Коронавирус: елімізде екі аптадан кейін вакцинация басталады

Елімізде 1 ақпаннан бастап коронавирус инфекциясына қарсы вакцина егу жоспарлануда.

«Коронавирус инфекциясына қарсы вакцина егу шаруасын жеделдету мақсатында келесі бағытта жұмыс жүргізілуде: 2021 жылғы 19 қаңтарда Спутник V вакцинасының 20 мың дозасын әкелу жөнінде Қарағанды фармкешені мен РФ тікелей инвестиция қоры келісімге келеді. 20 қаңтарда бұл вакциналарды «СҚ-Фармация» компаниясына арнайы тәртіп бойынша бір рет әкелуге рұсқат беру көзделген. Осыдан кейін халықтың бұған дейін белгіленген топтарына 1 ақпаннан бастап коронавирус инфекциясына қарсы вакцина салу жоспарлануда», – деді Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой.

Министрдің айтуынша, екпе жұмыстары вакцинаның жеткізілу мөлшеріне қарай салынады. Контингент келесі тәртіпте белгіленген:

  • бірінші кезеңде инфекциялық ауруханалардың медицина қызметкерлеріне, жедел жәрдем қызметінің мамандарына, жан сақтау бөлімінің, алғашқы медициналық-санитарлық көмек қызметінің, ауруханалардың қабылдау бөлімінің, санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің мамандарына, нақтырақ айтқанда 100 мыңға тарта азаматқа;
  • екінші кезеңде жалпы білім беретін мектептердің мұғалімдеріне, ЖОО оқытушыларына, ведомстволық медицина қызметінің мамандарына, нақтырақ айтқанда наурыз айынан бастап шамамен 150 мың адамға;
  • үшінші кезеңде мектеп-интернаттарының педагогтеріне, балалар мен мектепке дейінгі мекемелердің қызметкерлеріне, студенттерге, созылмалы аурулары бар азаматтарға (сәуірден бастап шамамен 600 мың адам) вакцинациялау жүргізіледі.

Осылайша, жыл соңына дейін 6 миллионға жуық қазақстандық азаматқа вакцина салу көзделген.

Back to top button