Зейнетақы қорынан алуға болатын қаражат көлемі өсті

Желтоқсанда инвестициялық табысты қоса алғанда, БЖЗҚ активтері 193 миллиард теңгеге өсті. Сондықтан да мерзімінен бұрын алуға болатын қаражат көлемі де ұлғайды, деп хабарлайды Inbusiness.kz. 

«Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ-да жинақталған зейнетақы активтерінің көлемі желтоқсанда 193 миллиардқа, 12,913 триллион теңгеге дейін өскенін жария етті.

«Бұған дейін БЖЗҚ-да 2020 жылдың 1 желтоқсанында 12,72 триллион теңгенің 2,5 триллион теңгесін алуға болатыны айтылды. Ал оны қордың 761,4 мың салымшысының арасында бөлу көзделген. Зейнетақы активтерінің өсуіне байланысты «артық» қаражат көлемі ұлғайды, алайда қаншалықты көбейгені белгісіз», – делінген ақпаратта.

Негізгі өсім міндетті зейнетақы жарналары есебінен жиналды. 2020 жылдың соңына қарай қазақстандықтар 122 миллиард теңге аударды. Өткен жылы міндетті зейнетақы жарналары 1,038 триллион теңгеден асты. Ерікті зейнетақы жарналары өткен жылдың қорытындысы бойынша рекордтық 538,7 миллион теңгені құрады, бұл 2019 жылдың көрсеткішінен 1,5 есе көп.

БЖЗҚ активтері өсімі бойынша екінші орында инвестициялық табыс тұр.

Желтоқсанда есептелген кіріс көлемі 90,3 миллиард теңгені құрады, ал 2020 жылдың қорытындысы бойынша – 1,262 триллион теңге, оның ішінде 1,219 триллион теңгесі салымшылардың шоттарына қайта бөлінді. 2020 жылы БЖЗҚ төлемдері 193 миллиард теңгеден асты. Бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 8 пайызға аз.

 

Back to top button