"Нұрлы жер" бағдарламасы тұрғын үй салуға бағытталған

"Нұрлы жер" бағдарламасы тұрғын үй салуға бағытталған

"Нұрлы жер" бағдарламасы тұрғын үй салуға бағытталған
ашық дереккөзі
Жаңа жасақталған Үкіметтің алғашқы отырысында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев халықты баспанамен қамтамасыз етудің кешенді қадамы ретінде «Нұрлы жер» бағдарламасын әзірлеуді жүктеді. Еске сала кетейік, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев бұндай тапсырманы жақында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында айтқан болатын. «Елбасы халықты баспанамен қамтамасыз етуге кешенді қадам жасауды жүктеп отыр. Осыған байланысты Ұлттық экономика министрлігіне облыс әкімдерімен, мүдделі мемлекеттік органдар және ұлттық компаниялармен бірлесе отырып, «Нұрлы жер» бірыңғай тұрғын үй құрылысы бағдарламасын әзірлеуді тапсырамын. Аталған бағдарламаға қолданыстағы бағдарламалардағы баспанаға қатысты мәселелердің барлығы шоғырлануы шарт», - деді Б. Сағынтаев. Бұл ретте Үкімет басшысы Ауыл шаруашылығы министрлігіне қолданыста бар жер қорына тиісті сараптама жүргізуді, ал өңір әкімдеріне бас жоспарларының өзгеруіне қатысты тиісті ұсыныстар жолдауды тапсырды. «Президент Нұрсұлтан Назарбаев бұл жаңа бағдарламаның әлеуметтік маңыздылығы жоғары екенін, сондықтан да оны халықпен, бизнес өкілдерімен және қоғаммен тиянақты талқылаудың керектігін атап айтқан болатын. Мемлекет басшысының тағы бір тапсырмасы ағымдағы жылғы бюджетті нақтылау. Бұл ретте, Елбасының тапсырмаларын жүзеге асыру үшін бюджетте тиісті қаржы шығындарының алдағы үш жылдық бюджетте қамтамасыз етілуін қадағалау қажет», - деді Б. Сағынтаев.