«Мәдениет министрлігінің араласуынсыз». «Болашақ» 10 жылдан бері фильмдерді қазақ тіліне дубляждауды жалғастыруда

«Мәдениет министрлігінің араласуынсыз». «Болашақ» 10 жылдан бері фильмдерді қазақ тіліне дубляждауды жалғастыруда

«Мәдениет министрлігінің араласуынсыз». «Болашақ» 10 жылдан бері фильмдерді қазақ тіліне дубляждауды жалғастыруда
ашық дереккөзі
Елордада «Nur Otan» партиясының қолдауымен Disney/Pixar студиясының «Жан» анимациялық фильмінің алдын ала көрсетілімі өтті. Бұл - «Болашақ» қоры мен «Меломан» компаниясының бастамасымен «Өзіңнен баста» жобасы аясында мемлекеттік тілде дубляждалған 36-шы кинокартина. Биыл Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен Елбасының тікелей қолдауымен қолға алынған «Өзіңнен баста» әлеуметтік жобасының 10 жылдығы тұспа-тұс келіп отыр. Осы жылдар ішінде жобаға демеушілер мен меценаттар жалпы алғанда 1,4 млрд.теңгеге жуық қаражат бөліп, соның арқасында біз әлемдік 36 көркем және анимациялық фильмдерді ағылшын тілінен тікелей қазақ тіліне дубляждадық. Осы орайда айта кетерлігі, мұның барлығы Мәдениет министрлігінің ешқандай қолдауынсыз жүзеге асты. Балалар үшін мемлекеттік тілде сапалы әрі бәсекеге қабілетті контент жасауға жауапты уәкілетті орган болашақтықтардың қоғамдық бастамасын одан әрі жалғастырады деп ойлаймын», - деді «Nur Otan» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары және «Болашақ» қоры қамқоршылық кеңесінің құрметті мүшесі Бауыржан Байбек.  width= Партия баспасөз қызметінің хабарлауынша, «Nur Otan» Мәдениет министрлігінен осы бағытта тиісті жұмысты талап ететін болады. Жалпы, өзінің сайлауалды уәделерін іске асыру аясында билеуші партия мемлекеттік тілдің барлық салада кеңінен қолданылуына, қазақ тілінде оқытатын мектептер мен балабақшалардың көбеюіне ықпал етуді, сондай-ақ, дәстүрлі мәдениет пен ұлттық спорт түрлерін қолдауды одан әрі жалғастырады. «Болашақ» қамқоршылық кеңесінің төрайымы Динара Шайжүнісова атап өткендей, қор бұрынғысынша кинокартиналарды мемлекеттік тілде тең ұсыну мәселесімен белсенді айналысады. «Уақыт өте келе «Жан» шетелдік киноның қазақ тіліндегі классикасына айналады деп ойлаймын. Сонымен қатар, қазақстандықтар үшін қазақ тіліндегі киноға тең қолжетімділіктің өзектілігі сақталуда. Уәкілетті органдар тиісті шаралар қабылдауы үшін біз бұл мәселені барлық алаңдарда одан әрі көтере береміз», - деп атап өтті ол. Айта кетейік, «Өзіңнен баста» жобасын жүзеге асыру барысында «Мұзды өлке-2», «Кек алушылар: Альтрон дəуірі», «Батыл жүрек», «Коко құпиясы», «Моана», «Малефисента», «Аладдин» сияқты және т.б. картиналар қазақ тіліне дубляждалды.  width= Жобаның арқасында 100-ден астам отандық актер «Walt Disney Pictures»-нің дауыстық базасына енді. Қазақ тілі түрік тілінен кейінгі дубляждағы екінші түркі тілі және «Walt Disney» компаниясының тарихындағы 39-шы тіл болды. Жоба тарихында алғаш рет «Жан» фильміне дубляж жасауға кастингке тек бір ғана Нұр-Сұлтан қаласының өзінен 20 актер қатысты. Дегенмен, кәсіби актерлік құрам іріктелді. Мысалы, басты кейіпкер Джо Гарднерді жобаға көптен бері қатысып жүрген талантты актер Дәурен Серғазин дыбыстады. Бұған дейін оның дауысымен «Алладин» фильміндегі Жын, «Арыстан патша» фильміндегі сурикат Тимон және Дисней студиясының басқа да танымал кейіпкерлері сөйлеген еді. Сонымен қатар, дубляжға Данияр Сванқұлов, Меруерт Ермекбаева, театр және кино әртісі Майра Омар қатысты. Титрдегі «Өмір ғажап» әнін Mona Songz деген атпен танымал қазақстандық орындаушы Манарбек Жұматай орындады. Баспасөз қызметінің хабарлауынша, аталған анимациялық фильмді жақын арада Интернет желісінде көруге болады.