Жаңалықтар

Дағдарыс елесі: 2021 жылға экономикалық болжам

ашық дереккөзі

Дағдарыс елесі: 2021 жылға экономикалық болжам

Өткен жыл адамзатқа оңайға соқ­­пады. Коронавирус пен ал­қым­­нан алған дағдарыс әлем­нің ал­дыңғы қатарлы дамыған мемле­кет­терінің де шаруасын шатқаяқтатты. Пан­демия ке­сірінен елдер шекарасын қым­тап, көрші мем­лекеттермен барыс-ке­ліс­ті шектеді. Ко­ронавирус әлемдік рецессияның бас­талуына себеп болды, сөз­дік қорымызға коронадағдарыс тер­мині енді. Ұзаққа со­зылған экономи­ка­лық дағдарысқа алып келген корона­вирус әлемдегі еңбекке жа­рам­ды халық­тың жартысына жуығының та­бысын азайт­ты. Сарапшылар жаһан эко­номи­касы соңғы жүз жыл ішінде бол­маған дең­гейге түсетінін айтты. Осы орай­да Túrkistan халықаралық газеті отандық сарапшы мамандарға хабарласып, 2021 жылы Қазақстанның экономикасы қан­дай болмақ деген сауалға жауап іздеген еді. Рашид ЖАҚСЫЛЫҚОВ, Мұнай-сервис компаниялары одағының төралқа төрағасы, экономист: Биыл экономикалық көрсеткіш 2019 жылдан төмен болады – Осы жыл дүние жүзі бойынша сая­си жағдайлармен және карантин шараларымен басталып жатыр. Әлем­дегі саяси әл-ахуал өте төмен, Аме­рикадағы сайлау соңының қақ­ты­ғыстарға ұласуы, Ресейде А.Нава­ль­ныйдың ұсталуы сынды саяси шие­леністердің немен аяқталатыны бел­гісіз. Англия сынды экономикасы мық­ты бірталай мемлекет шекара­ла­рын жауып жатыр. Тіпті жарты жыл­дан кейін немесе жыл соңында ше­каралар ашылып, дүниежүзілік эко­номика аяққа тұрып кеткеннің өзін­­де де біздің экономикалық көр­сет­кіш 2019 жылдан төмен бола­ты­ны айдан анық. Қазіргі таңда бола­шақ­та нарықтың жағдайы қалай бола­ды деген сауалға бірде-бір са­рап­­шы толыққанды «жартыжыл­дық­­та осындай болады», «жыл соңын­­да мынадай болады» деп айта ал­­майды. Қазір біздің нақты қорғайтын не­месе бақылайтын саламыз – мұ­най-газ өндірісі. Біздің мемлекеттің бюд­жеті және Ұлттық қордағы қар­жының 45 пайызы мұнай-газ өн­дірі­сі арқылы келіп отыр. Қазір мұ­найға сұраныс әлі 2019 жылдағы көрсеткішке жете қойған жоқ. Сұраныс пен ұсыныстың арасында келіс­пеушілік бар. Өйткені Джо Бай­ден мұнай-газ өндірісіне инвес­ти­ция құюға шектеу қоямын деді. Американы мұнай экспортшысы қы­лып отырған сланстық мұнай ғой, соны тоқтатамын деді. Олай бо­ла­тын болса, әрине жағдай жақсы бо­лар еді. Бірақ қазіргі таңда ол әлі то­лыққанды өзінің жұмысына кіріс­педі. Мұнай тұрғысынан біз Ре­сеймен өте тығыз байланыстамыз. Мұ­найымыз Ресейдің екі құбыры ар­қылы кетіп жатыр.  Олардың жағ­дайы қандай болмақ? Сондықтан қа­зір нақты біздің көрсеткіш кере­мет болады деу өте қиын. Біздің мемлекет карантин ке­зінде технологияны қаншалықты да­мытып үлгерді, білім, ғылым са­ласы қаншалықты өздерінің жұ­мы­сын карантиндік кезеңге икем­де­гені, бәрі-бәрі 2021 жылы ашылады. Мемлекетіміз толыққанды гео­саяси және экономикалық жа­ғы­нан өз­геріс әкеле алатын мемлекет емес. Көбіне сыртқы саясатқа, көр­ші елдердің экономиканың өсуіне тәуел­ді болғандықтан, бізге тек қа­на күтуден басқа амал жоқ. Экономикаға өзгеріс әкелу үшін кә­­дімгідей жоспарланған мемлекет­тік бағдарлама қабылдануы керек. Ал оған үлкен қаражат қажет. Қа­зір­гі таңда инвесторлар да өте сақ отыр. Ең бірінші ойға келетіні, бірін­ші бағытта қорғайтын біздің мем­лекеттің инвестициялық әл-ахуа­лы. Ауыл шаруашылығын, мұ­най-газ өндірісі, ауыр өнеркәсіп, те­мір өндіру өнеркәсіптерінде, кө­мір өндіруге инвесторлар қан­ша­лықты керек? Мысалы, қандай да бол­сын экономика «якорлық» ин­вес­т­орға тәуелді. Біздің мұнай-газ саласында да жаңа жобалар ашы­лып жатқан жоқ, Қашаған мен Қара­шығанақтағы өндірісті ұлғай­ту­дағы жобалар әлі де жалғасын тап­пай отыр. Жыл басын жұмыс­шы­ларды қысқартудан бастадық. Осы қаңтар айының өзінде мұнай-газ саласының қызмет көрсету сек­торында 20 мыңға жуық адам жұ­мыссыз қалды. Мұнай-газ саласына да биылғы жыл оңай болмайын деп тұр. «Үмітсіз шайтан» деген, былтыр­ғыға қарағанда жақсы болады-ау деп қамданбай, құр айтатын болсақ, онда ешқандай әсер  болмайды. Карантин біздің мемлекеттің әлсіз тұстарын өте айқын, ашып көрсетіп берді. Алдағы уақытта сол қателік­тер­ден сабақ алып, кемшіліктерді тү­зету керек. Қарапайым байланыс құ­ралынан бастап үлкен-үлкен дең­гейдегі жобалармен айналысу керек. Сондықтан дүниежүзілік эко­но­мика түзелмей, дүниежүзілік саяси әл-ахуал бірқалыпты орнына кел­мей, экономика жақсарып кетеді деп айта алмаймыз.