Ресей соты Навальныйды 30 күнге тұтқындады

Ресей соты Федеральды қызметтің сұрауы бойынша оппозициялық саясаткер Алексей Навальныйды 30 күнге тұтқындау туралы шешім қабылдады. Бұл туралы оның адвокаты Вадим Кобзев мәлімдеді, деп хабарлайды Орталық Азияның жаңалықтар қызметі. 

Уланғаннан кейін ұзақ уақыт Берлинде емделген Навальный 17 қаңтарда Ресейге оралған еді. Мәскеудегі Шереметьево әуежайында оны полиция күтіп алды.

Сот Навальный жеткізілген Химкидегі ішкі істер органының ғимаратында өтті. Сот жайлы Навальный мен адвокатына алдын ала хабарланбаған.

Ішкі істер министрлігінің Мәскеу облысы бойынша басқармасы соттың ішкі істер органы ғимаратында өтуін Навальныйдың коронавирус тестінің нәтижесі жоқтығымен байланыстырды. Қазіргі ереже бойынша, Ресейге шетелден келгендер 72 сағаттан тест тапсыруы тиіс.

Сот өткен орган ғимараты алдына Навальныйдың жүздеген жақтасы жиналды. Сот ашық өтсе де, журналистерді кіргізбеді. Залға тек Life пен «Россия» арнасының түсіру тобы кірді.

Навальный бұл әрекетті «бассыздық» деп мәлімдеді.

Back to top button