Отбасың аман, ошағың бүтін болса...

Отбасың аман, ошағың бүтін болса...

Отбасың аман, ошағың бүтін болса...
ашық дереккөзі
Халқымыздың бай мұрасы отбасы мен отбасылық құндылықтарды сақтау, дәріптеудің озық үлгісін көрсете білді. Жетімін жасытпау, жесірін жылатпау, жалпы отбасының қасиетін түсіндірудегі орны айрықша салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптардың насихаты қазіргі қоғамға жетіспей тұрғандай. Ізгілік мұрасына айналған салт-дәстүрді жаңғырту техногенді заманда басты құндылығымыз – отбасын сақтап қалуға бағытталуы тиіс.  Мәңгілік ел идеясының ең басты құндылықтарының бірі – отбасы мен оның тұрақтылығы. «Отан – отбасынан басталады» деген  идея да осы тұстан бастау алады. Бала тәрбиесі, әйелдің қоғамдағы ролі, гендерлік теңдік пен нәзік жандардың зорлық-зомбылыққа ұшырауы отбасылық құндылықтарды насихаттауды талап етеді. Әйел теңдігі мен отбасылық құндылықтар қоғамдағы өзекті мәселелердің біріне айналған. Тіпті Біріккен Ұлттар Ұйымының стратегиялық бағыты ретінде қалыптасты. Ал бейәдеп қылықтар мен заманауи жаңалықтарды жаны сүйетін батыс қоғамы да отбасын сақтау мен баланы отбасында тәрбиелеу мәселесіне айрықша көңіл бөліп келеді. Мәселен, АҚШ президенттігіне үміткерлер халыққа арнауларында бала құқығы мен отбасын қорғауды айрықша атап өтеді, мемлекеттік саяси стратегиясына айналдырады. Бұл мәселе жаһандану үдерісі кезінде жан-жақты насихатты талап етеді. Қазақстанның Мәңгілік ел стратегиясының басты ұстанымдарының бірі – отбасын сақтау. Көктемде отбасылық құндылықтарды кеңінен дәріптеу мақсатында Алматы Қыздар университетінде өткен ғылыми-практикалық конференцияда университет ректоры  Динар Нөкетаева: «Қазіргі таңда, шындығында, әлемде отбасылық құндылықтарды сақтау мен тұрақтылығы хақында өзекті мәселелері көрініс тапқан. Олар ажырасудың көбеюі, тастанды бала, өркениетті елдердегі бір жыныстылардың некесі, азаматтық некенің белең алуы, бала туу санының азаюы, заңды некелік қатынастарға деген құштарлықтың төмендеуі болып жіктеле береді. Өкінішті жағдай, «отбасылық өмірдің дағдарысы» деп атауға болатын әлеуметтік ахуалдардан тек батыс мемлекеттері ғана емес, біздің еліміз де тыс қала алмай отыр», – ашынып айтқан еді. Отбасылық құндылықтарды насихаттау жөнінде елімізде бірқатар шаралар өткізілді. Мемлекеттік хатшы, ҚР Президентi жанындағы Әйелдер iстерi және отбасылық-демографиялық саясат жөнiндегi комиссияның төрайымы Гүлшара Әбдіқалықованың қатысуымен «Гендерлік стратегия және отбасылық құндылықтар» тақырыбында бірнеше басқосулар өтті. Осындай жиындардың бірінде Гүлшара Әбдіқалықова қоғамдағы әйел қауымының құқықтары мен қоғамдағы нәзік жандардың құқықтарының тапталуына тоқталған болатын. Гендерлік теңдік және әйелдердің ахуалын жақсарту мәселелері бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайту, орнықты даму, кедейлікті жою және адам құқықтарын қорғау сияқты БҰҰ Жаһандық күн тәртібінің негізгі мәселелерімен тығыз байланысты екенін айтқан болатын.  Ажырасу көрсеткіші ұлғайып келеді Елімізде соңғы жылдары ажырасу саны көбейіп келеді. ҚР Ұлттық экономика министрлігі статистика комитетінің мәліметінше, 2015 жылы –148 мың 769 неке тіркелсе, оның 53 мың 293-і ажырасып кеткен. 2014 жылы тіркелген 159 мың 328 некенің 52 673-і бұзылған. Сондай-ақ, 2013 жылы тіркелген 168 мың 417 некенің 51 мың 482-сі бұзылған. 2012 жылғы 164 мың 681 некенің 48 мыңы ажырасқан. 