Қоғам нені қастер тұтса, құндылық сол
Қоғам нені қастер тұтса, құндылық сол
Әр дәуір келген сайын онымен ере келетін түрлі қиындықтар адамдардың білім-білігін, қабілеті мен рухани төзімділігін сынға салып, болып жатқан жағдайларға қоғамдық көзқарас қалыптастырары анық. Бұл – қоғам үшін құндылықтар тізімін жасап, ең қажетті де өзекті мәселелерді алға шығарар үрдіс.
Экономикалық даму адамдардың сұранысын қанағаттандыру, сосын тұтынушылық қабілетінің деңгейін көтеруді есеп алғанда ғана жүзеге асатын болса, рухани даму – заман өзгерісінде құндылықтар түрі өзгергенімен адами факторға негізделіп, қоғамның бет-бейнесін жасайды.
Мынадай мәселе бар, бір кезде әспеттелген құндылықтар заман өзгергенде мүлде басқаша сипат алып, керексіз уағызға, қажетсіз тауарға айналып кетуі мүмкін. Мысалы, осыдан 30 жылдан әріде КСРО дәуірінде саудагерлік – пай дакүнемдік, тіпті, моральдық азғындық деңгейінде бағаланса, тәуелсіз ел болған тұсымызда өмірімізге нарықтық қатынастар шындап енгенде саудагерлік іскерлік сапа деңгейін көрсететін құндылыққа айналды. Яғни, кім сауда жасай білсе, сол өмір сүруге қабілетті, нарық талабын игерген тұлға ретінде бағаланатын болды. Ал қазір бұл қалыпты жағдайға айналды. Демек, қоғамда құндылықтар тізімін қалыптастыратын күш – заман талабы!
Бүгінгі құндылық не? Ең қарапайым, тұрмыстық түсінікпен қарап көрсек, ақша табудың жолын іздеп немесе ақша тауып жатқан қарапайым адамдардың басты ұмтылысы − жеке баспаналы (жақсы тұрғын үй кешенінен пәтер немесе коммуникациясы жақсы дамыған ауданнан коттедж) болу, трендтегі шетелдік көлік тізгіндеу, балаларын сапалы білім беретін жекеменшік мектептерге, одан әрі шетелдік ЖОО-ға оқыту т.с.с. тұрмыстық мәселелерді шешуге арналған. Неге? Себебі, ел тұрғындарының көбінің дәл осы нәрселерге қолы жете бермейді. Өйткені ұмтылыс, мақсат деген нәрсе адамның өзінде жоқ нәрсеге қызығушылығынан бастау алады.
Біздің қоғамда социализм дәуірінде өмір сүріп көрген адамдар әлі көпшілікті құрайды. Сондықтан сол кезеңдегі жалпыға бірдей білім беру, тегін емделу және жұмыспен қамту секілді істерді толық мойнына алған қоғамның игілігін көрген адамдар бүгінгі өзін-өзі жұмыспен қамтумен айналысатын, білім беру мен денсаулық сақтау жүйесінің біртіндеп жекеменшікке өтіп жатқанын қиналыспен қабылдайды. Демек, екі қоғамды салыстыра отырып, олардың арасындағы ыңғайлылық пен қиындықты салғастыра отырып, бүгінгі қоғамдық жүйеге сын көзбен қарайтындар қоғамда көп деген сөз. Алайда, даму жолы мүлде жаңа арнаға түскен бүгінгі саяси-экономикалық бағыт әр адамның жеке дамуына жол ашатын тәсілдерге сүйеніп, сол арқылы заман талабын терең түсінген, заманауи талап негізінде әрекет ете алатын іскерлер тобын қалыптастыруды мақсат тұтады және оны барлық салада көруге бейіл.
Әрине, заман өзгергенде жедел ес жинап үлгеру, заман талабына сай әрекет ететін тұлғаға айналу оңай емес, тіпті, аса күрделі үдеріс. Бірақ нарықтық экономикаға өткен ширек ғасырда біздің көбіміз әлі күнге мемлекетке мойын созудан арыла алмаған секілдіміз. Рас, мемлекет көмегіне зәру әлеуметтік топтар яки салалар болатынын жоққа шығара алмаймыз, десе де қаржылық қолдау жағынан мемлекеттің міндетіне кірмейтін салалар мен адамдар тобы да жоқ емес. Міне, біздің көп жағдайда байыбына бармай, дау-дамайға айналдырып алатын мәселеміздің бірі осы.
