Қазақстан тарихы энциклопедиясының үш томы жарыққа шықты
Қазақстан тарихы энциклопедиясының үш томы жарыққа шықты
Жақындағы ғана бүкіл Қазақ тарихшы ғалымдарының арманы орындалды. Қазақстан тарихы энциклопедиясының 3 томы жарық көрді.
Үш томнан тұратын энциклопедиялық басылымның әр томына екі мыңдай мақала енгізілмек. Мақала жазуда тарих ғылымының бүгінгі таңдағы жетістіктерін ескеру басты назарда ұсталады. Энциклопедияға енген барлық мақалалар қолданыстағы әліпби тәртібімен беріледі. Энциклопедияда еліміздің тарихында өзіндік із қалдырған тұлғалардың ғұмырнамасы жазылған мақалаларға басымдық берілді. Зор табысқа қол жеткізіп, елге еңбегі сіңген қайраткерлер – мемлекеттік, қоғамдық, саяси, әскери, діни тұлғалар, ұлт-азаттық көтеріліс басшылары, батырлар, ғалымдар, саяхатшылар, сәулетшілер, суретшілер, кәсіпкерлер, меценаттар, күйшілер, ақындар мен жыраулар, әншілер мен музыканттардың өмір жолы энциклопедияның ғұмырнамалық мақалалары аясында қарастырылды. Сондай-ақ Қазақстан тарихының күрделі проблемаларын зерттеуде өшпес мұра қалдырған тарихшы ғалымдардың алдыңғы буынына айрықша құрмет көрсетілді. Сонымен қатар қазіргі ұлт тарихына деген қызығушылықтың арта түсуіне байланысты аталған энциклопедия оқырманның сұранысын қол жетімді әрі қысқаша баяндалған ғылыми біліммен қамтамасыз етуге арналған. Осыған орай, бұл басылымдар отандық тарихты оқып білудің әбден сарапталған және ғылыми негізделген жолдарын қалыптастыруға бейімделгендіктен, тарихи танымды кеңейтуге және насихаттауға, сондай-ақ жаңа ғылыми ізденістерге серпін беретін бірден-бір тиімді құралдардың бірі бола алады.
Оқырманға ұсынылған «Қазақстан тарихы. Энциклопедиясын» дайындау барысында авторлар, редакторлар, ғылыми кеңесшілер мен пікір берушілерден тұратын шығармашылық топ қалыптасты. Себебі, алғаш рет дайындалған Қазақстан тарихы энциклопедиясының сапалы да мазмұнды, оқырманды бірден өзіне баурап алатындай деңгейде шығуына ҚР ҰҒА академиктері, корреспондент-мүшелері, республикадағы барлық ЖОО, ғылыми орталықтар мен мекемелердің ғалымдары мен мамандары, ҚР БҒМ ҒК қарасты ғылыми-зерттеу қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы институттардың басшылары мен жетекші сарапшылары өздерінің өлшеусіз үлестерін қосты.
Закарья Рахметолла
Тарих және этнология институтының кіші ғылыми қызметкері
Қасымова Дидар
Тарих және этнология институтының жетекші ғылыми қызметкері