2011 жылы – 160 мың 494, 2010 жылы – 146 мың 443, ал 2007 жылы – 146 мың 379 неке заңды тіркеуге алынған. Ал 2005 жылы ажырасқан отбасы саны 35 мың 834 болса, 2015 жылы 53 мың 293-ке жетіп отыр. Жоғарыда байқағанымыздай, отбасын құрған жұптардың үштен бірі ажырасып кетеді. Бұл көрсеткіш жылдан жылға ұлғайып келеді. Олай болса ажырасуға не себеп? Материалдық жағдай, баспана, жұмыс, мінез-құлық, туыстардың араласуы, сенімсіздік айта берсек сылтау көп. Сылтау деп отырған себебіміз батыс мәдениетіне бой алдырған заманауи жастар ата-баба дәстүрін, яғни ұлттық және мұсылмандық құндылықтарды кейінге ысырып, менменшіл қасиетке негізделген бас бостандығын жоғары қояды. Бұл қасиет отбасы мен бала болашағынан жоғары қойылғанда, айрандай ұйып отырған отбасының шырқы бұзылады. Жаңа құрылған отбасылардың көмекке мұқтаж екені айтпаса да түсінікті. Баспана мәселесі, әлеуметтік жағдайлар жас отбасылардың бала туып, оны тәрбиелеп, білім беріп, өз жұмысымен айналысуына кедергі. Қалада тұратын жас отбасылардың алдынан шығатын кедергілер – жергілікті тіркеу. Онсыз медициналық көмек алу қиындайды, ал жаңа туған сәбидің оған зәру екені бесенеден белгілі. Ауылдан келген жастардың қалалы жерде баспанасы қайдан болсын? Өзі тіркелген ауылдық елді мекенде жұмыс жоқ, күнкөріс көзі қалада ғана болып тұр. Бұл туралы саясаттанушы, демограф Әзімбай Ғали қазақтың болашағы қалада дейді. «Тек қала индустриясы мен қаланың қаржылық қуаты бізді экономикалық және ұлттық деградациядан құтқарады. Бүгінгі күні бізге 56 пайыз қазақ қала тұрғыны емес, 66 пайыз қала тұрғыны керек» деген еді. Мәселен, жылдан жылға толыққанды жанұялар саны азайып барады. Заңды некеде тұрмайтындардың саны ажырасқандардан да көп болуы мүмкін. Бұл өткен жылға қарағанда 6,6 пайызға өсіп отыр. Бала туып, оның тәрбиесімен айналысуға жағдай жасалмаған. Сондықтан жас отбасылар бір-екі баламен шектеліп қалады. Оған әуелі әлеуметтік-экономикалық мәселелер кедергі. Десе де отбасын құру, отбасы құндылықтары мен отбасының дағдарыс орталықтарының жұмыс аясы кеңейіп, жергілікті халықпен психологиялық жұмыс жиі жүргізілсе, қоғамның негізгі түйткілі су бетіне қалқып шығар еді. Адамның психологиялық, әлеуметтік көзқарастары мен әл-ауқатының төмендігі отбасында кикілжіңнің пайда болуына әкеледі. Нәтижесінде отбасы бұзылады, бірақ жеке тұлғаның жоғарыда аталған әлеуметтік-экономикалық, психологиялық мәселелері жабулы күйінде қала береді. Сондықтан отбасы құндылықтарын насихаттайтын орталықтардың жұмыс істеуі бір отбасының болса да сақталып қалуына септігін тигізер еді. Басты байлық – ақ жаулық БҰҰ-ның күн тәртібіне қойылған бүкіләлемдік мәселердің бірі – гендерлік теңдік. Қазақстанда гендерлік теңдік стратегиясының 2006-2016 жылдарға арналған бағдарламасы жүзеге асуда. Негізгі мақсаты – еліміздің гендерлік және отбасылық саясат жөніндегі тұжырымдамасына отбасы дәрежесі мен отбасылық құндылықтарды айқындау, қазір­гі заманғы отбасы, отбасы тәрбиесіндегі ананың рөлін ны­ғай­ту. Елімізде әйел адамдардың құқығы тапталуының кейбір фактілерін байқауға болады. Мәселен, Қазақстан іскер әйелдер қауымдастығы ассоциациясының директоры Р.Сәрсембаева жұмысқа орналасу мәселесінде әйел адамдар қиындыққа ұшырайды деген еді. «Жалпы, гендерлік теңсіздік бар. Бұл аяғы ауыр әйелдерді жұмысқа қабылдау, жұмыстан шығару кезінде байқалады. Сондай-ақ, еңбек өтілінсіз жастарды жұмысқа қабылдамау немесе 40-тан асқан егде аналарды, зейнет жасына жетпеген әйелдерді жұмысқа әрең, ыждаһатсыз қабылдайды. Мұндай гендерлік алалау бар, әрине, мұның айлық еңбекақыға да қатысы бар. Егер барлық саладағы әйелдердің еңбекақысын салыстырып көрсек, ерлердің еңбекақысы 25-30 пайызға жоғары. Мұны былай түсіндіруге болады, басшылық қызметте әйелдерге қарағанда ер адамдардың саны басым. Соған орай айлығы да көп», – деді ол. Расында, әйел адамдардың еңбекақысы ер адамдардың еңбекақысының 64 пайызын ғана құрайды. Бірақ мемлекеттік қызметкерлердің 58 пайызы әйел адамдар екен. Былтыр Еуразия әйелдер форумында Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова гендерлік теңдік саясаты бойынша Қазақстан дүниежүзі бойынша 43-орында екенін жариялаған болатын. Бүгінде дамыған, әлеуметтік бағыттары айқын елдерде әйел адамдар өз құқықтары мен мүмкіндіктері бойынша ер адамдармен тең қаралады. Қазақстанда да ана мен бала, әйелдер құқығы мен қоғамдағы ролінің айқындалуы бақытты болашаққа бастар жол. Халқымыз бұл ұстанымды «Екінші байлық – ақ жаулық» нақылы арқылы дәлелдеп қойса керек.

