Жауапты хатшы институты жойылды: 8 министрліктің хатшысы қызметінен босады

Жауапты хатшы институты жойылды: 8 министрліктің хатшысы қызметінен босады

Жауапты хатшы институты жойылды: 8 министрліктің хатшысы қызметінен босады
ашық дереккөзі
Қазақстанда министрліктердегі жауапты хатшылар институты ресми түрде жойылды, – деп хабарлады ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі. 2021 жылғы 18 қаңтарда Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір жарлықтарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу және Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір жарлықтарының күші жойылды деп тану туралы» Жарлыққа қол қойды. Жарлық Президенттің 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында жауапты хатшылар институтын тарату жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында қабылданған заңдарды іске асыру үшін әзірленді. Осының алдында «Қазақстан Республикасының Үкіметі туралы» Конституциялық Заңынан жауапты хатшылардың мәртебесі мен өкілеттіктерін реттейтін нормалар алынып тасталып, аппарат басшыларына қатысты нормалар «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңымен бекітілген болатын. Сондай-ақ, аппарат басшысы мен министр арасында лауазымдық өкілеттіктер мен жауапкершіліктің аражігін ажырату бойынша тиісті заңнамалық түзетулер енгізілді. Осыған байланысты, жауапты хатшылардың өкілеттіктерін министрліктер аппараттарының басшыларына жүктеуді көздейтін Президенттің бірқатар жарлықтарына тиісті түзетулер енгізілді. Сондай-ақ, Жарлықпен «Қазақстан Республикасы орталық атқарушы органының жауапты хатшысының мәртебесі мен өкілеттіктері туралы» Жарлық, «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметінің кадр резервіне іріктеу қағидалары, «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметінің кадр резервін қалыптастыру Қағидалары және «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымына орналасуға конкурс өткізу қағидалары жойылуға қойылды. Жарлық алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі. Айта кетейік, Жауапты хатшылар институтының таратылуына байланысты Мемлекет басшысының өкімімен сегіз министрліктің жауапты хатшысы қызметінен босатылды. Қасым-Жомарт Тоқаевтың өкімімен:
  • Жанат Мұратұлы Қожахметов – Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің жауапты хатшысы;
  • Марат Әбілахатұлы Оразаев – Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің жауапты хатшысы;
  • Қанат Маратұлы Сәрсембаев – Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің жауапты хатшысы;
  • Аида Дәденқызы Құрманғалиева – Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жауапты хатшысы;
  • Айдын Жұмабекұлы Ашуев – Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің жауапты хатшысы;
  • Жәнібек Мақсұтұлы Нөпіров – Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің жауапты хатшысы;
  • Арман Дайырұлы Жұмабеков – Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің жауапты хатшысы;
  • Талғат Амангелдіұлы Момышев – Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің жауапты хатшысы қызметтерінен босатылды.