Таразда 10 адамнан тұратын қылмыстық топ 11 жыл бойы миллиардтап қаржы жымқырған (видео)
Таразда 10 адамнан тұратын қылмыстық топ 11 жыл бойы миллиардтап қаржы жымқырған (видео)
Тараз қаласында ұсталған қылмыстық топ мемлекетке 10 миллиард теңге залал келтірген. Бұл туралы қаржы мониторингі комитеті хабарлады.
Ресми мәліметке сәйкес, Жамбыл облысы бойынша экономикалық тергеу департаменті өткізген жедел-іздестіру шаралары кезінде 2009-2020 жылдар аралығында заңсыз әрекет еткен ұйымдасқан қылмыстық топ анықталды.
"Олар қала аумағында жалған шот-фактуралар жазып берумен айналысқан. Яғни, нақты жұмыс жасалмаса да, тауарлар жеткізілмесе де, жалған шот-фактуралардың негізінде миллиардаған ақшаны аударып алып отырған", – дейді құқық қорғаушылар.
Қылмыстық топқа 10 адам кірген. Олардың ішінде заңды тұлғалардың басшысы ретінде тіркелген азаматтар да бар. Барлығы бірігіп, контрагент сатып алушыларды іздеумен және екінші деңгейлі банктерден қолма-қол ақша шығарумен айналысқан.
Осы қылмыстық іс-әрекеттердің нәтижесінде мемлекетке келтірілген залал мөлшері 10 миллиард теңгені құрады.
Тәркілеу шаралары аясында қылмыстық топтың бақылауында болған кәсіпорындардың жалпы сомасы 1 миллиард теңгеден астам қаржысына шектеу қойылды.
Қылмыстық істің материалдары сотқа жіберілді.