 Жетімдер үйі азайып келеді

Қазақстанда ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар саны жылдан жылға азайып келеді. Оған бірнеше фактор әсер етуде. Солардың бірі – елімізде балаларды бағып алуға ниетті отбасылардың көбеюі. Білім және ғылым министрлігінің мәліметтері бойынша, жыл басынан бері балалар үйі мен нәрестелер үйіндегі 829 бала отбасын тапты. Атап айтсақ, қамқорлыққа – 183 бала, патронатқа – 123, асырап алуға – 105, өздерінің туған отбасыларына 418 бала қайтарылды. Бүгінде жетім балаларға арналған мекемелерде әлі де 7866 бала қалып отыр. Миллиондаған халқы бар  мемлекеттер үшін бұл еліміздегі жетім балалардың аз екенін білдіруі мүмкін, бірақ бейбіт елде өмір сүріп, соғыссыз-ақ баланың ата-анадан ажырап қалуы жаныңды жабырқатады. Қамқорлықсыз қалған балалар санының азаюы соңғы жылдары жақсы көрсеткішке ие. Осының есебінен оларды тәрбиелеуге арналған мемлекеттік мекемелер саны да төмендеп жатыр. Биыл Шығыс Қазақстан облысында 3, Қарағанды облысында 1 балалар үйі жабылды. Еліміздің басқа да аймақтарында нәрестелер үйі мен балалар үйі жабылып, өз жұмысын тоқтатуда. ҚР Білім және Ғылым министрлігі тарапынан күрделі өмірлік жағдайларға душар болған балаларға көрсетілетін әлеуметтік, психологиялық, құқықтық көмек қызу жүргізілуде.  Бұл келешекте осынау бабалар үйлері отбасыларды қолдау орталықтарына айналуы үшін жасалған алғышарттар. Мұндай оң өзгерістер ата-аналарының қамқорлығынсыз қалып отырған балалар санының азаюы үшін жасалған іс-шаралар.  Осылайша, 2016 жылдың 9 сәуірінде «Балалар құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңда отбасында тәрбиелену тәжірибесін кеңейту мақсатында «асырап алушы отбасы» және балалардың каникулдағы, мереке, не болмаса демалыс күндері орналасатын жанұя – «қонақтау отбасы» деген жаңа ұғымдар енгізілді.  Бұл қазақстандық отбасылардың қамқорлық мәселесіне көбірек бет бұра бастауына түрткі болып отыр. Сонымен қатар, елімізде жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың және балаларды отбасыларына тәрбиелеуге ниетті адамдардың Республикалық дерекқоры құрылған. Биылғы шілде айынан бастап, балалар құқықтарын қорғау Комитеті қазақстандық отбасыларда тәрбиелене алатын балалар туралы осы мәліметтерді пилоттық түрде жариялаған болатын.  Бұл дерекқор мәліметтеріне Қазақстанның әрбір азаматы, оның ішінде үкіметтік емес ұйым өкілі қол жеткізе алады. Олардың ашық ақпаратты өз ресурстарында жариялауына да мүмкіндік бар. Қамқорлық органдарының мәліметінше, елімізде балаларды асырап алуға 1800 үміткер тіркеліп отыр. Басты міндет – қазақстандықтардың бес жастан үлкен балаларды асырап алуға тарту және қамқорлық органдарының жұмыс сапасын жоғарылату.