Жаңалықтар

Үкімет басшысы министрлерге шетелге сапар шегуге тыйым салды

ашық дереккөзі

Үкімет басшысы министрлерге шетелге сапар шегуге тыйым салды

ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев министрлерге жылдың соңына дейін шет мемлекеттерге сапар шегуді тоқтата тұруды тапсырды деп жазды ukimet.kz. "Президенттің бізге берген тапсырмасы анық әрі нақты. Оның барлығы белгіленген мерзімде және сапалы орындалуы тиіс. Сондықтан біздің бәрімізді де қауырт жұмыс күтіп тұр. Елбасымен бірге болатын сапарлар болмаса, бүкіл шетелдік сапарларды жылдың соңына дейін тоқтата тұру керек. Аса бір қажеттілік туындай қалса, онда менің жеке өкімім бойынша шығасыздар. Еліміздің өңірлеріне жұмыс сапарларыңызды да келісім бойынша жасайсыздар", - деді Б. Сағынтаев бүгін алғаш рет Үкімет отырысын өткізу барысында. "Сіздерге Үкімет басшылығы тарапынан қандай шешімдер керек, тез арада анықтап, ұсыныстарыңызды енгізіңіздер. Тағыда бір мәселе, біз қабылдаған шешімдердің барлығы қарапайым xалыққа түсінікті әрі жеңіл болуы тиіс. Біздің кез келген шешімдеріміз жұртшылыққа дер уақытында жетіп, мақсат-міндеттер мен оларды шешудің жолдарын үнемі түсіндіріп отыру керек", - деді ол. Сондай-ақ, ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев мемлекеттік органдарға формализмнен арылып, қойылған тапсырмаларды нақты шешуді жүктеді. "Мемлекет басшысы белгілеген бағыттарды мерзімінде жүзеге асырудың нақты алгоритмі болуы шарт. Жауапты тұлғалар да болуы тиіс. Сіздерден қатаң сұралатын болады", - деді Бақытжан Сағынтаев Үкімет отырысы барысында. Министрлер кабинетінің басшысы өзінің орынбасарларына Мемлекет басшысының барлық тапсырмаларын орындау барысы бойынша тыңдауларды өткізіп отыруды тапсырды. "10 қыркүйекте мен аймақ әкімдерімен кездесу өткіздім. Осы кездесу қорытындысы бойынша, мен аймақ мәселелерін ай сайын үкіметте қарауды тапсырдым. Осы орайда, мемлекеттік органдар өз жұмыстарын түбегейлі қайта қарайтын болсын. Формализмнен арылып, әкімдер қойған мәселелерді нақты шешуді тапсырамын. Мысалы, әкімдер әлеуметтік мазут пен коммерциялық астық мәселесін шешуді сұрады. Қазір бұл сауал шешімін тапты", - деді ол. ҚР Премьер-Министр Қазақстанның индустриялық дамуы бойынша бірқатар тапсырмалар жүктеді. "Мемлекет басшысы Үкімет пен әкімдіктер жұмысын өнеркәсіптік саланың жкспорттық әлеуетіне маңыз беріп келеді. Осы орайда, Инвестициялар және даму министрлігіне әкімдермен бірге шикізаттық емес өнімді шығаруға бағытталған инвестициялық жобаларды сапалы іріктеуді қамтамасыз етуді тапсырамын. Президент келесі бесжылдықта шикізаттық емес өнім басты маңызға ие болу керектігін айтты. Біздің ҚХР-мен "Жібек жолының Экономикалық белдеуі" бойынша уағдаластықтардың орындалуын қатаң бақылауда ұстау қажет", - деді Б. Сағынтаев. Сонымен қатар Премьер-Министр ҚР көліктік инфрақұрылымдардың уақтылы жүзеге асырылуын да тапсырды. "Мемлекет Басшысы "Нұрлы жол" бойынша бөлінген бюджеттік қаражаттардың тиімді әрі уақтылы игерілуін қамтамасыз етуді тапсырды. Сондай-ақ біздің барлық инфрақұрылымдық жобаларымыз бойынша жұмысты жалғастыру қажет. Инвестициялар және даму министрлігіне, Ұлттық экономика министрлігіне әкімдермен бірге еліміздің инфрақұрылымдық жобаларын жүзеге асыруды жылдамдату бойынша шараларды қабылдауды тапсырамын. Аймақ әкімдері бөлінген қаражаттың дер кезінде әрі тиімді игерілуін қамтамасыз етсін", - деді ол.