Тараз қаласында ұсталған қылмыстық топ мемлекетке 10 миллиард теңге залал келтірген. Бұл туралы қаржы мониторингі комитеті хабарлады.
Ресми мәліметке сәйкес, Жамбыл облысы бойынша экономикалық тергеу департаменті өткізген жедел-іздестіру шаралары кезінде 2009-2020 жылдар аралығында заңсыз әрекет еткен ұйымдасқан қылмыстық топ анықталды.
«Олар қала аумағында жалған шот-фактуралар жазып берумен айналысқан. Яғни, нақты жұмыс жасалмаса да, тауарлар жеткізілмесе де, жалған шот-фактуралардың негізінде миллиардаған ақшаны аударып алып отырған», – дейді құқық қорғаушылар.
Қылмыстық топқа 10 адам кірген. Олардың ішінде заңды тұлғалардың басшысы ретінде тіркелген азаматтар да бар. Барлығы бірігіп, контрагент сатып алушыларды іздеумен және екінші деңгейлі банктерден қолма-қол ақша шығарумен айналысқан.
Осы қылмыстық іс-әрекеттердің нәтижесінде мемлекетке келтірілген залал мөлшері 10 миллиард теңгені құрады.
Тәркілеу шаралары аясында қылмыстық топтың бақылауында болған кәсіпорындардың жалпы сомасы 1 миллиард теңгеден астам қаржысына шектеу қойылды.
Қылмыстық істің материалдары сотқа жіберілді.
Посмотреть эту публикацию в Instagram