Қазақстан тарихы энциклопедиясының үш томы жарыққа шықты

Қазақстан тарихы энциклопедиясының үш томы жарыққа шықты

Қазақстан тарихы энциклопедиясының үш томы жарыққа шықты
ашық дереккөзі
Жақындағы ғана бүкіл Қазақ тарихшы ғалымдарының арманы орындалды. Қазақстан тарихы энциклопедиясының 3 томы жарық көрді.  width= Бұл маңызды басылымдар - Қазақстан тарихының көне дәуірден қазіргі заманға дейінгі тарихын қамтитын арнайы ғылымитанымдық, анықтамалық басылым. Басылымда қазақ мемлекеттілігінің экономикалық, саяси, демографиялық және әлеуметтік-мәдени даму үдерістері жан-жақты қамтылған. Басылым нысаналы-мақсатты бағдарлама аясында орындалды. Жобаны орындауға Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының жетекші тарихшылары, этнографтары, демографтары және еліміздің белшілі археологтары, филологтары, шығыстанушылары, т.б. сала мамандары қатысты. Басылымды әзірлеуге республиканың барлық өңірінің өкілдері атсалысты. Ғылыми жобаларды орындауға қойылатын талапқа сәйкес, басылымды даярлауға кәсіби мамандармен қатар жас ғалымдар да тартылды. Авторлар ұжымы қазақ тарихында орын алған оқиғалар мен құбылыстарды әлемдік тарихи процестер аясында объективті түрде ашып көрсетуге, тарихилық принциптерін және ғылыми сабақтастықты сақтауға ұмтылды. Тарих энциклопедиясын дайындаудың мазмұндық базасын ұзақ жылдар бойы ғылыми айналымға енгізілген ұлт тарихының өзекті мәселелерін ашатын отандық және шетелдік зерттеулер, архив материалдары құрайды. Әсіресе, тәуелсіздік жылдарында ұлттық тарихтың «ақтаңдақтарын» толтыру мақсатында жарық көріп, қомақты жаңа фактілер мен тың деректерді ғылыми айналымға енгізген еңбектерге баса назар аударылды. Сонымен қатар орталық және облыстық мемлекеттік архивтердің қорларындағы сақталған материалдар мен жеке тектік қорлардағы деректер де пайдаланылды. Авторлар ұжымы, редакциялық кеңес және редакция алқасы қазақ халқының тарихын, этностық және этноаумақтық қалыптасуын, экономикалық, әлеуметтік, конфессионалдық, мәдени қырларын жан-жақты қамтитын тұжырымдалған, қорытылған және жүйеленген мәліметтерді жинақтап бере отырып, халықтың тарихи жадын, оның қайта жаңғыруы мен дамуын қамтамасыз ететін маңызды фактор ретінде өскелең ұрпақтың өздігінен білімін жетілдіруге және ұлттық тарихи санасының қалыптасуына ықпал ете алады деп сенеді.  width= Үш томнан тұратын энциклопедиялық басылымның әр томына екі мыңдай мақала енгізілмек. Мақала жазуда тарих ғылымының бүгінгі таңдағы жетістіктерін ескеру басты назарда ұсталады. Энциклопедияға енген барлық мақалалар қолданыстағы әліпби тәртібімен беріледі. Энциклопедияда еліміздің тарихында өзіндік із қалдырған тұлғалардың ғұмырнамасы жазылған мақалаларға басымдық берілді. Зор табысқа қол жеткізіп, елге еңбегі сіңген қайраткерлер – мемлекеттік, қоғамдық, саяси, әскери, діни тұлғалар, ұлт-азаттық көтеріліс басшылары, батырлар, ғалымдар, саяхатшылар, сәулетшілер, суретшілер, кәсіпкерлер, меценаттар, күйшілер, ақындар мен жыраулар, әншілер мен музыканттардың өмір жолы энциклопедияның ғұмырнамалық мақалалары аясында қарастырылды. Сондай-ақ Қазақстан тарихының күрделі проблемаларын зерттеуде өшпес мұра қалдырған тарихшы ғалымдардың алдыңғы буынына айрықша құрмет көрсетілді. Сонымен қатар қазіргі ұлт тарихына деген қызығушылықтың арта түсуіне байланысты аталған энциклопедия оқырманның сұранысын қол жетімді әрі қысқаша баяндалған ғылыми біліммен қамтамасыз етуге арналған. Осыған орай, бұл басылымдар отандық тарихты оқып білудің әбден сарапталған және ғылыми негізделген жолдарын қалыптастыруға бейімделгендіктен, тарихи танымды кеңейтуге және насихаттауға, сондай-ақ жаңа ғылыми ізденістерге серпін беретін бірден-бір тиімді құралдардың бірі бола алады. Оқырманға ұсынылған «Қазақстан тарихы. Энциклопедиясын» дайындау барысында авторлар, редакторлар, ғылыми кеңесшілер мен пікір берушілерден тұратын шығармашылық топ қалыптасты. Себебі, алғаш рет дайындалған Қазақстан тарихы энциклопедиясының сапалы да мазмұнды, оқырманды бірден өзіне баурап алатындай деңгейде шығуына ҚР ҰҒА академиктері, корреспондент-мүшелері, республикадағы барлық ЖОО, ғылыми орталықтар мен мекемелердің ғалымдары мен мамандары, ҚР БҒМ ҒК қарасты ғылыми-зерттеу қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы институттардың басшылары мен жетекші сарапшылары өздерінің өлшеусіз үлестерін қосты.

Закарья Рахметолла

Тарих және этнология институтының кіші ғылыми қызметкері

Қасымова Дидар

Тарих және этнология институтының жетекші ғылыми қызметкері