шығатұғын,
Қырда жатыр қимасым, қайран досым.
Күн бүгін күреңітіп тұрып алды.
Көңілім күнге қарап құбылады.
Аямасаң аяма! Енді менде
Алынбаған не әкеңнің құны қалды!?