«Анашымды сағындым»: «Жасөспірімдер үйінен» қашып кеткен бала бес күннен кейін табылды

Шығыс Қазақстан облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 13 қаңтарда сағат 10.00 шамасында «102» арнасына «Жасөспірімдер үйінің» қызметкерлері хабарласып, сол күні сағат 09.00-де 17 жастағы баланың сыртқа шығып, қайта оралмағаны туралы хабарлайды. 

Полиция қызметкерлері жасөспірімнің қайда екенін анықтау үшін жедел-іздестіру шараларын жүргізді. Оның туған-туысқандары, достары мен таныстарының мекен-жайы түгел тексерілді. Сақшылар көшелерді, аулаларды, жалға берілетін пәтерлер мен басқа да қоғамдық орындарды аралады.

«Нәтижесінде 18 қаңтарда таңғы сағат 05.00-де жоғалған жасөспірім анасының үйінен табылды. Полицейлер кәмелетке толмаған баланың анасының үйінің маңында кезекшілік ұйымдастырған еді. Тексеру барысында анықталғаны, жасөспірімнің анасы ата-ана құқығынан айырылған, ал әкесі қайтыс болған. «Жасөспірімдер үйінен» рұқсатсыз әрі ешкімге ескертпестен кетіп қалған бала бұл әрекетін «Анамшымды сағындым» деп түсіндірді», – дейді ведомство өкілдері.

Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері баланы «Жасөспірімдер үйі» КММ заңды өкіліне тапсырды. Олардың айтуынша, бала бұл мекемеден бұрын да бірнеше рет қашқан.

Back to top button