Жаңалықтар

Украинадағы қызмет көрсету саласы толық украин тіліне көшірілмек

ашық дереккөзі

Украинадағы қызмет көрсету саласы толық украин тіліне көшірілмек

16 қаңтардан бастап Украинадағы қызмет көрсету саласы клиенттермен қарым-қатынаста толық украин тіліне көшуі тиіс. 2019 жылғы сәуірде қабылданған мемлекеттік тіл туралы заңның талабы осындай. Жаңа ереже бойынша азаматтарға украин тілінде қызмет көрсетіледі, бұған қоса, мәзір, бағалар, және маңдайшадағы жазулар тегіс мемлекеттік тілде жазылады, деп хабарлайды azattyq.org.  Мемлекеттік тіл туралы заңды парламенттің бұрынғы құрамы бұрынғы президент Петр Порошенко тұсында қабылдаған. Оның сайлауалды науқаны «Армия, Тіл, Сенім» деген ұрандармен жүрген. Оппозиция бұл құжат қоғамды екіге жарады деп сынаған. Жаңа президент Владимир Зеленский тағайындаған мемлекеттік тілді қорғау бойынша уәкілетті өкіл Тарас Кремень ВВС-ге берген сұхбатында айыппұл ережесін қолданудың қажеті болмас деп үміттенетінін айтты. Дәл осы мекемеге тіл заңы бойынша айыппұл салу өкілеті берілген. «Пандемия, экономикалық дағдарыс және шығыста соғыс жүріп жатқан тұста адамдар тіл мәселесі бойынша да соғысады деп ойламаймын. Украиндықтар анағұрлым ақылды әрі толерантты» деді Кремень. Президенттің «Слуга народа» партиясының атынан сайланған депутат Максим Бужанский Telegram-да фракцияның 27 депутаты айыппұлды алып тастайтын заң жобасын әзірлеп жатқанын хабарлады. «Шаштаразға, дөңгелек жөндеушіге «мына тілде қызмет көрсет» деп талап қоюдың қажеті жоқ. Олар салығын төледі, өз отбасынан басқа ешкімге ештеңе міндетті емес» деді Бужанский.