Азат ПЕРУАШЕВ: Жастарды қазірден бастап шыңдамасақ, тәжірибелі мамандар қайдан шығады?
Азат ПЕРУАШЕВ: Жастарды қазірден бастап шыңдамасақ, тәжірибелі мамандар қайдан шығады?
– Жаңа Парламент едәуір жаңарды, жасарды. Жастар мен әйелдерге берілген 30 пайыздық квотаға қатысты түрлі сын естіп жатырмыз. Бір жағынан, жастарды қазірден бастап тәрбиелемесек, тәжірибемізбен бөлісіп, заң саласына шыңдамасақ, ертең білімді, тәжірибелі мамандар қайдан шығады? Екінші жағынан, тек квотаны толтыруды мақсат етіп, саясаттан, заң саласынан хабары жоқ, қоғамның тыныс-тіршілігінен бейхабар адамдарға орын беру де дұрыс емес. Айтар ойы, қоғамда салмағы бар, білікті де белсенді азаматтарды жасына, жынысына қарап шектеу орынсыз деп есептеймін.
Бұл жолы «Ақ жол» фракциясының құрамы айтарлықтай өзгерді. Мәжілістегі депуттарымыздың саны екі еседей артты. Алтыншы шақырылымда партиямыздан 7 депутат болса, жетінші шақырылымда қатарымыз 12-ге жетті. Алдыңғы құрамнан менен бөлек үш депутат қайта сайланса, 8 депутат жаңадан қосылып отыр. Олардың арасында әріптесіміз Азамат Әріп бесінші шақырылым депутаты болған, оның тәжірибесі біздің жұмысымыздың алға басуына үлкен септігін тигізері анық. Ал қалған 7 азаматтың депутаттық тәжірибесі жоқ. Десе де, олардың әрбірі – қоғамға еңбегі сіңген адамдар, өз саласының білікті мамандары, ең бастысы, елді өркендетуге мүдделі азаматтар.
Атқарғымыз келетін шаруа көп. Сайлауалды бағдарламамыздағы мақсат-міндеттерді орындауға күш саламыз. «Ақ жол» партиясының басты ұстанымы – Тәуелсіздігімізді тұғырлы ете түсу, мемлекеттілігімізді нығайту. Еліміздің тұтастығына, шекарамыздың бүтіндігіне нұқсан келтіретін сыңаржақ пікірлерге, арандатушылық әрекеттерге жол бермеуіміз керек. Екіншіден, біздің партия әуелден кәсіпкерлерді қолдауға басымдық беріп келе жатқаны белгілі. Осы бағыттағы бастамаларымызды жалғастырамыз. Сондай-ақ жаңа индустриалды саясатты жүргізу, жаңа салық саясатын енгізуге қатысты бірқатар идеямыз бар. Соларды жүзеге асыруға ниеттіміз.