Жаңалықтар

Қазақстанда Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі құрылды

ашық дереккөзі

Қазақстанда Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі құрылды

Қазақстанда Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі пайда болды, - деп хабарлайды Ақорда. Қазақстан Республикасы Конституциясының 44-бабының 3-тармақшасына сәйкес мемлекеттік басқару жүйесін жаңғырту және оның тиімділігін арттыру мақсатында қаулы етемін: 1. Қазақстан Республикасының Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі, оған: Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігінен – діни бірлестіктермен өзара іс-қимыл, діни сенім бостандығына азаматтардың құқықтарын қамтамасыз ету, сондай-ақ мемлекет пен азаматтық сектордың өзара іс-қимылы салаларындағы; Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінен – жастар саясаты саласындағы функциялары мен өкілеттіктері беріле отырып, құрылсын. 2. Қазақстан Республикасының Үкіметі: 1) Қазақстан Республикасының Президенті Әкімшілігімен келісу бойынша қайта ұйымдастырылатын және құрылған мемлекеттік органдардың штат санын қайта бөлуді; 2) осы Жарлықтан туындайтын өзге де шаралар қабылдауды қамтамасыз етсін. 3. "Қазақстан Республикасы Үкіметінің құрылымы туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 1999 жылғы 22 қаңтардағы № 6 Жарлығына мынадай толықтыру енгізілсін: 1-тармақта: "Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі;" деген жолдан кейін мынадай мазмұндағы жолмен толықтырылсын: "Қазақстан Республикасының Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі;". 4. Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жүктелсін. 5. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі. Жаңа министрлік басшылығына Нұрлан Ермекбаев тағайындалды.