Бүгінгі қазақ қоғамын ұстап тұрған күш ретінде нені көре аламыз? Ол әрине, ұлттық-адами құндылықтардың алдыңғы орында тұруы. Қазақ халқы үшін отбасы, туыстық қатынас және салт-дәстүр әрдайым қасиетті саналған. Сол түсініктің күні бүгінге дейін маңызды ұғым ретінде сақталып келе жатуы біздің халықтың өсіп-өнуіне де, рухани дүниесінің адамгершілік ұстанымынан айнымауына зор әсер етуде. Мұны түрлі әлеуметтік зерттеулер де дәлелдейді. Мәселен, әлем елдерінде қоғамның әлеуметтік және саяси дамуына ықпалын зерттейтін «Әлемдік құндылықтарға шолу» (World Values Survey) атты жаһандық жобаның 110 елде орналасқан 200-ден аса ғылыми және зерттеу ұйымдарының әлеуметтанушылары, саясаттанушылары, зерттеушілері (арасында ғалымдар да көп) қырық жылдан бері ел арасында сауалнама жүргізіп, нәтижесін талдап, жариялап келеді. Ол ұйым біздің елімізде де екі рет сауалнама жүргізіпті. World Values Survey-дың алғашқы зерттеуі 2011-2014 жылдары өткізіліп, оның нәтижесі отандастарымыз үшін ең басты құндылық ретінде отбасын атаған екен. Бұл – сауалнамаға қатысқандардың 92,4 пайызының көзқарасы. Сондай-ақ, одан кейінгі орында маңызды нәрселер ретінде жұмыс, достар, бос уақыт, дін, саясат саласы көрсетілген. Ал «Әлемдік құндылықтарға шолу» жобасының 2018 жылы елімізде екінші рет өткізген зерттеуінде бұрынғы құндылықтар өз қалпын сақтағаны, тіпті кейбірінің деңгейі өсе түскені байқалған. Бұл сауалнамаға 18 жастан асқандар, сондай-ақ ауыл мен қала халқы тең қатыстырылған. 1 200 адамнан сұрау салынған сауалнама нәтижесі бойынша отбасын бірінші орынға қойғандар 93,5 пайыз болып, бұрынғыдан көбейсе, жұмысын маңызды дейтіндер 61,9 пайыздан 49,2 пайызға түскен. Сол сияқты, достарын маңызды санайтындар бұрынғыдан 4,6 пайызға, бос уақытын қадірлейтіндер 6,8 пайызға азайған. Дінді басты құндылық санайтындардың үлесі алғашқы зерттеуде 21,5 пайыз болса, кейінгіде 28,7 пайызға өскен. Ал ең маңызы аз сала ретінде саясат 13,5 пайызбен ең соңына түскен. Көріп отырғанымыздай, бұл күллі халықтың көзқарасы емес, бірақ «Теңіздің дәмі тамшысынан білінеді» деген тәмсілге мойынсұнсақ, халықтың бір бөлігінің пікірінің өзі жалпыға ортақ түсінік деңгейі мен көпшіліктің қалауын танытары анық.
Әлеуметтік зерттеу нысаны ретінде жастардың алынуы аса маңызды. Былтыр елімізде жастар арасында жүргізілген әлеуметтік зерттеулердің бірінде олар үшін ненің қадірлі екені анықталған. Зерттеу нәтижесі жастардың 44,5 пайызы материалдық тұрғыдағы тәуелсіздікті қаласа, 37,8 пайызы отбасын құруды жөн көреді екен. Сол секілді 28,3 пайызы елінің лайықты азаматы болғым келеді деп жауап берсе, 27,6 пайызы кәсіби білікті қызметкер, 5,9 пайызы танымал адам болуды қалайтынын білдірген. Ал олар үшін ненің құндылық екенін анықтайтын екінші бір сауалнамада жастардың 86 пайызы бірінші орынға отбасын, екінші орынға денсаулықты, үшінші орынға мүдделес жандарды қойыпты. Бұл бізде ұлттық дәстүрге негізделген құндылықтардың әлі де болса қадірі кетпегенін білдіреді. Бірақ жан-жағымызға қарасақ, жаһандану заманында әлемді алақанындағы бір тұтам смартфонда көріп, танымы қалыптаспай тұрып мәні миына сіңе бермейтін түрлі ақпараттарды талғамсыз «жұтып» жатқан бүгінгі жас ұрпақ үшін құндылықтар жоғарыдағыдай болып қала бере ме? Мәселе сонда!
Ақпараттық технологияның тасқындаған күші адамды таңғалдырудан талмай келеді, оның болашақта пайдасы көп бола ма, зияны басым бола ма дегеннің үстінде басы қатып жүргендер аз емес. Өйткені сол ақпараттық технологияны жете меңгергендердің арасында да қылмысқа қол ұратындардың табылып жатуы аз алаңдатпайды. Ол білім берумен бірге дұрыс, адамгершілік әдет-ғұрып дағдысын қалыптастырудың маңызы ешқашан естен шықпауын ескертіп отыр.
Жасыратын несі бар, бүгінгі заманның басты талабы − мол ақшаға қол жеткізу, өзіңнің армандарыңды орындау үшін мол қаражатқа ие болу екенін сырттай болмаса да, іштей мойындайтындар көп. Бірақ ол ақша білімді тереңдетуге, кәсібилікті көтеруге, технологиялық жетістікке негізделген бизнестің ерекше түрлерін дамытуға инвестиция салуға жұмсалмаса, көрген бейнет, төккен тердің зая кететіні анық. Ақшаны тек ақша көбейтуге емес, оны адами тұрғыдағы ізгі армандарыңды орындап, еліңнің, халқыңның алдындағы азаматтық борышыңды өтеп, игі істердің шырақшысы болу үшін тапсаң ғана құндылыққа айналары сөзсіз. Сол үшін «ақшаң болса қалтаңда, талтаңдасаң, талтаңда» деген принциптің ешқашан адамгершілік қағидасымен сыйыспайтынын о бастан білген дұрыс.
Жеке адамның құқығы заңмен қорғалатын заманда біреуге біреу өзін қалай ұстауды, не істеуді міндеттей алмайды, бірақ әрбір азамат өзінің қоғамның ажырамас маңызды бір бөлігі ретінде сезініп, қоғам, мемлекет алдындағы міндетін, парызын ұмытпаса, өзін барлық ізгі құндылықтардың қорғаушысы ретінде сезінері хақ.
Қуат ӘУЕСБАЙ