"Күніне 7 мың адам жұқтырады": Министрлік коронавирустың шарықтау шегі қашан болатынын болжады
"Күніне 7 мың адам жұқтырады": Министрлік коронавирустың шарықтау шегі қашан болатынын болжады
Коронавирустың шарықтау шегі наурыз айының соңында болуы мүмкін. Бұл туралы Үкіметтің онлайн отырысында Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой мәлімдеді.
"Министрліктің болжау жөніндегі жұмыс тобы қолданыстағы шектеу шараларын, оның ішінде маска режимі мен әлеуметтік арақашықтықты сақтаған жағдайда және күтілетін вакцинацияны есепке ала отырып, 2021 жылдың соңына дейін эпидемиологиялық ахуалдың даму болжамын құрды. Аурудың шарықтау шегі наурыз айының соңында тіркелуі мүмкін", - деді министр.
Ведомство басшысының сөзінше, оптимистік сценарий бойынша тәулігіне 3000-ға дейін ауру жұқтырғандар тіркеледі деген болжам бар. Ал төсек-орын қорының максималды сыйымдылығы 24 мыңға жетуі мүмкін. Бұл сценарийде қатаңдатылған карантиндік шаралар қабылдау жоспарланып отырған жоқ.
Ал нақты және пессимистік сценарийлер бойынша күніне ауырғандар саны 6900-ге, төсек-орын сыйымдылығы - 45000 кереуетке дейін жету ықтималдығы болжанып отыр.
Қазіргі таңда төсек-орын саны 52000-нан аспайтындықтан, денсаулық сақтау жүйесіне және сапалы медициналық көмекке шамадан тыс жүктемені болдырмау үшін қатаңдатылған карантиндік шаралар енгізілуі мүмкін дейді министр.
Еске сала кетейін, бұдан бұрын Алексей Цой Қазақстанда коронавирусқа қарсы вакцинаны егу жұмыстары 1 ақпаннан басталатынын айтқан еді.