Дариға Назарбаева Сенат депутаты болып тағайындалды
Дариға Назарбаева Сенат депутаты болып тағайындалды
Дариға Назарбаева Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты болып тағайындалды, - деп хабарлайды Ақорда.
Дариға Назарбаева 1963 жылы 7 мамырда дүниеге келген. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен қызы. 2012 жылдың қаңтар айында депутат қызметіне келді. 2014 жылдың сәуір айынан бастап Мәжілістің вице-спикері қызметін атқарды. Ал қыркүйек айынан бастап ҚР премьер-министрінің орынбасары қызметінде болды.
Ал Иманғали Тасмағамбетов ҚР премьер-министрінің орынбасары болып тағайындалды.
Иманғали Тасмағамбетов ҚР Президентінің көмекшісі, ҚР премьер-министрінің орынбасары, Мәдениет және білім министрі қызметтерінде болды. 1999 жылдан бастап Атырау облысының әкімі болды. 2002 жылдан бастап ҚР Премьер-министрі болды. Ал 2004 жылы ҚР Президенті әкімшілігінің басшысы болып тағайындалса, 2004 жылдың желтоқсан айынан бастап 2008 жылдың сәуір айына дейін Алматы қаласының әкімі болды. 2008 жылдың сәуір айынан 2014 жылдың қазан айына дейін Астана қаласының әкімі қызметін атқарды.
2014 жылдың қазан айынан бастап ҚР Қорғаныс министрі қызметінде болды.
Айта кетейік, Иманғали Тасмағамбетов биыл желтоқсан айында 60 жасқа толады. Оның үш баласы бар.
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Иманғали Тасмағамбетовты жаңа қызметке тағайындауына қатысты пікір білдірді.
"Иманғали Нұрғалиұлы Тасмағамбетов менің айтқан тапсырмаларымды жақсы орындады. Менің жарлығым бойынша премьер-министрдің орынбасары қызметіне келді. Ол осы қызметте де әділ болатынына және берілген тапсырмаларды толықтай орындайтынына сенемін. Иманғали Тасмағамбетовқа министрлікте атқарған жұмысы үшін алғыс айтамын, тек сәттілік тілеймін", - деді Нұрсұлтан Назарбаев.