Джо Байден қызметіне кірісті: АҚШ президентін ұлықтау рәсімі әдеттегіден қарапайым өтті

Джо Байден қызметіне кірісті: АҚШ президентін ұлықтау рәсімі әдеттегіден қарапайым өтті

Джо Байден қызметіне кірісті: АҚШ президентін ұлықтау рәсімі әдеттегіден қарапайым өтті
ашық дереккөзі
АҚШ президенті лауазымына ресми кіріскен Джо Байден мен вице-президент қызметін атқаратын Камала Харрис 20 қаңтар күні инаугурация рәсімінде ант берді. ҚазАқпараттың «Голос Америки» жаңалықтар қызметіне сілтеме жасап жазуынша, бұл жолы президентті ұлықтау рәсімі коронавирус пандемиясына байланысты әдеттегіден қарапайым өтті. Капитолийден бастап Ұлттық саябақ бойымен тізіле тұратын жүз мыңдаған адамның орнына АҚШ штаттары мен аумақтарының 200 мыңнан астам Туы ілініп тұрды. Жарты ғасырға жуық уақыт АҚШ-тың саяси өміріне белсенді қатысушылардың бірі болған демократ Джо Байден, Американың 46-ыншы Президенті ретінде лауазымына ресми кірісті. 78 жастағы Д.Байден елдің ең қарт басшысы болып отыр. Ол бұған дейін 36 жыл сенатор, 8 жыл вице-президент қызметін атқарды. Ұлықтау рәсімінде Президент ретінде ант беріп, АҚШ Конституциясын және елді ішкі және сыртқы жаулардан қорғауға серт етті. АҚШ-тың 46-ыншы Президенті бүгінгі күн – демократия жеңіске жеткен күн болғанын атап өтті. «Бұл – ұлы мемлекет және біз – жақсы адамдармыз», – деді Байден. Оның айтуынша, елде көптеген дүниені қайта жөндеп, жаңадан құру қажет. «Біз үлкен істерді жүзеге асыруға қауһарлымыз», – деді ол. «Тарих, сенім және ақыл-парасат – бізге бірлікке бастар жолды көрсетеді», – деп қосты Президент. Ал 56 жастағы Камала Харрис Америка вице-президенті лауазымына келген алғашқы әйел әрі алғашқы қара нәсілді азамат. Капитолийге инаугурация рәсіміне келмес бұрын Джо Байден әйелі Джиллмен және Камала Харрис күйеуі Даг Эмхоффпен бірге Әулие апостол Матфей соборында дұға оқу шарасына қатысты. Бұл шара басталар алдында президент лауазымын босатып жатқан Дональд Трамп Ақүйден шығып, тікұшақпен Флоридаға ұшып кетті. Д.Трамп соңғы 150 жылда өзінің ізбасарының ұлықтау рәсіміне қатысудан бас тартқан АҚШ-тың алғашқы басшысы болып отыр. Инаугурацияға экс-президенттер Барак Обама, кіші Джордж Буш, Билл Клинтон және олардың жұбайлары Мишель Обама, Лора Буш және Хиллари Клинтон қатысты. Сондай-ақ салтанатты рәсімге лауазымынан кетіп жатқан вице-президент Майк Пенс пен оның жұбайы Карен Пенс қатысты. Ұлықтау рәсімінде әншілер Леди Гага және Дженнифер Лопес өнер көрсетті. Л.Гага АҚШ-тың ұлттық әнұранын орындады. Шарадан кейін Байден мен Харрис Арлингтон ұлттық зиратындағы Белгісіз солдат бейітіне гүл шоқтарын қою рәсіміне қатысты. Бұдан әрі Д.Байден президент ретінде бірқатар жарлықтар мен қаулыларға қол қоюды жоспарлаған. Оның командасының мәліметінше, мәселе Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен ықпалдастықты қайта жандандыру, Климат жөніндегі Париж келісіміне қайта қосылу, бірнеше мұсылман елдерінен АҚШ-қа келуге тыйым салу туралы Д.Трамптың тапсырмасының күшін жою, АҚШ-та нәсілдік тең құқықты қамтамасыз ету бойынша үл үкіметінің күш-жігерін белсендіру, бала кезінде Америкаға заңсыз келген азаматтардың құқығын қорғауды күшейту турасында болып отыр. Сонымен қатар, Д.Байден ел халқын азаматтық патриоттыққа шақырып, коронавирус пандемиясы кезінде маска тағуға үндеуді жоспарлауда.